Бүгін Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында «Ұлбике» атты музыкалық драма жұртшылық назарына ұсынылмақ. Шығарма авторлары – Мырзатай Жолдасбеков пен Несіпбек Айтұлы. Туынды халқымыздың атақты айтыс ақыны Ұлбике Жанкелдіқызының аяулы да аянышты өмірін көркем кестелеуге құрылған. Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов өз мақаласында осы қастерлі шаңырақтың басшысы, халқымыздың қадірлі азаматы Мырзатай Жолдасбековтың өнегелі ісі жайында әңгімелейді.
Бүгінде Астана – ресми қала деген түсініктің көбесі сөгіліп келеді. Бұл жерде елордамыздағы мәдени, әдеби шаралардың ұйытқысы болып жүрген рухани ошақтардың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Әсіресе, Президенттік мәдениет орталығының Астананы шенеуніктер қаласы деген тар түсініктен арылтуға қосып отырған үлесі зор деп білеміз.
Мұражай, ғылыми зертхана, кітапхана, концерттік зал секілді төрт түрлі құрылымды үйлестіріп, халыққа қызмет көрсетіп, астаналық мәдениеттің ажарын ашып отырған Президенттік мәдениет орталығын бірнеше жылдан бері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз басқарып келеді. Соның нәтижесінде оның ел мәдениеті мен өнеріне қосып отырған үлесін осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың ауқымынан байқауға болады.
Олай дейтінім, Мырзекең осында келгелі бері мұнда қалың жұртшылықты тарихи құндылықтармен, дүниежүзілік мәдениетпен, өнер жетістіктерімен таныстыру мақсатында орасан жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, музей, кітапхана, ұлттық дәстүрлер театры (этнотеатр), концерттік қызмет көрсету, ғылыми зертхана және республикалық «Мәдени мұра» журналының редакциясы құрылды. Бұл орталық бүгінде қаламыздың зиялы қауым өкілдері жиі бас қосатын, пікір алмасатын орынға айналған. Иә, бұл жерде түрлі тақырыптағы жүздесулер күн сайын өтеді. Орталықтың концерт залы – Астанадағы өнерсүйер қауымның өз үйіндей болып кеткен. Өйткені, орталықтың концерт залында ғылым, білім, өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық кештер жиі өтіп тұрады. Бұл кештерді астаналық тұрғындар қалт жібермейді. Өйткені, Мырзатай Жолдасбековтың басшылығымен ұйымдастырылып жүрген шығармашылық кештерден, түрлі кездесулерден, сондай-ақ қызықты да, мазмұнды көрмелерден алатын әсердің, рухани баюдың жөні бір бөлек.
Содан да шығар, өзіміз де жұмыс бабымен басқа қалаға немесе өзге елге жол жүріп кетсек, сол кезде өткен кешке қатыса алмай қалғанымызға өкініп-ақ қалатын жайымыз бар. Өйткені, мұндағы әрбір кеш адамдардың дүниетанымын кеңейтіп, ой-санасына сәуле түсіреді. Ең ғажабы, Мырзатай Жолдасбеков бұл кештердің барынша мазмұнды өтуі үшін жан аямай құлшына кіріседі және әрбір атқарған ісінен қуаныш табады. Бұл орайда Мырзекеңнің 2007 жылы өзінің ғұмыр бойы жинаған 5000-нан аса қоры бар бай кітапханасын оқырмандар игілігі үшін Орталыққа тапсырғанын еске алсақ та жеткілікті.
Иә, ұлттық мемлекетімізді жетілдіру, ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтарды сақтау және дамыту мәселелерімен Жолдасбеков ғалым ретінде қаншама жылдан бері айналасып жүр. Соның нәтижесі іспеттес жақында «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» атты тарихи дерекнамалық көптомдық жарық көрді. Бұл көптомдықтың жаңа Қазақстанның тарихи жылнамасына айналатынына, ел тарихымен бірге жасай беретін дүние болмағына сенім мол.
Бізді халықаралық қауымдастық алдында, әлем алдында дербес мемлекет ретінде танылып, беделі әрбір күн сайын еселеніп келе жатқан еліміздің елдігін, еркіндігін, тіпті өз тарихымызды өзгелер емес, өзіміз жаза бастағанымыз қуантады десем, бүгінде Мырзекең сияқты азаматтарымызбен мақтануға тиіспіз.
Данасы мен батыры көп қазақпын,
Көрген талай қияметін азаптың.
Аршындаймын көк туымды шалқытып,
Жасай берсін, тәуелсіздік азат күн – деген сөзді елдің мүддесі үшін жан аямай еңбек етіп жүрген, нағыз ұлт жанашыры, азаматтық ары мен әділдікті ту еткен ұстаз-ғалым, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамызға алда да жаңа табыстарға жете беріңіз дегіміз келеді.
Камал БҰРХАНОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор, Парламент Мәжілісінің депутаты.