Бакуде ересектер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Екі жетіден астам уақытқа созылған бокс бәсекесінде әлемнің 113 елінің 570 былғары қолғап шебері Олимпиада лицензиясын сарапқа салып, әлемдік тәж үшін айқасты.
Бұл бәйгеде біздің еліміздің боксшылары екі күміс және екі қола медальға ие болды. Алтын жүлде бұйырмады. Баку бәсекесінің ең шешуші кезеңінде Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов күміспен күптелді. Тағы екі боксшымыз Ғани Жайлауов пен Иван Дычко қола жүлдені қанағат тұтты.
Осы әлем чемпионатында Украина құрамасы ең көп алтын жүлде алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Олардың қоржынына 4 алтын, 1 күміс медаль түсті. Барлығы – 5 жүлде. Украина құрамасында жүлде алған боксшылардың бәрі финалда өнер көрсетті. Соның ішінде Василь Ломаченко, Тарас Шелестюк, Левген Хитров, Олександр Усик алтыннан алқа тағынса, Денис Беренчук күмісті қанағат тұтты.
Биылғы бәсекеде Куба 2 алтын, 1 күміс жүлдеге ие болды. Ал алаң иелері Әзербайжан құрамасы 1 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізді. Осы елдің командасында аса ауыр салмақтағы Магомедрасул Меджидов финалда ағылшын Энтони Джошуадан алтын медальді суырып әкетсе, Теймур Маммадов украин Усиктен таза жеңілді. Әзербайжан боксшысы біздің бұрынғы отандасымыз екен. Өзі оңтүстікте туып, бертінге дейін әке-шешесімен тұрып келіпті. Әкесі – түрік, шешесі – қазақ. Теймур атақонысына осыдан бес жыл бұрын қоныс аударыпты. Содан бері бокспен айналыса бастаған жиеніміз енді, міне, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып отыр.
Баку төрінде Ресей бабында болмады. Бір алтын, екі қола жүлде алды. Құрмет тұғырының биік сатысында көрінген сол баяғы Миша Алоян. Үшінші орынды Егор Мехонцев иеленді. Біз Алоянның ұлты армян десек, ол Бакуде туып, кейін үш жасында Ресейге көшкен күрдтің отбасынан шыққан екен. Осы жағдайды жергілікті жанкүйерлердің көбі білмей, әлем чемпионаты басталғалы бері Алоянға қарсы шыққан боксшылардың бәріне болысқанына куә болған едік.
Қытайдың талантты боксшысы Зоу Шимиң биылғы додада әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Ол финалда болашағынан көп үміт күттіретін тағы бір сары құрлықтың талантты боксшысы, кореялық Жон Шинді ұтты.
Ал біздің екі күміс, екі қола медаль алған Қазақстан боксшыларының биылғы бәсекеде кем дегенде бір алтын медаль иеленуге шамасы жететін еді. Бірақ, тағы да сол өзімізді бұйырған қашпайды, қуған жетпейді, деп жұбатуға тура келіп отыр. Финалда қос боксшымыз Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов жақсы өнер көрсетті. Екеуі де намысқа тырысып, еліміздің әнұраны Баку төрінде шырқалса деген ниетімен бокстасты. Алайда, тағы да сол сәтсіздік дейміз бе, бұйыртпаған алтын жүлде дейміз бе, финалда олардың жолы болмай қойды. Бірақ, Ниязымбетовтің күміс жүлде алғанын үлкен жетістік деп бағалауға болады. Өйткені, бұл – оның алғашқы әлем чемпионаты.
Сәпиев Бакуге үш дүркін әлем чемпионы атанамын деп келіп еді. Онысын ол ешқашан жасырмаған. Финалда украин Шелестюктен жеңілгенде, көзіне жас тығылғанын көрдік. Әлем чемпионаты біткен соң бір рейспен Алматы арқылы Бакуден ұшып келгенімізде бапкер Нұрлан Ақүрпеков мынаны айтты. «Әлем чемпионатында біз алтын жүлде алуымыз керек еді. Барға қанағат. Серік команданың капитаны, қазақтың батыр ұлы. Бакуде күміс алса, енді ол Лондонда алтын алады», деді. «Сөзіңіз періштенің құлағына шалынсын», дейміз.
Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовты да ұшақта кездестіріп, біраз әңгімелесіп қалған едік. Ол былай деді: «Баку бәсекесін Олимпиадаға дайындық деп біліңіздер. Серіктің, Әділбектің алтын алмағанына көп өкінбейік, бізге, ең бастысы, команданың бірлігі керек. Чикагода өткен әлем чемпионатында алтын медаль алған он боксшының екеуі ғана Бейжің Олимпиадасында өзін дәлелдеді. Сондықтан сабыр сақтаған жөн. Еңді барлықтарыңыз көресіздер, бүкіл әлем Украинаға қарсы дайындалады. Ал біз тасадан суырылып шығуымыз керек». Ерекең айтқандай, қазір бізге бастысы командалық рух, бірлік керек.
Алда Астанада өтетін тағы бір лицензиялық турнир бар. Сол кезде Айтжановтың командасындағы боксшыларға тағы да Лондон Олимпиадасына лицензия алуға мүмкіндік беріледі. Астана турнирінде бірлігі мығым бас бапкер Мырзағали Айтжановтың құрамының Лондон Олимпиадасына тағы 4 жолдама алатынына сенеміз. Әзірше біздің құрама 6 жолдаманы иеленіп отыр
Дастан КЕНЖАЛИН.
Суретті түсірген Виталий ГАРКУША.
Баку – Астана.