Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бизнес өкілдерінің де атсалысуы қажеттігін ерекше атап өткен еді. Осыған орай жақында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы, Новоишимка елді мекенінде құны 6 миллион теңгені құраған жаңа жабық футбол стадионын салып, пайдалануға берді.
Стадионда заманауи көгал жамылғысы төселген. Сонымен қатар, жас жеткіншектер теңбіл допты армансыз күндіз-түні тебуі үшін онда жиырма төрт сағаттық арнайы жарық беру қондырғысы да орнатылды. Корпорацияның басқарма төрағасы Бейбітхан Қабдырахмановтың айтуы бойынша, бұл олардың Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қолға алған алғашқы жұмысы, болашақта аталмыш елді мекенде стадионға іргелес мұз айдыны кешенін салу жоспарлануда.
«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ сонау 1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Мемлекеттік азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ретінде құрылған еді. Ал 1997 жылы осы корпорация акционерлік қоғамға айналғаны белгілі. Содан бері мүшел жасты өткерген корпорация он төрт жасқа толып, даму үрдісінің бір белесінен асты. Корпорация ел экономикасының негізгі салаларындағы өзекті стратегиялық мемлекеттік мәселелерді шешетін он екі акционерлік қоғамның қатарына қосылды. Корпорация бидайдың мемлекеттік қорын жасақтап, жаңартып қана қоймай, оны шетелге экспорттаумен айналысады.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы соңғы он жылда түбегейлі өзгеріп, жаңа серпін алды. Еліміздің экономикасы ілгері жылжып, халық тұрмысы түзелді. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ сияқты корпорациялардың осылайша дамуы, ең алдымен мемлекеттің өркендеуінің көрсеткіші болып табылады.
Гете айтқанындай, ең үздік үкімет – азаматтарды өзін-өзі басқаруға үйрететін үкімет. Бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты болмақ. Міне, сондықтан да ел саясатының шынайылылығы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жоспарланып, атқарылып жатқан істер үлгісінде анық көрініс табуда.
Тәуелсіздік мерейтойы мемлекет тарихындағы жарқын оқиға болмақ. Себебі, ол – тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолымыздың қорытындысы. Сондықтан да Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты «Бейбітшілік пен жасампаздықтың жиырма жылдығы» Жалпыұлттық жоспары жасалып, басты басымдықтар айқындалды. Мерейтойды лайықты өткізуге өз үлесін қосу әркімнің азаматтық парызы деп санайтын Елбасы Үкіметке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-пен бірлесіп қазақстандық компаниялар тарапынан мерейтойды лайықты деңгейде өткізуге атсалысып, демеушілік қолдау көрсету мәселесін пысықтауды тапсырды.
Ендеше, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ жоспарлап, ауыл жастарының бұқаралық спортпен айналысуына тарту еткен жабық футбол стадионы да сөзсіз елдік мүддеден туған іс.
Жазира БАЙДАЛЫ.