Ұйымдастырушылардың айтуынан, фин жиһазы қоршаған ортаға ешқандай экологиялық һәм физиологиялық зиянын тигізбейтін керемет дүние дегенді аңғардық. Жиһаз жасаушы «ISKU» концернінің вице-президенті Тапио Сиевиляйнен мырзаның пікірінше, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы келешек энергиясына қатысты болғандықтан, қоршаған ортаға зиянсыз сапалы өндіріс материалдары арқылы жасалған бұл жиһаз көрме идеясымен ұштасып тұр. Сол себепті, цифрлы жабдықты және жаңа технологияларды пайдалануды өмір салтына айналдырған Қазақстан үшін компания өнімі тұтынушыға шабыт сыйлары сөзсіз.
Күллі фин мектептері мен барлық денсаулық һәм білім беру құрылымдары «ISKU» концернінің өнімін тұтынады. Концерн алғаш 1928 жылы Лахти қаласында отбасылық кәсіпорын негізінде құрылған. Ұзақ жыл жиһаз жобалау, өндіру және сатумен айналысып келеді. Өз өнімдерін Финляндиядан тыс Солтүстік Еуропа, Балтық жағалауы елдері, Польша, Ресей және Таяу Шығыс елдерінде өткізеді. Қаржылық айналымы − 134 млн еуро.
Финляндияның білім беру жүйесін зерттеуші ғылыми қызметкер Паси Силандер мырза өзінің кезекті баяндамасында «Фин жиһазы бактерияларға қарсы қорғаныс жабындысымен жарақталған әлемдегі бірден-бір өнім. Ол қоғамдық үй-жайларда кез келген жұқпалы аурулардың және инфекциялардың пайда болуына, таралуына жол бермейді. Тіпті инфекцияларды емханаішілік жағдайда жұқтыру процесін 60 пайызға, оқу мекемелері мен жұмыс орындарында сырқаттануды болдырмауды 20 пайызға дейін азайтатын мүмкіндігі бар» екенін жеткізді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ
«Егемен Қазақстан»