Жақында ғана Астана қаласында Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. «Атамұра» баспасынан тарих ғылымдарының докторы, профессор, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлінің 5 кітабы көрмеде таныстырылды. Олар – «Тамыр», «Абыздар аманаты», «Нүкте философиясы», «Тасқа жазылған тарих», «Мұстафа» кітаптары. Осы жерде белгілі қайраткер-ғалымның «Мұстафа», «Тамыр» атты кітаптарын сатып алдым.
Бұл кітаптар әрқайсысы ғасырлар бойы өз іздеушісін күтіп жатқан, тарихтың алтын көмбелері. Соның кілтін табу, халыққа жеткізу, ұлтқа қызмет етудің эталоны. «Мұстафа» сияқты кітап жазу оңай емес. Ол өткен ғасырдың басындағы тарихымыздағы ірі саяси тұлғалардың бірі. Өмірі де сол «тар жол, тайғақ кешу» заманының қайнаған саяси қазанында өтті. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай сияқты ұлт көшбасшылары Түркістан республикасы идеясымен өмір сүрді. Ал Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт қайраткерлері Алаш республикасын құрудың басында тұрды.
Бұл идеологиялық ерекшелік қана. Ал мазмұны біреу – Азат, бостандық алған Қазақ мемлекетін құру. Менің ойымша, бұл әлемдік пролетарлық революция жасау саясатының ұшқынынан шыққан, саяси идеология сарынының көріністері.
Мұстафа Шоқай туралы аз жазылған жоқ, көп зерттелді. Өмірлік тұғырнамасы айқындалды. Бірақ Түркістан легионын құру туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат әлі күнге қыр соңынан қалмай келеді. Академик Дархан Қыдырәлі Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін ғылыми, адами, саяси зерделеп, құжаттарды, деректерді пайдаланып ұлтымыздың бірегей тұлғасының шынайы өмірбаянын жазып шықты.
Осы кітапты оқығаннан кейін жастар эммиграцияда жүріп ұлтқа қызмет істеген Мұстафа Шоқайдың тағдырын танитын болады.
Мені ерекше қызықтырған «Тамыр» кітабы болды. Мұнда бабаларымыздың Ұлы дала өркениетіндегі өшпес ізі көрініс тапқан. Еуразия кеңістігіндегі Ұлы даланың әр тау-тасы ұлттың мөріндей белгі болып қалған.
Ұлы далада қандай тарих жатыр:
– Күннен жаралған сақтар;
– Скиф, сақ, усун-үйсін, кангуй-қаңлы, юәшжи, ғұн, динлин мемлекетінің іздері;
– Есік қорғанындағы 26 таңбалы мәтін бар.
Оны атақты түрколог Алтай Аманжолов төмендегідей оқыпты:
– Аға саған бұл ошақ!
Бөтен ел адамы тізеңді бүк!
Халықта азық-түлік мол болғай!
«Есік қорғаннан табылған ағаш тегене, ожау, құмыра, қыш ыдыстардан тыс, ежелгі Сақ көсемдерінің алтын әшекейлеріндегі «қанатты жылқы», «қанатты барыс», «грифон» (тазқара), «архар», «тауешкі», «жолбарыс», «марал», «құс» бейнелері сол байырғы кезеңдегі мифтік дүниетаным ерекшелігінің айқын көріністері болып саналады», деп жазады Дархан Қыдырәлі.
Демек Ұлы дала өркениетінде сонау атам замандардан бері Геродоттың, Страбонның тарихи жазбаларында аттары аталатын скиф, сақ, ғұндардың біз заңды жалғасы әрі ұрпағы болып табыламыз.
Жоғалған тарихты Дархан Қыдырәлі түгендеп берді. Ол болашақ ғылыми зерттеулердің алтын баспалдағы болады. Кітаптың «Тамыр» деп аты айтып тұрғандай бұл қазақ тарихының ғасырлардағы созылған тамырының ізін кеседі.
Деректер мен дәйектер келтіріледі.
«Тарпаң мінген темірші түріктер» деп аталатын мақала да жүрегіңді селт еткізеді. Өйткені темір дәуірі - өркениет дәуірі ғана емес, тарихтағы аты шулы соғыстардың дәуірі. Ашығын айтсақ, темір дәуірі - Ұлы даланың тарихи ландшафтын мүлдем өзгертіп жіберді.
Дархан Қыдырәлінің мына пікірі соның айғағы секілді көрінеді. Назар аударалық. «...Ата-бабаларымыз Ұлы даланың құм-түзінде Тарпаңды алғаш қолға үйрету арқылы, атқа отыру, (үзеңгі, ауыздық, ер-тұрман жасады) мәдениетін қалыптастырса, ал металды игеру арқылы болат суарып, тау-тасты сарбаздардың жасағын құрды».
Иә, өз зерттеуінде Дархан Қыдырәлінің де әйгілі академиктер Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан зерттеулеріне сүйеніп, Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан аймақтары ежелгі дәуірлерден металл өндіру ошақтары болғанын дәлелдейтін ойы жердің топонимикалық аттарымен бірлікте қарастырады. «Қырық-шұрық», «Қалайы қазған», «Мың шұңқыр», «Бес шұрық», «Кенқазған», «Жезқазған», «Ұста», «Қара темір», «Теміртау» кеніштері қола дәуірінен басталып, Орта ғасырға ұласып, одан кейін жалғасып келе жатқанын айғақтайды.
Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов жазбаларында «Ергенеқон» деген тіркес көп айтылады. Оның сыры неде? Бұған жауапты Дархан Қыдырәлінің осы кітапқа енген «Ежелгі жұрт – Ергенеқон» зерттеуінен таба аласыз. Бұл әлем өркениетінде халық аңсаған арманнан шыққан құтты мекен екен. Ол бірде «Өтүкен», «Жерұйық», «Ергенеқон», «Қызыл алма», «Жиделі-Байсын» атты түрлі атаумен аталса да, түпкі қазығы Бенгу ил – Мәңгі ел мұратымен ұштасып жатады деп ой түйеді автор.
«Жиделі-Байсыны», «Ергенеқоны бар» Мәңгі ел ұғымына келіп сияды. Ергенеқон – төрт жағын бірдей түгел тау жартастары қоршаған жазыққа берілген атау, дейді қазақтың атақты жазушысы Қойшығара Салғара.
Осы ойды Дархан Қыдырәлі дамытып, өз көзқарасын білдіреді. Түркі академиясы кезінде халықаралық экспедициясын ұйымдастырып, Ергенеқонды іздейді. Алтайдың үш мың метр биіктігіндегі Қарақаба жазығынан ІІ-VII ғасырлардағы қоныс аймағын табады. Шығыс Қазақстанның Катонқарағай аймағын тарихшы ғалымдар осы Ергенеқон болуы мүмкін деп болжайды.
Дархан Қыдырәлі де осы ойды ұстанады.
Кітаптағы «Ұлы ғұн империясы», «Батыс ғұн империясы», «Алтын әулет-ашина», «Ұлы түрік қағанаты», «Өрісті Өтікен – «Киелі керулен» тағы да басқа зерттеулер, өзінің жаңашылдығымен, ғылыми аппаратының мықтылығымен ерекшеленеді.
Батыс Еуропада соңғы ғасырда сірескен цитаталардан тұратын ғылыми зерттеулер тоқтаған. Оның орнын ғылыми-танымдық зерттеулер басты. Сондықтан да Дархан Қыдырәлінің зерттеулерінде сөз қасиеті мен құдіреті, тіл көркемдігі ерекше көрінеді.
Дархан Қыдырәлі бірде «Тарихты тарихшылар жазуы керек», деп еді. Ол дұрыс та шығар. Дегенмен тарихи таным, ұлттың жады туралы басқа да мамандар қалам тербесе тарихымыз байи түседі деп ойлаймын.
Бес кітапты алдағы жылы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығына ұсынған жөн болар деп ойлаймын.
Уәлихан ҚАЛИЖАН,
ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері