Мемлекетіміздің көп бағытты сыртқы саясаты бойынша халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтасу әлемдік қоғамдастықтың сенімді, беделді мүшесіне айналудың маңызды құралы болып табылады. Яғни, сыртқы саясатымыздың мақсаты – Қазақстанның, өз міндеттемелерімен қоса, жаһандық және өңірлік деңгейлердегі халықаралық қатынастарда бастамашыл, жасампаз, прагматикалық рөл атқаратын мемлекет екенін әлемге паш ету.
Қазақстан ірі халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Тұрақты емес мүшесі болуының астарында ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайту, ұлттық стратегиялық мүдделерді қорғау, ел жетістіктерін әлемге таныстырып, оң имиджін қалыптастыру, өзекті мәселелерге халықаралық қауымдастықтың назарын аудару, дүниежүзілік жүйеге кірігу мақсаттары жатыр.
Қазақстанның халықаралық белсенділігін үш категорияда қарастыруға болады. Бірінші санатқа еліміз көтерген халықаралық бастамалар жатады. Мәселен, ядролық қаруды таратпау (ядролық отын қоймасын орналастыру), Елбасы БҰҰ Бас ассамблеясында Азия құрлығындағы қауіпсіздікті нығайту мақсатында құруды ұсынған «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес» (АӨСШК) идеясын; діни экстремизм мен терроризм мәселелері әлі күрделенбей тұрған 2003 жылдан бастап өркениетаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін; Шығыс пен Батысты жалғап, «Жібек жолы» бойында орналасқан түркітілдес елдер (Түркі кеңесі) ынтымақтастығын айтуға болады.
Екіншіден, Қазақстан Орталық Азияны қамтыған Еуразиядағы аймақтық экономикалық интеграцияға басымдық беретін ұйымдарға белсене қатысты. Еліміз 2002 жылы Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымының құрылуына ұйытқы болып, аймақтық интеграцияға күш салды. Қазақстанның ықпалымен 1993 жылы Арал теңізін құтқару қоры құрылып, 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы бастама көтерілді. 2005 жылы Қазақстан Ресейдің қатысуымен құрылған Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа, 2010 жылы Еуразиялық кедендік одаққа, ал 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болды. Қазақстан сыртқы саясатында көршілес Ресеймен жақсы қарым-қатынас орнатып, ЕАЭО және ҰҚШҰ шеңберіндегі стратегиялық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуына үлкен үлес қосып, Қытаймен шекара және энергетика мәселелерін шешіп алды. ШЫҰ құрылған соң Қытай мен Қазақстанның экономикалық байланыс- тары жылдам дами түсті.
Үшіншіден, күрделенген геосаяси жағдайда Қазақстан басқа да халықаралық серіктестерімен берік байланыстарды дамыту мәселесінде шешімді қадамдарға барды. Мәселен, еліміз ЕҚЫҰ, Еуропа одағы сияқты құрылымдармен де тығыз байланыстар орнатты. Қазақстан 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астанада ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастырды; Орталық Азия елдері арасынан бірінші болып, НАТО-мен «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасына қосылды. 2015 жылы Еуропа одағымен кең ауқымды серіктестік туралы келісімге қол қойып, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды.
Еліміз 2017-2018 жылдар үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл тұста сайлау барысында көптеген мұсылман және Еуропа елдерінің Қазақ еліне көрсеткен басым қолдауына назар аударғымыз келеді.
Соңғы жылдарда Еуразияда орын алған геосаяси тұрақсыздық жағдайында мемлекетіміз көпбағытты саясаты аясында халықаралық белсенділігін арттырды. Осы ретте Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі еліміздің әлемдегі танымалдылығын қамтамасыз етеді. Мемлекеттіліктің іргесін нығайту мақсатында Қазақстан алдағы кезеңде әртүрлі халықаралық серіктестерімен тиімді ынтымақтастықты дамытып, теңгерімді, көпжақты сыртқы саясатын жалғастыра бермек.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, сарапшы