• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Маусым, 2017

Альбо пайымындағы Астана

226 рет
көрсетілді

Франк Альбо Ұлыбританияның әлемге әйгілі Кембридж университетінде байырғы Таяу Шығыс тілдері мен тарих мамандықтарын қатар игеріп, сол жоғары оқу орнында архитектура тарихы бойынша докторлық диссертация қорғаған.

Бүгінде ол – білікті маман ретінде, Канаданың мемлекеттік Виннипег университетінің профессоры ғана емес, сонымен қатар, өзінің кәсіби мамандығын үзбей ұштап, үнемі тереңдетіп келе жатқан әлемге танымал ғалым. Ашық ақпарат көздерінен байқалып отырғандай, Франк Альбоның қаламынан туған «Герметикалық код» («Hermetic Code») атты монографиясы, ғылыми құндылығы жағынан, санаулылардың санатына қосылған зерттеу жұмысы екені көзге ұрып тұр.

Енді міне, таяуда ғана айтулы ғалымның «Астана: Архитектура. Миф және Тағдыр» («Astana: Architecture. Myth & Destiny») атты және бір салиқалы  туындысы жарық көрді. Ғылыми таным тұрғысынан тағылымы терең әрі үлкен тиражбен шығарылған бұл монографияның алғашқы басылымы канадалық оқырмандар сеніміне бірден ие болып,  демде сатылып кеткен. 

Айтса айтқандай-ақ, автордың жаңа кітабында сәулеті мен дәулеті жарасқан Астананың, алғашқы қазығы қағылған сәттен бастап, бүгінге дейін екпінді өрістеп келе жатқан дизайнерлік, сондай-ақ, архитектуралық ерекшеліктері ғана емес, сонымен қатар, жасампаз қала келбетіндегі байырғы символдар мен мифологиялық параллельдердің де кереметтей үйлесім тапқаны өте нанымды баяндалған. Автор әлгі шендестірулердің бүге-шігесін сараптап қана қоймай, оларды зерделеу барысында өзі түйген тұшымды да терең пікірлерін нақты фотографиялық дәйектермен өте шебер дәлелдеп отырады.

Тума талант иесі, профессор Франк Альбоның жаңа туындысының Астанадағы алғашқы   таныстырылымы маусым айының бірінші онкүндігінен бастап, күллі әлем назарын өзіне тартып алған жаһандық ЭКСПО-2017 көрмеcінің кезінде де, сол сияқты әлгі ірі шараның аясында өткен Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде де ұйымдастырылды. Бұл  шаралар туралы қысқа да нұсқа танымдық хабарлармен еліміздің орталық ақпарат құралдары, оның ішінде, телеарналар да бар, оқырман мен көрермен қауымды дер кезінде құлақтандырып үлгерді. 

Оқырман ретінде жаңа кітаптың ішкі мазмұнымен сәл ертерек танысуыма Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және өкілетті елшісі Константин Жигалов себепші болды. Шындығын айту керек, бұрын атын да білмейтін бейтаныс ғалым туралы елші сырттай мәлім еткен кезде, планетаның сонау қиыр солтүстігінде жатқан алып Канаданың айтулы ғалымы елордамыз Астана туралы қалам тартып жүргеніне ішім жылып қалғанын жасырмаймын.  Франк Альбоға бірден интернет арқылы хабарласып, сұхбаттаса кеткенде, оның ашық-жарқын азамат екені анық байқалды. Сосын, канадалық қаламгер мақсат-мүдделерінің мән-жайын қысқаша түсіндіріп қана қоймай, жобадағы кітабының кейбір фрагменттерін маған алдын ала салып жіберген-ді. Енді міне, халықаралық көрме барысында оқырман қауымға аталмыш шығарманың ағылшын тіліндегі толық нұсқасы да  таныстырылды.

Салмақты ғылыми туындымен жете таныса келе, әлемдік архитектура тари­хының білікті маманы Франк Альбо­ның Қазақстан мен Астананы бекер таң­дамағанына тәнті боласың. Жаңа кітапта кез келген оқырманды қызықтырып қана қоймай, таңдандыратын дүниелер де жеткілікті. Біріншіден, аталмыш монографиясын жазу үшін канадалық ғалым Қазақстанға бірнеше мәрте келіп, тек Астана ғана емес, еліміздің байырғы тарихы туралы да арнайы зерттеулер жүргізіпті. Алматы облысындағы Тамғалының сырын зерделеп, ондағы жартас беттеріне салынған көне петроглифтер мен Канаданың Манитоба провинциясы аумағында ескі дәуірлерде өмір сүрген байырғы «үндістердің» жартастарға таңбалаған өнер туындыларының арасындағы ғажап ұқсастықтарды байқап, таңданғанын жасырмайды.

Екіншіден, Франк Альбо  Қарағанды облысы аумағындағы көне дәуірде тұрғызылған пирамида қирандысының ап-айқын бейнесі мен Қостанай облысы аумағындағы жер бетіне ойып салынған сирек геоглифтің, нақтырақ айтқанда, қазақстандық азаматтардың өздері де біле бермейтін, ерекше свастиканың түрлі-түсті фотографияларын іздеп тауып, оны да өз туындысының өзегіне әдемі өре білген. 

Үшіншіден, әлемдік архитектура тарихын зерттеуші ғалымның назарынан Астана қаласының алғашқы Бас жос­пары­ның авторы Кисе Курокава да, қала архитектурасына үлкен үлесін қос­қан өзге тұлғалар да, ғарыштан  түсі­ріл­ген Астананың бейнесі де, елорда жүрегіндегі «Бәйтерек» мұнарасы (бұл сөздің алтайлықтарда сақталған байырғы мағынасы – киелі терек) да, халық арасында «Ақорда» атанып кеткен Президент резиденциясы мен британдық атақты архитектор Норман Фостер жобалаған «Хан Шатыр» мен бұл күнде жер шарының әр тарабындағы барша этностар мен әлемдік және дәстүрлі дін өкілдеріне дос құшағын ашатын «Бейбітшілік пен келісім сарайы» – Пирамида және Президент кітапханасы да; «Қазақ Елі» монументі мен «Отан-Ана» мемориалы, «Қазақстан» Орталық концерт залы, «Астана Опера» театры, сондай-ақ, елордадағы заманауи Ұлттық музей мен сол алып ғимараттың қарсы алдына орнатылған субұрқақты ғажайып мифологиялық «Берел монуметін» де, тіпті, елордада күні кеше ғана ашылған (әлемге әйгілі архитекторлар Адриан Смит пен Гордон Джиллдің (Adrian Smith+Gordon Gill) 2013 жылғы жобасы бойынша сомдалған жаһандық ЭКСПО-2017 көрмесінің таңдай қақтырар сәулетті кешендері секілді ондаған айтулы ғимараттар легі ғана емес, сонымен қатар, еліміздің әртүрлі географиялық аймақтарында киелі саналатын әрі сұлу көркімен жанарды жаулап алатын географиялық нысандар: Алматы облысындағы Хантәңірі, Үш Қоңыр алқабы, Тамғалы петроглифтері, б.з. 150 жыл бұрын асыл тастармен көмкеріліп, алтынмен апталған әйгілі жәдігер – «Қарғалы диадемасы», Алматы маңындағы Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуіріне тән сақ обасынан табылған әрі Қазақ елі егемендігінің символына айналған «Алтын адам»; Оңтүстік Қазақстандағы атақты Ақсу шатқалы; Орталық Қазақстандағы «Теректі Әулие» петроглифтері; Маңғыстау өңіріндегі жерасты «Сұлтан Ере» мешіті; Сырдария бойындағы «Қорқыт Ата» монументі; Кеңестік дәуірдің жасанды экологиялық алапат апатының салдарынан суы тартылып қалған Арал теңізінің құм арнасында қайрандап, қаңырап тұрған балықшы кемелерінің қаңыраған қаңқалары, 1953 жылы Семей полигонында келмеске кеткен Кеңес Одағы жарған алғашқы термоядролық тажал сынақ кезінде пайда болған алапат-жойқын будақ-бұлтының сұрапыл бейнесі де, киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де тыс қалмаған.

Төртіншіден, зерделі ғалым, Франк Альбо экономикалық және саяси жаңғырудың өзегіне рухани жаңғыруды іргетас етіп өрген, 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің санатына қосылып қана қоймай, Мәңгі ел болуды да нысанаға алған Ұлы Дала елінің әлемдік геосаясаттағы шешуші рөліне де айрықша мән береді. Бұл туралы өзінің тұшымды пікірін көреген  ғалым терең түйсініп, түйіндейді. Ғалымның пікірінше,  Қазақстанның маңдайына әлем бейбітшілігінің жаршысы және тұрақтылығының орталығы болумен қатар, заманауи өзгерістерге икемді қабілеттілік пен планета қауіпсіздігінің іргетасы болу да жазылған.

Бесіншіден, аталмыш кітаптың авторы әлемдегі адами, мәдени және діни құндылықтардың бір-бірімен тығыз байланысты екенін де паш етеді. Сосын, өз шығармасының тек  Қазақстанның сәулетті жаңа астанасы мен күннен-күнге нығайып келе жатқан жаңа мемлекеттің символдық баяны ғана емес, әлем архитектурасының бейбіт келешегінің де жол картасы екеніне де автор титтей күмән келтірмейді.

Алтыншыдан, кітаптың соңғы нүктесін де Франк Альбо үлкен сенім­ділік­пен түйіндейді. Ол Қазақстанның байсал­ды лидер ретінде әлем тұрақты­лығы мен өркендеуіне аса қажетті үш бағытты берік ұстанып отырғанын, атап айтқанда, діни экстремизммен күреске, ядролық қаруларды таратпауға және күллі әлемде экологиялық тұрақтылықты сақтауға үлкен басымдық беріп отырған жалғыз мемлекет екенін ашып айтады. Ғалым, сонымен қатар, әлгі аталған тақырыптардың үшеуі де Астананың болашақта міндетті түрде жеміс беретін іргетас мифтерінен тамыр алатынын және олардың бәрінің де Президент Назарбаевтың басымдық беріп отырған мультикультурализм, этносаралық үйлесім және дінаралық татулық секілді азаматтық жаңа қоғамның негізін қалайтын қағидаларымен өзектес екенін үлкен сенімділікпен паш етеді.

Әділ Ахметов,  Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері