Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақыт Сыздықова мен Жақып Асанов Астана қаласындағы екінші Қазақстан-Германия форумына келген жастар делегациясын қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Айта кету керек, меймандардың ішінде коммерциялық емес ұйымдардың жастармен және әлеуметтік мәселелер саласы және оны зерделеу жұмыстары жөніндегі халықаралық федерацияның, Техникалық көмек беру федералдық агенттігінің, Отбасы, қартайған адамдар, әйелдер мен жастар ісі жөніндегі федералдық министрлігінің, бірқатар германиялық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды.
Депутаттар меймандарға Қазақстан туралы, ел Парламентінің құрылымы жайлы жан-жақты әңгімелеп берді. Еліміздегі гендерлік саясат жөнінде де сөз болды. Негізгі тақырып жастар саясаты төңірегінде өрбіді. Бақыт Сыздықова өзі жетекшілік ететін «Жастар Парламенті», оның атқарып отырған қызметі туралы баяндап өтті. Жастар саясатын заңнамалық қамтамасыз ету туралы сөз қозғалғанда Мәжіліс депутаттары бүгінгі таңда жастардың мәселесін шешуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады.
Пікір алмасу түрінде өткен кездесуде үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі жайлы әңгіме болды. Депутат Жақып Асанов өз сөзінде аталған саланы дамытуға бағытталған заңды жетілдірудің нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы ҮЕҰ-ны бюджеттен қаржыландыру соңғы жылдары он есе өскенін тілге тиек етті. Тараптар Қазақстан-Германия арасындағы қарым-қатынасты, оның ішінде жастар саясатына қатысты тәжірибе алмасуды және парламентаралық байланысты дамыту қажеттігін айтты.
Германиядан келген меймандар Мәжіліс үйін аралап көріп, суретке түсті.