Елімізге келген Германия Федеративтік Республикасының жастар саясатымен айналысатын үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралған делегация мүшелерін Қазақстанның Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов қабылдап, жастар саясатын талқыға салды. Бұлар екінші Қазақстан-Германия жастар форумына қатысушылар болатын.
Алғашқы сөзді алған Бақытжан Жұмағұлов еліміздегі білім беру ісі мен отандық ғылымның жайы, жастар саясаты туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Мемлекетімізде 5 миллионға жуық жастар болса, ол бүкіл халықтың 30 пайызы екенін жеткізді. 2004 жылы жастар саясаты туралы заңның қабылданғанын, оған жақында өзгертулердің жасалғанын тілге тиек етті. Сол жаңа өзгерістер бойынша өңірде жастар саясаты жөніндегі департаменттің құрылатынынан, оған миллиардтан астам теңге бөлініп отырғанынан дәлел-дәйектер келтірді. Сол секілді Елбасының тікелей тапсырмасымен орта білім беру, кәсіптік-техникалық оқыту бойынша да жұмыстардың атқарылып жатқанын, балалардың 100 пайыз мектепке тартылғанын айтып, кәсіптік-техникалық білім беру үш мемлекеттің тәжірибесіне негізделгенін, оның біріншісі германиялық, екіншісі норвегиялық, үшіншісі сингапурлық екенін айтты. Бізге тиімдісі германиялық екенін, өйткені, бұл білім беру үрдісі бойынша 50 пайыз теориялық, 50 пайыз практикалық болатынын атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік жастар құрылымдарын, студенттер алмасу ісін дамыту, жастармен жұмыс істеудің сан қилы бағыттары да назардан тыс қалмады. Болашақта жастар саясаты алкоголизм, шылым шегу, СПИД профилактикасындағы заң бұзушылық әрекеттері бойынша қысқа мерзімді тәжірибе алмасу, семинар, тренингтерді ұйымдастыру жоспарланып отырғаны, алдағы уақытта Германиямен тұрақты серіктес болып қала беру жайы қозғалды. Бір жылдың ішінде екі мемлекет жиырмадан аса ортақ шаралар өткізіп, жүзге тарта жастар қозғалысы өкілдері тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан мен Германияда болып қайтқан екен. Өз кезегінде германиялық делегация мүшелері Қазақстанмен осындай тығыз қарым-қатынасты алдағы уақытта да жалғастыра беретіндіктерін айтты.
Сүлеймен МӘМЕТ.