Мьянмадағы жағдай тынышталар емес. Шетелдік медиа өкілдеріне сүйенсек, жүз мыңға жуық рохинжа өз елін тастап қашқан. БҰҰ бастаған бірқатар ұйым өкілдері мен мемлекет басшылары Мьянмадағы жағдайға алаңдайтынын жеткізді.
Әлемді дүр сілкіндірген соңғы қақтығыс 25 тамызда басталды. BBC-дің мәліметінше, «Аракан рохинджейлерін құтқару армиясы» (АРСА) 30-ға жуық полиция бекетіне шабуыл жасап, 12 құқық қорғау қызметкерін жер жастандырған. Мьянма билігі АРСА-ның террорлық ұйымдармен байланысы бар екенін және солардан қаржылай қолдау алып отыратынын сылтауратып, елде антитеррорлық әрекетке кірісті. Қарулы күштердің хабарлауынша, антитеррорлық әрекет кезінде 400-ге жуық басбұзар жер жастанған. Мьянма билігі қайтыс болғанның бәрі терроршылар екенін айтып отыр. Осы оқиғадан соң Ракхайннан бас сауғалаған халықтың саны артып кетті. Қазіргі таңда ауылдар өртке оранып, рохинжалар көрші елдің аумағына өтуге талпынып жатыр. BBC арнасының сөзіне сүйенсек, босқындар ауылдарды үкімет әскері өртегенін айтқан.
CNN арнасы Бангладеш шекарасына дейін қашқан халықтың тамақ пен медициналық көмекке мұқтаж екенін мәлімдеген. Қазіргі таңда онда 30 мыңға жуық халық аш-жалаңаш жүр. Әлем елдері Мьянмадағы жағдайға бейжай қараған жоқ. Көптеген ұйымдар мен мемлекет көмек қолын созған-ды. Алайда, The Guardian басылымы Мьянма билігі БҰҰ көмегін тоқтатып тастағанын жеткізді. БҰҰ соңғы деректері 25 тамыздан бері Мьянмадан 120 мың рохинджа бас сауғалап қашқанын көрсетті.
Ракхайндағы зомбылықты бүкіл әлем айыптап жатыр. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған оны геноцидке балап, әлем елдері басшылары назар аударуы керек екенін айтты. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеррас Мьянма әскерін рохинджа мұсылмандарын қыруды тоқтатуға шақырған-ды. Ал Малайзия сыртқы істер министрі Анифа Аман Мьянма президенті Аун Сан Су Чжидің ешқандай қадамға бармай отырғанына наразылығын жеткізді. The Guardian газеті Мьянмадағы қырғынды «Адамзатқа жасалған қастандық» деп есептейтінін хабарлады. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ракхайндағы зомбылыққа қатысты көзқарасын білдірді.
«БҰҰ Мьянмадағы жағдайға байланысты өзінің ұстанымын білдіруі тиіс, өйткені көптеген бейкүнә мұсылмандар репрессия құрбаны болып жатыр», – деп жазды Қ.Тоқаев твиттердегі парақшасына. Рохинджа шиеленісіне қатысты Сыртқы істер министрлігі де өз ұстанымын жариялады. «Қазақстан Мьянманың Ракхайн штатында туындаған шиеленіске орай өз алаңдаушылығын білдіреді. Бұл елдегі қақтығысты бейбіт жолмен ғана шешуді қолдаймыз және барлық жанжалдасушы тараптарды атысты дереу тоқтатуға және диалогты жалғастыруға шақырамыз, делінген Сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»