Бүгін Парламенттің бірлескен отырысында қазақ әліпбиін латыншаға ауыстыру мәселесі талқыланды. Латын әліпбиі бойынша Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлерінің, сондай-ақ сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Бұл туралы Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау барысында аталған орталықтың директоры Ербол Тілешов мәлімдеді.
«Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді», деді Ербол Тілешов.
Ол жаңа әліпби қабылдау, бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, осыған дейінгі әліпбилерде кеткен емлеге қатысты қателіктерді дұрыстау екенін айтты. Сонымен қатар, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиістігін алға тартты.
«Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды», деді ол.
Оның айтуынша әлемнің жетекші елдері қолданып жүрген әліпби Қазақстанға енгізілер болса, мақсатқа жету қиын болмақ. Сондықтан диграфтарды қолдану арқылы қазақтың төл дыбыстарын сақтап қалуға болады. Отырыста Ербол Тілешов қазақтың төл дыбыстарын латын әліпбиінде қолданылу барысын түсіндіріп өтті.
«Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқаларын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатындығы көрсетілді. Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылуы қиындық тудырмайды. Ал орыс тілінен енген ц, ф, х, в секілді әріптер де латын әліпбиінде қолданыс табады» деді Ербол Тілешов.
Айта кетейік, диграф – екі әріппен таңбаланатын дыбыс.