• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2011

Мемлекеттік тіл мәселесі ардың ісіне айналып отыр

378 рет
көрсетілді

Кейбіреулер мемлекеттік тілдің жайын айта-айта шаршадық дейтін де шығар-ау. Шаршасақ та, шал­дық­сақ та, біз өгіз өлмесін, арба сынбасынға салынып, бұл мәселені жылы жауып қоя алмаймыз. Содан біреулердің миына құрт түссе де, айта беруіміз, жаза беруіміз, жат­сақ-тұрсақ та, туған тіліміздің жайын ойлауымыз, бір сөзбен айтқанда, күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Өйткені, бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесі аса зор қоғамдық және саяси маңызға ие болып, ардың ісіне айналып отыр. Елбасымыз атап көрсеткендей, «Қазақстанның бола­ша­ғы – қазақ тілінде». Олай болса, еңсесі биік елдер қатарына қо­сылу­ды мұрат тұтқан біздер үшін Ана­ның тілі – жүректің үні, ұлттың ру­хы, абыройы, болмыс-бітімі. Ту­ған тіліміздің өсіп-өніп, өркендей беруі, тамырын терең жайып, мәңгі құла­майтын бәйтерекке айналуы, шын мәнінде, өз тұғырына көте­рі­ліп, қо­ғамымыздан лайықты орнын алуы үшін күресуден асқан міндет жоқ. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде мемлекеттік тілді дамытудың алғышарттары жасалды, оны кезең-кезеңмен дамытудың белгілі бір жүйесі қалыптасты, құлашты кең сермеп қыруар іс тындыруға, туған тілімізді дамытуға қатысты мәселе­лер­ді шығармашылық тұрғыдан шешуге мүмкіндік беретін құқық­тық кеңістік пайда болды. Қазақ тілі­нің мемлекеттік мәртебесі тура­лы конс­титуциялық қағидамыз бар. «Тіл ту­ралы» Заңымыз да бар. Со­ның нәти­же­сінде, қазақ тіліне деген қоғам­ның көзқарасы айтарлықтай өзгеріп, оны дамыту, қолданыс ая­сын кеңей­ту бағытында қыруар істер атқарыл­д­ы, сөйтіп, мемлекеттік тіл өз дамуын­да жаңа сатыға кө­те­ріл­­ді. Оның бәрін баппен, байыппен, қа­сиет­ті қазақ топырағын ежелден өзімізбен бірге мекендеп келе жат­қан басқа ұлттардың алдындағы жауап­кершілігімізді сезіне, «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағиданы ұстана, ара-тұра «шер тар­қата», екі адым ілгері, бір адым кейін шегіне жүріп атқардық. Жал­пақ елге жай да мәлім сол істерді тізбелемей-ақ қояйын, олардың бәрін көзі барлар көріп отыр, сана­сы барлар сезіп отыр. Десек те, бүгінгі таңда туған тілімізді дамытуға қатысты мәселе­лер түбегейлі шешілді деп тоқ­мейілси алмасымыз және анық. Әлі де кезегін күтіп тұрған істер бастан асып жатыр. Бізге мемлекеттік тілді қолдайтын жақсы заңдар керек. Үкімет басшысынан бастап, Үкімет мүшелері мемлекеттік тілге шын жанашыр болып, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз барша қазақстандықтарды бірік­тіру­дің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін қазақ­тар­дың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек», – деген сөздеріне құлақ асып, барлық жиындарды мемлекеттік тілде өткізсе, қандай ғанибет. Әріптестерімді де тарихтың өзін­дей, бабалардың көзіндей, ел бастаған көсемдердің тілі, сөз бас­та­ған шешендердің тілі – қазақ тілін құрметтеуге, сол тілде сөйлеуге шақырамын. Алаштың ардақты ұл­дарының бірі Жүсіпбек Аймауыт­ұлы: «...Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын», деген екен. Бәріміз де қазақ болайық, қазақша сөйлейік. Осы арада ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының: «Алашқа аты шыққан азаматтар! Көсемдік­терің­ді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адас­саңдар, арттарыңнан алаш ада­сады», деген сөздерін еске сал­ғым келеді. Ахаңның осы сөздерін жүре­гі­мізге түйіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, ынты­мақ­пен іске жұмылайық. Өзіміз де адас­пайық, жұртты да адас­тыр­майық. Мен бұл сөздерімнің қалың қа­зақ­тың құлағына жетіп, санасына сіңгенін қалаймын. Халқымыздың сарқылмас қазынасы, ең үлкен игілігі – туған тіліміздің көсегесін көгерту сіз бен біздің қолымызда. Үйде де, түзде де қазақша сөйлейік, бала­лары­мызды, немерелерімізді осыған тәр­бие­лейік, шарасыздыққа салынып, сыл­тау іздемейік. Бір сөз­бен айт­қан­да, туған тіл төңірегіне ұлт болып ұйысайық. Мен буын жерге пышақ ұрып, аспандағыны алып бер деп отырған жоқпын. Соңғы санақтың нәти­же­лері­не жүгінсек, Қазақстан халқы­ның 63,5 пайызын құрайтын қазақ­тар­дың 98,4 пайызы қазақ тілін еркін түсінемін десе, солардың ішінде 93,2 пайызы ана тілімізде оқи аламыз және жаза аламыз деп жауап берген екен. Сол сияқты еліміздегі еуропа­лық ұлттардың бір миллионнан астамы қазақ тілін еркін түсінетін, түркі халықтарының 63 пайызы қа­зақ тілінде оқи әрі жаза алатын көрі­неді. Бұдан қандай ой түюге болады. Бұл бүгін Қазақ­стан Республи­ка­сын­да қандай салада болса да, мемлекеттік тілді еркін қолдануға азаматтар да, қоғам да дайын деген сөз. Елбасымыздың: «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл ретте, ең алдымен, қазақ азамат­тары­ның намысына салмақ салмай болмайды. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс», дегенін ұмытпайық. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.