Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы түсірген «Набат операциясы» драмалық экшн-фильмінің тұсаукесері өтті. Шынайы оқиғаға негізделген тарихи туынды 1992 жылғы айтулы оқиғаны арқау етеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» ІІМ қолдауымен бірлесе шынайы оқиғаға негіздеп түсірген туындысының қоюшы режиссері – Рашид Сүлейменов, қоюшы операторы – Ернұр Рыспаев. Ал сценарий бойынша Ильхам Джалилов, Рашид Сүлейменов, Рустам Азаматов тер төксе, басты рөлдерді Бақыт Қажыбаев, Алексей Шемес, Әйгерім Жүнісова, Сергей Быхов, Динара Нығметуллина, Әнуар Қаратаев, Болат Әбділманов бастаған актерлер ойнады. Фильмнің Астанада өткен алдын ала көрсетіліміне мемлекеттік органдар, киноиндустрия өкілдері, басты рөлдерді сомдаған әртістер қатысты.
«Бұл рөл шығармашылық тәжірибемдегі өте күрделі рөлдердің бірі десем, артық айтқандығым емес. Өйткені мен кейіптеген бейненің жауапкершілігі өте орасан, автобустың ішіндегі әрбір адамның өмірі тікелей осы кейіпкердің мойынында болды. Түсірілімге жан-жақты ізденіп, үлкен дайындықпен келдім. Жалпы, қандай рөл болсын, актер үшін үлкен тәжірибе ғой. Сондықтан «Набат операциясының» менің кәсіби жолымдағы берері көп фильмнің бірі екені сөзсіз. Түсірілім тобына, фильмде бірге ойнаған әріптестеріме алғысым шексіз. Бұл – барлығымыздың ортақ еңбегіміз», деп фильмде басты рөлді ойнаған актер Бақыт Қажыбаев айтулы туынды туралы әсерін, ізденісін ортаға салды.
Актер атап өткендей, картина шынайы оқиғаға негізделген, онда 1992 жылғы арнайы операция туралы баяндалады. Түрмеден қашқандар автобус жолаушыларын кепілге алады. Оларды құқық қорғау органы қызметкерлері құтқарады.
«Картинаның авторлары өткен жылдардағы тарихқа көз жүгіртуді жөн көрді. 1992 жылы кезеңдестіру кезінде қашып кеткен 6 тұтқын Шиелі стансасы маңында қалааралық автобустың жолаушыларын кепілге алған. Ұзақ келіссөзден кейін қарақшылар ұшақ талап етті. Бірақ нақты жоспарланған операцияның нәтижесінде барлық қылмыскердің көзін жойды. Кепілге алынғандардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Бұл бірде-бір адам жараланбаған әлемдегі бірінші операция болды», дейді «Қазақфильм» киностудиясының президенті Азамат Сатыбалды. Киностудия басышысының айтуынша, аталған фильм – биыл Ұлттық киностудия түсірген тұңғыш премьера.
«Жалпы, биыл тағы 9 фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Көрсетілімді «Набат операциясы» фильмінен бастадық. Кинотуынды 1992 жылғы оқиға туралы ғана емес. Көрермен фильмнен жақсылық пен жамандықтың күресін, адами қасиеттер мен батылдықтың айқын көрінісін көре алады», деді ол.
Атыс, шабыстың көптігіне қарамастан, «Набат операциясы» құқық қорғау органы қызметкерлерінің көзсіз батырлығы мен операция туралы емес. Бұл – тағдырдың жазуымен осы автобусқа тап болған қарапайым кепілге алынған адамдардың өміріндегі 20 сағатқа созылған оқиға және адами қасиеттерінің айқын көрінісі.
«Қазір кино өнерінде үлгі боларлық қаһармандарды көрсету, әсіресе патриотизмге баулу тұғырда тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында отандық патриотизмді қалыптастыру мәселесін ерекше алға тартты. «Набат операциясы» фильмі осы үдеден шығады, ол Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының көзсіз ерлігін дәріптейді. Орталықтың мақсаты – осындай отандық фильмдерге жаңа леп беру», деді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильмді 2 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалауға болады.