Басты міндет – халықтың денсаулығын нығайту Алғашқы мәселе – 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде вице-министр Алексей Цой баяндама жасады. Ол бұл құжат Президенттің Жарлығымен былтыр қаңтар айында бекітілгенін, онда халықтың денсаулығын нығайтуды көздейтін 7 бағыт айқындалғанын атап өтті. Оның біріншісі – қоғамдық денсаулықты қорғау. Бұл бағыт бойынша министрлік халықтың денсаулығын қорғайтын Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құрған. Оның мақсаты – аурудың алдын алу және денсаулықты күтіп-баптаудың тиімді тәсілдерін енгізу. Бағдарламаның екінші бағыты – халыққа медициналық-санитарлық алғашқы көмек шеңберіндегі қызметтердің сапасын арттыру. Елімізде емхана дәрігерлеріне жылына 50 миллионға жуық адам тіркеледі екен. Орта есеппен алғанда бір адам дәрігер көмегіне кемі үш рет жүгінеді деген сөз. Бұл, әрине, дәрігерлерге әжептәуір жүктеме. Сондықтан бүгінде ақжелеңділердің жүктемесін азайтып, науқастарға көбірек көңіл бөлуі үшін денсаулық сақтаудың барлық қызметін біріктіру саясаты қолға алынып отыр. Вице-министр медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жыл басынан бері 2 миллионнан аса адам амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Диспансерлік есепте тұрғандар бұрын рецепт жаздыртып алу үшін ай сайын дәрігерге келуге мәжбүр болса, қазір үш айда бір рет қана келетін болған. Енді тек сирек кездесетін ауруға ұшырағандар мен қымбат дәрілерді алатындар ғана ай сайын келіп тұрады. Бұл – бағдарламаның төртінші бағыты. Ал бесіншісі – денсаулық саласының қаржылық тұрақтылығын сақтау арқылы медицинаны дамыту. Медицина саласын қосымша қаржыландыру мақсатында биылғы 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры енгізіліп, оған жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер жарна аудара бастағаны белгілі. Осыған байланысты заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында МӘМС туралы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді қарастыратын заң қабылданды. Бағдарламаның алтыншы бағыты – денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру. Осы орайда медицина саласын таңдаған болашақ мамандарға сапалы білім беру айрықша назарға алынып отыр. «Денсаулықтың» жетінші бағыты – мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту, қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын әрі қарай ілгерілету. Бүгінде жергілікті мемлекеттік емханаларды мықты менеджерлердің басқаруына беру үрдісі жүргізіліп жатыр. Алқа отырысында Денсаулық сақтау министрлігі Жобаларды басқару департаментінің директоры Тимур Сұлтанғазиев Президент Жолдауында денсаулық саласын дамытуға байланысты жүктелген тапсырмаларға тоқталды. Оның айтуынша, министрлік биыл жыл соңына дейін барлық дәрілік заттарға бағаны реттеу жүйесін енгізетін болады. Қазірдің өзінде дәрілер мен дәрілік заттарға шектеулі баға қалыптастыру әдісі жасақталыпты.
Жедел жәрдем жаңа ережемен жұмыс істейді Елжан Біртанов жедел жәрдем қызметін жетілдіруге ерекше маңыз беріліп отырғанын жеткізді. Бұл шұғыл қызмет түрінің енді екі деңгейлі моделі құрылып, халыққа жаңа ереже бойынша қызмет ете бастайды. Министрдің айтуынша, жедел медициналық қызметтер сараланған тәсілмен жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз, жедел жәрдемге келіп түсетін қоңыраулар шақырту түріне, науқастың жағдайына қарай бөлініп, бірнеше санатқа топтастырылады. Мысалы, бірінші санатқа өлім мен өмір арасындағы ауыр халге тап болған науқастар жатады. Мұндай пациенттерге жедел жәрдем 10 минуттың ішінде келуі тиіс. Екінші санат – медициналық көмексіз пациенттің өміріне қауіп төнуі мүмкін жағдайлар. Мұндай топтағы науқастарға бригаданың келіп жету уақыты – 15 минут. Үшінші санат – медициналық көмек көрсетілмесе, науқастың денсаулығына қатер төнуі мүмкін жағдайлар. Оған жедел жәрдем жарты сағатқа дейін келуі керек. Ал төртінші санатқа – өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп жоқ, бірақ жіті және созылмалы аурулары асқынған науқастар жатады. Мұндай жандарға жедел жәрдем бір сағаттың ішінде келетін болады. Жедел жәрдемнің жаңа ережесі жұртшылықтың сансыз шақыртуларына байланысты туындаса керек. Айталық, халықтың ішінде жедел жәрдемдi қай уақытта шақырту қажеттiгiн бiлмейтіндер кездеседі. Сәл қызуы көтерілсе де шұғыл қызметтің көмегіне жүгінетіндер баршылық. Статистикаға сүйенсек, шақырулардың 30 пайызы жедел медициналық көмектi керек етпейтiн науқастар болып шығады екен. Есесiне, жедел жәрдем нағыз қажет жандарға жете алмай жатады. Министрліктің мәліметінше, жоғарыда аталған алғашқы үш санаттағыларға жедел жәрдем стансасының бригадалары көмекке келсе, төртінші санатқа топтастырылғандарға емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелері қызмет көрсетеді. Бұл бөлімшелер де жедел жәрдем секілді, 24 сағат бойы шақыртуларды қабылдайтын болады.
Қырсыздарға – қатаң талап Қазіргі таңда министрлік үшін «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру маңызды болып тұр. Сондықтан бұл құжаттағы мақсат-міндеттер нақты іске асуы тиіс. Алайда, бағдарламада аталған көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отырған өңірлер де бар. Атап айтқанда, Қостанай, Ақмола, Маңғыстау, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары денсаулықты сақтау индикаторлары жағынан артта қалған. Бұл өңірлерде жалпы халықтың өлімі, ана өлімі жоғары деңгейде. Е.Біртанов көрсеткіштері жағынан артта тұрған өңірлерге кемшіліктерді жойып, сын-ескертпелерді түзеуге жылдың аяғына дейін уақыт берді.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»