Адамның өмірге келуі табиғи заңдылық болса, өмірден өтуі де сондай заңдылық. Қазақ руханияты орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Қазақ поэзиясының шоқтығы биік тұлғасы, ақиық ақынынан айырылды.
Егемен еліміздің алғашқы әнұраны авторларының бірі, Қазақстанның халық жазушысы, Бүкіл түркі дүниесі жазушыларының Физули атындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, есімі әрбір қазаққа кеңінен таныс ақын Тұманбай Молдағалиев 76 жасында өмірден озды.
Қазақ поэзиясына 50-жылдардың ортасында нәзік сырлы, ойлы да отты жырларымен келген ақынның елуден астам жыр жинақтары жарық көрді. Шетел классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Елімізге әйгілі композиторлар жазған және халық сүйіп тыңдайтын 500-ден астам әндер мәтінінің авторы болды. Тұманбай Молдағалиев балалар әдебиетіне де сүбелі үлес қосты. Өмірінің соңына дейін қазақ балаларының сүйікті журналы «Балдырғанның» бас редакторы қызметін атқарды. Қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің жарқын бейнесі оқырмандарының жүрегінде мәңгі сақталады.
Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі.