Әлемдегі астықты экспортқа шығаратын алдыңғы қатарлы он мемлекеттің санатындағы Қазақстан мен Германияның, оның ішінде ауылшаруашылық техникаларын шығаратын неміс компанияларының арасындағы әріптестік байланыс көп жылдардан бері тиімді жалғасын табуда. Бүгінде әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие «Клаас», «Лемкен», тағы басқа маркалы техникаларды көптеп кездестіруге болады. Елімізде ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын германиялық 15 фирма жұмыс істейді. Олардың өкілдіктері Ақмола облысында да ашылған.
2010 жылы Германия және Қазақстан ауыл шаруашылығы министрліктерінің мемлекетаралық келісім-шарттарына сәйкес республикамызда неміс аграрлық орталығын құру жөнінде шешім қабылданған еді. Астықты Зеренді ауданында өткен «Алқап күнінде» осы орталықтың тұсаукесері болды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман, Германияның Азық-түлік және тұтынушылар құқығын қорғау министрлігінің мемлекеттік хатшысы Петер Блезер, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров, солтүстік өңірдегі жетекші астық шаруашылықтарының басшылары, ғалымдар қатысты.
Мемлекеттік хатшы мен жауапты хатшы екі ел арасындағы дәстүрлі байланыстар уақыт талабындағы күрделі міндеттерді шешуге оң ықпал жасайтындығын атап көрсетті. Германиялық белді фирмалардың мамандары жаңа техникалар мен технологиялардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, егіншілік мәдениетін көтеру және заманалық ауыл шаруашылығы стратегиясын қалыптастырудағы орнына кеңінен тоқталды. Жаңа құрылған халықаралық орталыққа жүктелер міндеттер туралы аталған жобаны жүзеге асырушы Хойенхайм Батыс Еуропа университетінің директоры доктор Хайн Шюллер арнайы баяндама жасады.
Салтанатты шараға қатысушылар Зеренді ауданының егістік алқаптарындағы, дала қырмандары мен элеваторлардағы қарбалас жұмыс барысымен танысты.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.