Солардың ішінде қазақ тіліне көрікті де жарасымды мыңдаған терминдік атаулар, балама сөздер енгізген үздік аудармашы, білімдар, зейін-зерде айнасы өзгеше Ісләм Жарылғапов (1917-1991 ж.) лекциясы болатын. Ол сөз тарихын, төркінін, сымбатшылығын, қолдану мәнісін терең талғампаздықпен, асқан тапқырлықпен, яғни логикалық, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан нақ-нағымен, тақта-тақтасымен бажайлап байыптайтын. Және де ұлттық сана, ұлттық тіл, ұлттық ғылым тәрізді бір-бірімен сабақтас, рухтас ұғымдардың сырын терең түсінген ол алуан тілдегі сөздіктердің астарын ақтарып, әрбір сөз-ұғымның, терминдік атаудың жұмбақ құпиясына шұқшиып, көзін жеткізген соң ғана белгілі бір түйін, тұжырым жасайтын. Сөз зергерінің:
«Арман көп тоймаймын, Толғанбай қоймаймын. Тілімнің, елімнің Тірлігін ойлаймын. Абайдың өзіндей, Сәкеннің жүзіндей, Мұхтардың сөзіндей, Ана тілі аман бол, Анамның көзіндей», – деген раушан тілегі ұлт тіліне деген тап-таза, мөп-мөлдір шынайы махаббатын әрі ой-парасатын жарқын түрде сипаттайды.
Дархан дарынның түйдек-түйдек ой-толғаныстарынан, білгір танымынан туған мынадай мағыналы сөздерін еске түсірейік: ғарыш (космос), ғарышкер (космонавт), дүниетаным (мировоззрение), суреткер (художник), өркениет (цивилизация), басылым (издание), көрермен (зритель), қойылым (постановка), баспагер (издатель), қаламгер (мастер пера), оқырман (читатель), өнержай (дом творчества). Немесе әдеби тілімізге әбден сіңісті болып кеткен балмұздақ, аялдама, ғаламшар тәрізді көркем сипатты, затты сөздері қаншама!
Жазушы Сафуан Шаймерденов «Ісләм туындатқан сөздер», «Сүзгіш жазушы» дейтін байыптамаларында Ісләм Жарылғапов өнернамасын, шеберлік сабақтарын әсерлі баяндаған. Негізінде, Ісләм аға Жарылғапов көкейіндегісін, жүрек қазынасын қызғанбайтын, ықылас танытсаң айтуға, түсіндіруге әсте жалықпайтын, уақытын да аямайтын ақпейіл мырза жан еді. Сөздің мәнісін жыға түсініп, дұрыс қолдануға бағыттайтын.
Сөз өнері дегеніміз – ғажайып бір қасиетті әлем. Оның мағнауи, ғибраттық, суреттілік, өрнектілік, мазмұндық, қанаттылық, сыршылдық, өсиеттік, поэзиялық қырлары өлшеусіз. Сондықтан да сөз тамыршысы болу, тану, саралау – Ісләм Жарылғаповқа бұйырған тағдырдың нәсіп-кәсібі. Бұл орайда ғажапстан (страна чудес), бағыстан (страна счастья), ғарышстан (страна космоса) дейтін сөздер сұлулық пен тапқырлыққа бөленген.
Ісләм Жарылғаповтың шығармашылық өмірбаяны хақында кесек еңбек жазған журналист, жазушы Өтеш Қырғызбайдың көрсетуінше, ол қазақ әдеби тілінің үйіріне мыңдаған сөздерді сәтімен қосқан. «Римді – Рум, Грецияны – Грекия деп жазу дұрыс» дейтін. Және «ов» турасында айтқанда, менің фамилиямда «ов» жоқ қой, «Жарылғапұф» деп жазатын.
Бір сөзбен айтқанда, Ісләм Жарылғапов – жазу мәдениетіне, сөйлеу шеберлігіне мейлінше ыждағатпен мән беріп, қазақ тілінің сөздік қорын қорландырып байытқан өнерпаз. Бұл ретте оны әмбебап оқымысты-филолог деуге толық хақымыз бар. Ол жапон тілін де жақсы білген-ді. Өз заманының атақты адамдарымен де сыйлас, сырлас болған-ды. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан, Сәкен Сейфуллиннің сұлу жаратылысын сүйсіне әңгімелейтін. Жеке кітапханасы өте бай еді. Көңілді сәттерде: «Абай оқыған Дрепердің «Еуропаның есею тарихы» атты философиялық еңбегі менің қолымда» дейтін-ді.
Задында, сөз туындатушы Ісләм Жарылғаповтың қазақ тіліне қосқан толағай жаңалықтары, шамшырақтай ой-сөз жемістері «Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз» деп Абай айтқандай, жаңаша таным, жаңаша пайым тұрғысынан ғажайып сыр-сипаттарымен жарқырай бермек. Оның тәржімашылық дарыны мен тәжірибесі, әсіресе, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша қазақ тілінде 100 жаңа үздік оқулық жасау мен ұлттық аударма ісінде айрықша серпін дарытары сөзсіз.
Негізінде, ұлттық төлтума терминдерді салиқалылықпен туындату және халықаралық терминдерді орынды қолдану – сарабдал білімдарлықты, тілге деген сезімталдықты қажет етеді.
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері