• RUB:
    4.83
  • USD:
    443.37
  • EUR:
    474.49
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Тамыз, 2017

Түрксой суретшілері оңтүстікке келді

659 рет
көрсетілді

Биыл Түркістан қаласының Түркі әлемі астанасы атанғаны белгілі. Осыған орай жыл басынан Оңтүстікте осы игі шараға байланысты бағдарламалар кезең-кезеңімен іске асып келеді. Бұл жолы Оңтүстік Қазақстан әкімдігінің мәжіліс залында Мәдени жыл аясындағы ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдер суретшілерінің ХХ плэнері бойынша басқосуы өтті.

Пленэрдің мақсаты − тәуел­сіз еліміздің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғасырлардан сыр шерткен қасиетті сәулеттік ескерткіштерін, тарихи орындар мен ұлттық өнерді насихаттау мақсатында түркі тілдес елдердің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері жəне талантты қылқалам шеберлерімен кес­кіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе және пікір алмасуды жүзеге асыру. Сонымен қатар, Оңтүстік өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктері мен көз тартарлық орындарын бейнелейтін ха­лық­­­­аралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасау, бейнелеу өнерінде жа­ңа көркем бағыттар және плас­тикалық шешімдер мен формаларды іздестіру көзделеді.

Пленэрге 9 мемлекеттің, яғни, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ре­сей Федерациясы, Украина, Болга­рия, Молдава елдерінен 17 сурет­­ші, ал еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларынан 13 кәсіби суретші   өнер профессорлары шақы­­рылған. 

Жиынд­а сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов Мем­лекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында арнайы тоқталған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда бүгінгі отырыстың мәні ерекше екендігін айтты. Кең-байтақ Қазақстанда қыл­қалам шеберлерінің шабытын шақыратын сұлу табиғаттан бөлек түркі халқына ортақ жәді­гер­лер көп. Алқақотан басқосуда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мының мүшесі Санжар Мұ­лазымоглу осы жағына баса тоқталды.

Оңтүстіктің тумасы, бұл жер­­­дің барлық тарихын бес сау­сақтай жақсы білетін Су­рет­­шілер одағының мүшесі Сей­­сенхан Маханбетов кие­лі орындар мен табиғат көр­кем­­дігін суреттеу тұрғысын­дағы іс-шаралардың өз мәнінде өтетіндігіне сенім білдірді.

Дөңгелек үстел басында ал­да­ғы жұмыстарды бір пысықтап алған қылқалам шеберлері Түркістан қаласына жол тартты. Үш күндік жұ­мыс барысында Отырар ауда­нындағы Арыстан баб кесе­несі мен тарихи, мәде­ни ескерт­кіштер және Хан та­ғы, Қаратау қорығы аумағы, Бәйді­бек ауданының Ақмешіт, Қос­тұра аймағы мен Қазығұрт, Сай­рам-Өгем тау шатқалдары, Шымкент қаласының көрікті орындарында жұмыс істемек.

Олар мәдени шара аясында жұ­мыс­тарын тәмамдаған соң Шым­кентке оралып, облыстық бейнелеу өнері музейінде тағы да бас қосады. Бұл жолы плэнер барысын­да жасаған жұмыстар қорытын­дыланады.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы