Кеше облыс орталығында «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасына қатысушыларға арналған кеңес болып өтті. Алқалы жиынға еліміз Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев, Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты.
«Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасына қатысушыларға арналған кеңес жұмысына сондай-ақ «Даму қаржыландыру қоры» бизнесті дамыту комитетінің, бизнес қауымдастығының өкілдері жиналды. Облысқа келген меймандар алдымен облыс орталығында бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Келесі кезекте «Астана» мұз сарайында ашылған еліміздің әр жерінен келген тауар өндірушілердің көрмесіне қатысты. Жалпы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының құрылғанына бір жарым жылдай уақыт өтті. Бағдарлама негізінен төрт кезеңнен тұрады. Оларда бизнестің шикізатты сектордан өзге бағыттарда дамуына үлкен мүмкіндік беріліп отыр.
Ал, осы жиын бизнес пен мемлекеттік органдардың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша өзара іс-қимылын үйлестіру жөніндегі мәселелерді талқылауға арналды. Бағдарлама Елбасы Жолдауын және еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленгені белгілі. Құжат 2014 жылға дейінгі мемлекеттің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру тетіктерінің бірі болып табылады. Яғни, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, сонымен қатар, бар жұмыс орындарын сақтап, тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құруға арналған.
Бағдарламаға қатысқан 135 кәсіпорын өз жетістіктерін көрсетуге әкеліпті. Бұл кәсіпорындардың қатарында кезінде тоқтап қалып, кейіннен осы бағдарламаның арқасында істері алға басқандары да бар.
Кеңеске Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов төрағалық етті. Министр өз сөзінде еліміздегі шағын және орта бизнеске мемлекеттің жол ашқан бағыттарын атап өтті. Келесі кезекте мамандар тапшылығын жою, бір жарым жыл ішінде еліміздің мыңдаған кәсіпкеріне өз істерін дамытуға жол ашқан бағдарламаның тиімді тұстарын талқыға сала отырып, болашақта дамыту жолдарына тоқталды. Яғни, мамандарды шет елдерде оқытып, олардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға жағдай жасау басты басымдықтардың бірі болып табылады. Жалпы, «Бизнестің жол картасы-2020» еліміздің экономикасын өркендетуге толық мүмкіндік беріп отыр. Бұл жаңа жұмыс орындарының көбеюімен қатар, ел қазынасын толтыруға, жақсы өмір сүруге де оң ықпал етеді.
Бұл бағдарламаның мақсаты белгілі, ол – жаңа жұмыс орындарын құрып, салық түсімін арттыру, деді өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев. Кеңесте сондай-ақ бизнес бастамаларды қолдау, мемлекет тарапынан бизнес-әріптестік орнату жайы сөз болды. Мәселен өңірлерде, оның ішінде Павлодар облысында шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы жағдай жасалған. Бұл жайлы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев айтып өтті. Ал Қайрат Келімбетовтің айтуынша, жалпы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қаржы дағдарысына қарсы тұруға арналған бағдарлама болып табылады.
Бір жарым жылдық мерзімді қамтуға арналған кеңес соңында «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов пен Экономикалық даму және сауда министрлігінің кәсіпкерлікті қолдау комитетінің төрағасы Қайрат Айткенов әріптестік қарым-қатынас орнату туралы ортақ меморандумға қол қойды.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.