Сөзге тартпасаң, әңгімеге сараңдау, өзін тым қарапайым ұстайтын әйелдің тағдыры мені де қызықтырды. «Бүкіл елге жария етіп қажеті қанша?» деп, менің ұсынысымды әуелде қабылдамады. Ақырында, «мен анамын ғой, еңбегімді міндет етпеймін, тек балаларымның жүрегін ауыртып алармын деп қорқамын, мүмкін аты-жөнімді өзгертсеңіз» деді. Ол шындықты айтуға, мен атын өзгертіп алуға келістік. Оны шын есімінен алыстатпай Гүлбарам деп алдым. – Қияндағы Науырзым ауданында өстім. Мектепті бітірген соң, күйеуге шықтым. Тұз-дәміміз жараспай, бір қыз тапқаннан кейін ажырастық. Оның ұсынысымен мен алименттен, ол баладан бас тартты. Қостанайға келіп, Механика-техникалық техникумға түсіп, элеваторда лаборант болып істеп жүргенімде, екінші күйеуім- мен таныстым. Оның әйелі қайтыс болған екен, екі баласы қалыпты. Бірде жол жүретінін айтып, үш жасар қызын қарай тұруға әкеп берді. Бала маған бірден «мамалап» жүгіріп, мойнымнан құшақтап алды. Үш жасар сәбиде ешқандай күтім жоқ, ауыратыны көрініп тұр. Баланы аяп, менің де ішім езіліп кетті. Содан көп ұзамай, 1988 жылы оған тұрмысқа шықтым. 1989 жылы кіші ұлымыз дүниеге келді. Көп балалы отбасы болып шыға келдік. «Менің қызымды, сенің балаларыңды бір фамилияға жазайық» деп, оның екі баласын атыма жазып, бауырыма салдым. Біз қосылғанда ұлы төрт жасар екен, бірақ әлі тілі шықпапты, ал қыздың бүйрегі ауырады әрі энурез. Мен жаңа босағаны аттасымен екі баланы дәрігерлерге қаратуды бастадым. Баланың тілі шықпауы құлағының ауыратынынан екен. Құлағын емдеген соң, ұлымның тілі шығып, сөйлей бастағанда қуанышымда шек болсайшы. Қызымның да бүйрегін 12-13 жасқа келгенше қаратумен болдым. Әйтеуір тәуір болып кетті. Психологтар ұлдың дамуы тежелгенін айтқан соң, арнайы мектепке беріп, онда 2-3 жыл оқытып, қазақ мектебінің бірінші сыныбына тапсырдым. Орыс мектебінің бастауыш сыныбында оқитын екі қызымды да қазақ мектебіне ауыстырдым. Үшеуі қол ұстасып, мектепке бірге барып, бірге келеді. Егер күйеуім ішпегенде, көзіме шөп салмағанда бізден бақытты отбасы болмас еді. Үйленген соң 2-3 ай өтпей-ақ ол үйге қонбайтынды, ішіп келетінді шығарды. Балалармен ісі жоқ, бара-бара апталап кетіп қалуды шығарды. Оның менен бұрын тұрған, ішкілікке әуес әйеліне барып жүргені белгілі болды. Алып келейін деп артынан барып, есік алдында жылап ұзақ отырып, қайтып жүрдім. Бұл аздай 90-шы жылдардың ауырлығы басталды, тұрмыс қиындады. Енді оның айлық жалақысын да көрмейтін болдым. Балалар ауыра берген соң, лаборанттық жұмыстан да шығып, жатақханаға комендант болып орналасқан едім. Ол жатақхана да жабылып, коменданттық жұмыстан да айырылып қалдым. Балалар аш, кіші балам бір жастан енді асқан. Амалсыз оны 7-8 жасар және 5 жасар екі қызға тастап, өзім жұмысқа шықтым. Таныстарымнан қарызға килолап ұн сұрап алып, нан, ішіне картоп, капуста салып, бүкпе, бауырсақ пісіремін де, базарға алып шығып сатамын. Күніне нандық, әрі кетсе май алатын ғана пұлымды табамын. Шайға ақша шығармаймын. Жеке үйлердің ауласында көше жаққа жалбырап өскен шие, қарақат, таңқурай болса, солардың сабақ-жапырақтарын жұлып әкеп, үйге кептіре беремін. Балаларға соны шай орнына қайнатып беремін. Мен келгенше екі кішкентай қызым баланы алдандырып отырады. Балаларым да өсе бастады. Бірақ одан маған жеңілдік болған жоқ. Күйеуім ішуін үдете берді, арасында мені ұратынды шығарды. Балалардың киімі, тамағы өсті. 90-жылдардың аяғында, 2000-жылдардың өзінде қалада жасырын наубайханалар болатын. Қожайынмен ешқандай құжатсыз, келісім шартсыз өзіміз келісіп, соған жұмысқа тұрдым. Менің бір өзімді түнде наубайханаға қамап кетеді, 6-7 қап ұнды таң атқанша илеп, ашытып, нан пісіріп қоямын. Таңертең 600-ден аса бөлке нанды саудаға алып кетеді, мен екі бөлке нанымды құшақтап үйге келемін. Қожайын дүкенінен макарон, май, ептеп қант алуға рұқсат етті. Мен әлсірей бастадым, бірақ жұмыстан айырылып қалмас үшін жанұшырып істеп, бәрібір таңертең нанды даяр етемін. Бір күні ауылдан сіңлім мен анам келді. Олар менің түрімнен шошып кетті. «Бүгіннен қалмай дәрігерге ұш, қансырап өліп қаласың» деді сіңлім. Мені дәрігерлер бірден ауруханаға салды. Балаларды уайымдап, күнімен-түнімен жылаймын. Екі қызым ол кезде 7-ші, 5-ші сынып оқып қалған, екеуі маған жаяу келеді. Үйдегі қатқан нанды жібітіп, оны илеп, бетіне шөп-шалам сеуіп, «пицца» пісіріп әкеліпті. Бірте-бірте уақыт түзелді, балалар да өсті. Мен бір мейрамханаға ыдыс жуушы болып кірдім. Түнімен ыдыс жуамын, одан тамақ пісіруге жұмсады. Мейрамханадағы қалған-құтқан тамақты үйге, балаларыма таситын болдым. Міне, сол жұмысымда әлі күнге істеймін. Аллаға шүкір, қазір үйге тамақ тасымаймын, жақсы аспаз болып алғанмын. Балаларым өсті, үйленді, немерелер бар. Бірақ зейнеткерлікке шығу үшін жұмысқа барамын. Үлкен ұлым «немерелеріңмен үйде отыр» деп кейиді, – деп ол жымиып қойды. Оның жымиысында тауқымет көрген әйелдің шағымы емес, бақытты, мықты әйелдің кейпі бар еді. – Мен күйеуіммен кіші ұлым он жастан асқанда ажырастым, – деп әңгімесін жалғастырды Гүлбарам. Біреумізді жазым ете ме деп те қорықтым. Бізден кеткен соң басқа әйелдермен тұрды, олардан да ажырасты, Ұзынкөл ауданында інісінің, бірде қарындастарының босағасында жүр. Бірақ ұлдарыма: «Сендер ұлсыңдар, ұлға лайық іс істеңдер. Ол неде болса әкелерің, тірі болса қолдарыңнан келгенше сыртынан қамқор болыңдар, өліп қалса, қою да сендердің мойныңда», деп отырамын. Екі ұлым оны әкеліп, дәрігерге сүйреп, наркологиялық диспансерге апарып жүреді. Ішкенін бәрібір қоймайды, ұлдарды да шаршатады. Екі қызым бүгінде Астанада тұрады, әлі тұрмыс құрған жоқ. Үлкені жақсы қызметте, бір колледждік, екі жоғары білімі бар, кішісі колледж бітірсе де, өзінің таңдауымен шаштараз-визажист болып істейді. Кіші қызым ерке, күніне бір телефон шалып, менің дауысымды естімесе болмайды. Екі ұлдан төрт немерем бар, оларды бір-екі күн көрмесем олар да, мен де тұра алмаймыз. Төрт бала өте тату болды, олар үшін өгей деген сезім жоқ. Бір біріне әлі күнге жанын беріп отырады. Екі ұлдың да тұрмысы жаман емес, белгілі жұмыстары бар. Ал келіндерім алтын. Одан басқа теңеу таба алмаймын. Менің інілерім «келіндеріңнің жақсы болып кездескені сенің еңбегіңе Алланың берген марапаты ғой» дейді. – Гүлбарам, өміріңе өкінесің бе? – деген сұрақтың иіні келіп-ақ қалды. Ол бір сәт үнсіз қалды. – Қалай болғанда да өмір өтіп жатыр ғой, өкініш жоқ, бірақ арман бар. Екі ұлдың да тойында құда-құдағиларымның қасында өзім жабырқап жалғыз тұрдым. Әкесімен бала өсірген әйелде де арман бар ма екен деймін, – деді ол. Сәнді киінген Гүлбарамды көшеде кездестірген сайын ол маған әйелдің сұлуындай көрінеді. «Біз батырды алыстан іздейтін сияқтымыз-ау» деген ой келеді маған. Оның өңін бермейтіні, қартаймайтыны да таңғалдырады. Сол баяғы би билеуді ғана армандайтын, пәк қалпы секілді, бір сүйкімділік есіп тұрады. Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ