Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жер-жердің бәрінде атқарылып жатқан 20 жарқын іс аясында Абай ауданында да көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Нақтылап айтсақ, осы мерзімде 150-ге жуық игі іс қолға алынып, 200 миллионнан астам теңгенің қаржысы игерілген. Айталық, бір ғана Саржал ауылдық округінде жалпы құны 36 миллионнан астам теңге болатын 17 іс жүзеге асырылыпты. Соның қатарында аталған ауылдың түлегі, самбодан спорт шебері Берік Қанафин осындағы орта мектептің спорт залын күрделі жөндеуден өткізіп қана қоймай, оны спорт құрал жабдықтарымен қамтамасыз етсе, ауылда пайдалануға берілген 400 орындық мәдени демалыс орны да осы азаматтың демеушілігімен қатарға қосылған екен.
Ал есімі елге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстың құрметті азаматы Ғаббас Ибраев болса аудан орталығы Қарауыл ауылындағы Құнанбай қажы мешітін күрделі жөндеу жұмысына 3 миллионнан астам теңге бөлген көрінеді. Мұндай игі шарадан Курчатов қаласындағы «Дегелеңтас» кәсіпорнының басшысы Владимир Ковалев та сырт қалмапты. Оның демеушілігімен Қарауылдағы орталық алаңда Астанадағы «Хан шатыры» іспеттес сахна тұрғызылған. Атымтай жомарт атанған Владимир осы шаруаға деп 5 миллионнан астам қаржы босатыпты.
Қарауылдағы тағы бір жаңалық сол, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мұнда ұзақ жылдан бері иесіз қалған «Арман» кинотеатры «Жастар үйі» болып қайта ашылды. Енді мұнда аудан жастарының өнермен шұғылданып, көңілді демалуына барынша жағдай жасалған.
Мұндай жақсы жаңалықтар ақын Көкбай ауылынан да көптеп естіле бастады. Айталық, біздің тілші қосынымен жиі хабарласып тұратын газет жанашыры, ауданның ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Жақсылық Екібаев осы ауылда тәулігіне 20-25 ірі қара мен 200 ұсақ мал соятын арнайы мұздатқыш камерамен жабдықталған мал сою алаңы іске қосылғанын айтса, енді Тақыр елді мекеніндегі ақын Көкбайдың кесенесі мен мұражайына құны 5 милллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлаған. Ол, сондай-ақ бұл игі шаруаға ауданның құрметті азаматтары Сайлау Кошкин, Амантай Мұқатаев және Семейде тұратын белгілі кәсіпкер Төлеуғазы Иманғалиев демеушілік жасағанын айта кетуді де ұмытпаған.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы.