Айталық, былтыр бір гектардан 14 центнер астық жиналған. Ал биыл астық өнімділігі әр гектарынан 7-8 центнерді құрайды. Аталған көрсеткіш орташа жылдық норманың шегінде болып отыр. Мол жаңбырдың болмауы астықтың өсіміне кері әсерін тигізген.
Сондай-ақ, биыл аймақта картоп бағасы шарықтап кеткен болатын. Наннан кейінгі маңызды ас саналатын ол өнімнің де құнын қадағалап отыру аса маңызды. Осы мақсатта Қарағанды облысы биылғы жылы картоп өндіруші шаруашылықтар жинаған өнімдерінің бір бөлігін резервке сақтамақ. Сонымен қатар, аймақ басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіпорындармен меморандум құруды көздейді. Басты мақсат – көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақты сақтап қалу. Нұра ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Шахтерское» ЖШС-нің көкөніс қоймасын қарап шықты. Ерлан Қошанов мемлекет тарапынан қолдау алып отырған ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге жауапкершілік туралы ескертті. Кәсіпорын жетекшісі Георгий Прокоп олардың тарапынан қажетті міндеттемелер орындалатынын жеткізді. – Кейбір кәсіпорындар жинаған өнімдерін сыртқа толықтай сатып жібереді. Біз өз аймағымыздың мүддесін, облыс тұрғындарының жағдайын ойлауымыз қажет, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Биылғы жылы облыста 14 мың га жерге картоп егілген. Аймақта бұл көкөніс түрін ауылшаруашылық өнімін өндіруші 38 кәсіпорын өсіреді. – Біз ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен өнімдерінің 5%-ын қорға сақтап қою туралы келісім жасадық. Сонан соң дүкендерде ол өнім тұрақты бағамен сатылатын болады. Екі нұсқа бар – тікелей және тұрақтандыру қоры арқылы. Қазіргі таңда шаруашылықтардың 60 пайызымен меморандум қабылданды. Және ол жұмыстар жалғасуда, – деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы