Ой толғанысқа толы кітапты оқу, санаға сіңіру келелі рухани мектептен өтумен бірдей. Бұл кітаптағы ой-толғаныс сені бүкпесіз шындыққа толы кеңістікке жетелейді. Сенің бойыңнан желдей жылдам уақытқа төзіп берер аса қуатты күшті талап етеді. Уақыт пен кеңістікті бірдей қамтып игере алған кітаптар ғана аса құнды шығармалардың санатына қосылмақ. «Ақыл-парасат кітабы» ой айдыны терең кітаптардың қатарынан. Бұл кітап адам тағдыры туралы көркем шығарма емес, тізбектеліп түскен адам ойының бұлқынысына бағышталған ой әлемі. Адам ойының күздің тұманды кешіндей күйзелген, әлде енді ғана сәуле шашқан таңғы нұрдай жарқыраған бейне суреті. Дұрысы, адам ойының суреті. Жанды сурет. Күрсіндірер, күлдірер, күйзелтер, там- сандырар суреттерге толы толғанысты сөз әлемі. «Ақыл-парасат кітабын» адам ақылынан адасуға шақ қалған ХХІ ғасырда ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласында дербес мемлекеттің қабырғасын қалаған, қазақтың ойшыл саясаткері, әскери қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ала таңнан қара бұйра түнге дейін дамылсыз ойға бөккен тірлік қамалының, «қара терді төккен, қызыл қанды жүгірткен» рухани тыныс тіршілігі деп білген дұрыс. «Ақыл-парасат кітабы» ерен тұлғаның қара басының қамын емес, туған елінің бақытын аңсаған толассыз ой керуені. Ал дәл осындай аласапыран заманда, қиямет толғаныстармен жанды қинау, Алла тағала таңдаған тұлға ғана бекінер тәуекел. Сол тәуекелден тартынбауды Нұрсұлтан Назарбаев хош көріпті. Ықылым замандардан бері ата-бабаларымыздың көңілі сенгені де, жаны қалағаны да тәуекел тірлік болған. Елбасы сол тынымсыз жолды таңдапты. Сананы сандалтар ойларды бір жүйеге жию қанша қиын болса, ой толғанысқа толы кітап туралы ой айту онан да өткен қиямет, асылы азап десем болар. Әуелі кітап сөзіне жол берейік. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, Ол — тәуелсіз Қазақстан. * * * Отаны жоқ адам — тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты. * * * Отаншыл болу — өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа риясыз сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ Отаныңның тарихын, ана тіліңді, шыққан тегіңді білмей нағыз отаншыл бола алмайсың. * * * Менде туған елімді дамыған елдердің санатына қосудан асқан мақсат жоқ. Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлттың өзіне деген нық сенімі болуы қажет. Нұрсұлтан Назарбаев халқының сан-салалы тірлік аясын жіті зерделейді. Перзенті ретінде де, Президенті ретінде де халқының бүгіні мен ертеңін қатар өрбітіп, өткенін жинақтап, толықтырып отыруды азаматтық салты қылып ұстанған. Бұл ірі тұлғалар ғана бекінер тастүлек мінез. Елбасының ой аясы қашанда кең, қашанда терең болуы керек екенін осы кітап растап бергендей. Қазақстан Республикасының Президенті халқының өткен қанқұйлы тарихын да, сөздері халыққа толық жетпей қалған әулиелері мен хандарының өксікті өмірлерін де жақсы біледі. Сонан да көне замандағы көне бабаларымыздай Нұрсұлтан Назарбаевтың ісі – сөз, сөзі – іс болып қалыптасқан. Ол туралы Президент былай деп ой кеседі: «Мен ешқашан қолдан келмейтін іске уәде берген емеспін, ал уәде берген екем орындап болғанша жаным тыным көрмеген». Бұл жауапты адамның жауапты сөзі. Елбасы солқылдақ болса, елі қандай болмақ?!. Елбасына мәрттік пен өжеттік, ақыл мен парасат жарасады. «Қазақфильмде» сөйлеген бір сөзінде «Бізге өжет ұлдар қажет. Соларды тәрбиелеу керек», — деп айтқан сөзінде арман тұрған. Президенттің көзінде от жарқ етіп еді. Теледидардан көрген сол бір сәтті мен ешқашан ұмытпаймын. Елбасына деген сенім мен құрмет менің жүрегімде сол сәтте тағы бір бұлқына соққан болатын. Өмірдегі ақыл-парасаты, саясаттағы әдіс-амалы, басына біткен кісілік мінезі Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдегі ең салиқалы саясаткерлердің қатарына қосты. Туа біткен мәрт мінез, ерекше байқампаздық Елбасының адамдық келбетін айқындай түскен. Әлемнің қай басшысы болса да, Қазақстан Республикасы Президентінің сырға толы бет-жүзін, байыптап айтар кемел ойын, қашанда ашық пікірталасқа атойлап шығар жанкештілігін ерекше құрметтейді. Президенттің адамгершілігіне, көңілінің ақтығы мен ашықтығына күмән келтірмейді. Елбасының өзі де ешкімді алаламай, барлығына бірдей таза ықыласпен, шын пейілмен беріле сырласатынын қай-қайсы да жақсы біледі. Қазақ елінде ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) өткен тұста Қазақ елі басшысының көсемдік тұлғасы ерекше бой көтерді. Жалпы келісімге әлем басшылары таңғы төртте ғана қол жеткізгеніне бәріміз де куә болдық. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, табандылығының, кемеңгерлігінің талассыз биіктігі болатын. Алып Қытай мен қару-жарағын сайлап қайтадан империя құруды аңсаған Ресей ортасында сынадай еніп сіресіп жатқан Дешті Қыпшақ даласының өз ойы, өз арманы, өз тіршілік аясы бар екеніне өзгенің көзін жеткізді. Бес құрылықтың халқындай, қазақ халқының қаны да қызыл, жаны да таза, ойы да ашық, тілеуі де анық екенін мойындатты. Президент Назарбаев дәл сол жолы өз халқының мейірбан жанын әлем алдына жайып салды. «Ақыл-парасат кітабының» басты ерекшелігі келісті сөз құдыретінде. Осыған орай көне Шығыс ғұламаларының бірі айтқан сөз ойға оралды. «Кәміл ақыл тұрғысынан зерделеп қарағанымда сөзден асыл, сөзден асқақ ешнәрсе таба алмадым. Сөзден артық күш болғанда, Алла тағала оны Пайғамбарына білдірген болар еді» — деген. Ат тұяғынан жаратылған қазақ үшін сөзден қуатты, сөзден асыл ештеңе жоқ. Бабаларымыз жығылғанды сөзбен көтерген, жылағанды сөзбен жұбатқан, дұшпанды сөзбен тоқтатқан. Жастайынан тамыры тереңде жатқан түгесілмейтін қазақ ойының қазанынан сусындаған қазақтың дара ұлы Нұрсұлтан Назарбаев сөзді түстеп те, салмақтап та, астарлап та біледі. Сөз қасиетін таныған адамның ары да, жігері де, намысы да таза болатыны белгілі. Уақыт пен кеңістік сынынан қара үзіп дара шығар жандары ақиқатқа суарылған санаулы тұлғалар бар. Сол санаулылар қатарына «Ақыл-парасат кітабының» авторы да еркін енетініне сенімдімін. Қазақтың ұлы болсаң, қазағыңа жаның ашыса, қазақтық намысың болса, қазақтың дүние жалғандағы жалғыз мемлекетінің өсу, көркею, нығаю жолында жаныңды сығып, қара теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де иесі, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!. * * * Дауы таусылмас елдің жауы да таусылмайды. * * * Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады. * * * Кезінде уақыт құзырында ескерілмей, ұмытылып қалған қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің Перзенттік те, Президенттік те парызым! * * * ...Отандастарымнан бөлек уайымым да, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені болса да елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат кітабындағы» өрім-өрім осындай ойлар ақыл мен парасаттылықтың асқақтығын аңғартады. Дәл осы тұста менің жүрегімде атойлап тағы бір-ақ тілеу тулады. «Жылдар мен ойлар» – Елбасының соңғы он-он бес жылдағы сөйлеген сөздерінен сұрыпталып алынған кемел ойлар тізбегі. Махмұт Қасымбеков пен қызметтес жігіттері сол ойларды бір жүйеге түсірген. Уақыт құзырында ой тізбегі де толыса беретіні хақ. Бүгінгі күні XX-XXI ғасырлардың Ел иелері болған Рузвельттің, Черчилльдің, Фидель Кастроның, Клинтонның кітаптарымен әлем танысып жатыр. Қазақ халқының тыныс-тіршілігі Елбасының көз алдында өткен, өте де береді. Өз өмірі туралы Елбасы кітап жазса, ол өлмейтін кітаптардың қатарында тұратынына сенімдімін. Тағдыр Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыр жүк жүктеді; бір халықтың емес, қазақ елін жайлаған жүзден аса халықтардың тағдыры таразы басына түсті. Осындай алып жауапкершілікті көтеріп кетуге Алла тағала оған терең ой, өмірлік бай тәжірибе, жан дүниесінің тоқтаусыз тебіреністе тұруын сыйлаған.
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ, жазушы