Қостанай өңірінде бұрын-соңды дәл биылғыдай астық біткен емес. Облыс диқандары қамбаға 8 миллион тоннаға жуық алтын дән құйып алды. Тіпті өңірдің қара топырақты солтүстік аудандарын былай қойғанда, Таран, Денисов, Амангелді, Арқалық сияқты оңтүстікте жатқан аудандарында да астық бітік шықты. Алайда, биылғыдай жаңбырлы емес, топырақтың апшысын қуырған құрғақшылықта да Қостанай ғылыми-тәжірибе институтының бас директоры Валентин Двуреченский тәжірибесіндегі ылғал сақтау технологиясын қолданған диқандардың қамбасы дәнсіз болмайды. Ал биыл ол басқаратын «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гектарынан 37 центнерден астық жинап, рекордтық көрсеткішке жетті. Біз Валентин Ивановичке науқан аяқталар тұста жолығып, әңгімелескен едік.
– Валентин Иванович, сіз үшін биылғы астық жинау науқанының ерекшелігі неде?
– Менің ылғал сақтау технологиясымен біржолата айналысып келе жатқаныма 15-16 жылдың жүзі болды. Біз биыл осы технологияның жүйесін бірінші рет толық пайдалана алдық. Сондықтан Құдай қолдап, биыл бұрын-соңды бітпеген астық жинадық. «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гектарынан 37 центнерден өнім алды. Біздің топырақтың бонитеті 32 балл екенін ұмытпаңыз. Ал Солтүстік Қазақстан облысы жерінің бонитеті – 55, Ақмола облысында топырақ бонитеті 40 баллдан асады. Озық технологияның артықшылығын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
– Валентин Иванович, ылғал сақтау технологиясын өзіңіз өнертабысым деп бағалайсыз. Ол биыл сәуір айында өткен республикалық «Шапағат» өнертапқыштар байқауында бірінші жүлдені иеленді ғой.
– Иә, жер өңдеудің өзім жасаған жаңа тәсіліме Интеллектуалдық меншік жөніндегі ұлттық комитеттен төрт патент алғанмын. Олардың бағалағанына ризамын. Мен бұл еңбегімнің бағалануымен қатар, осы жүлде арқылы жаңа технологияның елімізде насихатталатынына қуандым. Бұл технология қазір астық державаларының бірі канадалық, аргентиналық, австралиялық ғалымдар мен диқандар тарапынан мойындалған. Әлемдік стандартқа сай келеді. Қазақстандық технология туралы менің еңбектерім Австралия мен Канадада ағылшын тілінде басылып шықты.
Ылғал сақтау технологиясы (мұны диқандар мен ғалымдар тікелей себу, нөлдік технология, ресурс сақтау деп әртүрлі атап жүр) көп жылғы тынбай жүргізілген тәжірибе мен еңбектің жемісі екені рас. Мен 60-шы жылдардың ортасында Науырзым ауданының «Раздольный» кеңшарына жас агроном болып келгеннен бастап осы технологияның керектігін ойлай бастағанмын. Тіпті Мичурин атындағы жеміс-жидек институтын бітірер кезде қорғаған диплом жұмысымның тақырыбы да осы технологиядан алыс кеткен жоқ. Мен диплом жұмысымды егін шаруашылығындағы жаңа технологияға кірісудің басы деп білемін. Оны сол кездегі ғалымдар жоғары бағалаған еді. Бүгінге дейін 150-ден аса мақала жазыппын, екі кітапты осы салаға арнадым.
– Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің облыста өтіп жататын мәжілістерінде сіздің ылғал сақтау технологиясы туралы айтпаған кезіңіз кемде-кем. Осы молшылық тәсілінің «кілті» неде?
– Кілті дейсің бе? Оны айту үшін сәл шегініс жасайын. Жас кезімде қызметті Науырзым ауданының «Раздольный» кеңшарында агроном болып бастадым дедім ғой. Сонда қатар жатқан «Буревестник» деген атақты кеңшар болды. Оның екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған Николай Козлов деген директоры болды. Біз осы технологияның арқасында «Буревестникке» қарағанда астықты 1,5 есе көп жинадық. Николай Григорьевич шаруашылықты шебер ұйымдастырушы еді. «Екі шаруашылық та Науырзымның шөлейт даласында жатыр, ал неге көрсеткіш екі түрлі?» деген мәселе ол кісіні дереу ойлантты. Ол біздің шаруашылыққа жиі келетін болды, жайқалып тұрған егісті аралайды. «Бұл қалай?» деп жүрді. Мен сол жылы жаңа технология бойынша жерді аударып жыртпай, іреп, тырнап ғана дән себуді бастағанмын. Жерді іреп жыртатын құралды қолдандық. Гәп те, кілт те, міне, осында. Яғни, топырақты қалай өңдеуде ғой. Содан Козлов мені «Буревестникке» бас агроном етіп шақырды. Сол шаруашылықта жаңа технологияны одан әрі жетілдіре түстім. Одан шаруашылық директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болдым, тәуелсіздік жылдары Ауыл шаруашылығы министріне дейін өстім.
– Сіздің технологияның «кілті» жерді соқамен аудармай, жерді бетінен ғана іреп жыртып, немесе сызып қана дән тастау болып табылады екен. Сонда сіз топырақты өңдеудің осы кезге дейін қолданып келе жатқан дәстүрлі тәсілін теріске шығармақсыз ба?
– Иә, дәл солай айтудан қорықпаймын. Адам соқаны ойлап тапқалы жердің қыртысын аударып, топырақтың құнарын құртумен келеді. Басқа жақта шаруам жоқ, Қазақстанда тың көтерілгелі 50 жыл ішінде топырақтағы органикалық заттардың 30 пайызын жойып жібердік. Топырақта 7-8 пайыз органикалық заттар болады, қазір оның мөлшері 4-5 пайыздан аспайды. Жер бетіндегі 1 сантиметр қарашірік қалыптасуы үшін жарты ғасыр уақыт керек. Ол қалай пайда болады? Өсімдіктің сабағы, жапырағы, тамыры орнында қалып, шіріп, жер астындағы түрлі микроорганизмдермен өзара әрекеттескенде қалыптасады. Біз, адамдар, соқамен топырақты бірнеше сантиметр тереңдікте аударып тастағанда, ондағы тірі организмнің барлығы да желге, күнге тиіп жойылып кетеді. Соқаны адамзат өркениетінің көрінісі деп қабылдадық. Ал 1850 жылы Чарльз Дарвин: «Адам соқаны ойлап тапты, бірақ топырақты соқа қопсыта ма, құрт-құмырсқа қопсыта ма, оны әлі өмір көрсетер», деген екен. Сол Дарвиннің айтқаны дұрыс. Жердің қыртысының астан-кестеңін шығарғандықтан да ол азып барады.
– Ылғал сақтау технологиясы құрғақшылық жылдары айырықша нәтиже беріп жүр ғой?
– Ылғал сақтау немесе нөлдік технологияны тек құрғақшылық немесе қуаңшылық жылдары ғана керек дегендер түбірлі қателеседі. Рас, бұл технологиямен жұмыс істегенде жаңбыр аз жауған жылдары түгел, қуаңшылық болып, көктен тамшы тамбаған уақыттың өзінде диқан қамбасы құр болмайды. Оған Қостанай облысындағы соңғы жылдарғы көрсеткіштер куә. Мысалы, 2009-2010 жылдары қатарынан екі жыл Тобыл-Торғай өңірінде жаңбыр жаумады. Осы технологияны пайдаланатындардың атызында гектар айналымы 8 центнерден кеміген жоқ. Ал бұрын мұндай жылдары диқан қырманы бос қалатын. Құрғақшылық біздің Қазақстан жерінде табиғаттың жиі болатын құбылысы. Тәжірибеге сүйенсек, әр он жылдың үш жылы құрғақ, үш жылы қуаң, төрт жылы жаңбырлы болады екен. Әлемдік тәжірибе бойынша, жылына 350 мм-ден аз ылғал түскен жер қуаң, шөл болып саналады. Қазақстанның солтүстік өңірінің барлығы да шөлейт аймаққа жатады. Ылғал сақтау технологиясы ылғалды ұстайды, ең бастысы топырақ құнарын арттырады.
– Сіздің технология бойынша топырақты қалай қопсыту керек?
– Мен ылғал сақтау технологиясын жүзеге асыру үшін соқаның бір тісіндей ғана, өзі жұқа, тұмсығы үшкір құрал ойлап таптым. Ол сошник деп аталады. Осы құралды дәнсепкішке тіркеп, жерді тереңдігі 2 сантиметрден аспайтын етіп іреп сызып, оған дән тасталып отырады. Сонда топырақтың флорасы бұзылмай, ертең өсетін бидайға не басқа өсімдікке керекті азықтың барлығы да топырақтың өзінде қалады. Сошниктерді Челябі, Омбы зауыттарында істетіп аламыз. Біздің облыста да өндіруге болар еді, бірақ Челябідегідей темір жоқ.
Қайталап айтайын, ең бастысы – топырақтың құнарын өзінде қалдыру болмақ. Бұрын диқандар мен мамандар арасында мынадай түсінік бар еді. Жерден қанша мол өнім алсаң, жер сонша азады, оған үстеме минералдық тыңайтқыштар беру керек. Ал ылғал сақтау технологиясымен жерді өңдегенде жыл бойы топырақ өсімдік қалдықтарымен жабулы жатады. Ол қалдықтардың барлығы да жауын-шашын және микроорганизмдер әрекетімен қарашірікке айналып, топырақты органикалық заттармен байыта түседі. Қысқасын айтқанда, дайын тыңайтқышқа айналады. Ол осы жерден орып алған астықты өсірген құнардың барлығын да қайтадан орнына келтіреді. Сонда мынадай түсінік шығады. Күзде бітік астық орған сайын, топырақ азбайды, қайта құнарлы бола түседі. Өйткені, жақсы өскен астықтың топырақта қалатын сабағы мен жапырағы, тамыры да мықты, топырақ бұрынғыдай азудың орнына органикалық заттармен құнарлана түседі. Мен аузым тынбай айтып жүрген ылғал сақтау немесе нөлдік технологияның бар сыры осы ғана.
Ал бұл технологияның басты артықшылығы – химиялық тыңайтқыштарды керек етпейміз. Сондықтан топырақ химиямен ластанбайды. Ал ондай жерге еккен бидайдың сапасы да жоғары. Біздің өндірген бидайымыз халықаралық көрмелерде экологиялық тазалығымен, сапасымен жоғары бағаланып жүр. Құнарлы топырақ – сапалы азық. Ол – халқымыздың, кейінгі ұрпақтың денсаулық кепілі деген сөз.
– Жер өңдеудің нөлдік технологиясы тек мол өнімді қамтамасыз етіп қоймайды, топырақты таза сақтайды дегеніңіз көңілге қонып отыр. Экологиялық мәселелер өткірленіп тұрған мына заманда бұл өте құптарлық іс екен.
– Барлық мемлекеттерде табиғи ресурсты қорғайды. Ал топырақ – басты табиғи байлық. Барлығы да топырақтан өнеді. Көптеген елдер топырақтың құнарын сақтауды заңмен бекітіп отыр. Мысалы, Германияда, Австралияда фермер топырақты аздырып жіберсе, ол заң шеңберінде үлкен айып ақша төлейді немесе одан жер учаскесі қайтарылып алынады. Бірқатар елдерде топырақты сақтау қызметі пайда болды, оны мемлекет бақылап отырады. Егер топырақ тиісті технологияға сай күтілмесе, оның беті қарашірікті қамтамасыз ететін өсімдік қалдықтарымен жабылмаса, онда фермерге айыппұл салынады, ал топырақ жақсы күтілсе олардың сұраған субсидиясын береді. Ал біздің елде «Жер туралы» Заңның 93-бабында жер учаскесінің күтілу керектігі, жерді жалға алған адам оны күтпесе кері алып қою жөнінде айтылады. Бірақ бұл бап жұмыс істемейді. Ондай бап бар екенін ескеріп жатқандар аз. Сондықтан топырақты сақтау туралы арнайы заң керек. Жер- ананы қашанғы қорлаймыз...
– Валентин Иванович, сіз ылғал сақтау технологиясы жөнінде айтқанда арқаланып кетесіз. Енді әңгіме арнасын сәл бұрыңқырайық. Өзіңіздің 90-шы жылдары Ауыл шаруашылығы министрі болғаныңызды айттыңыз. Бірақ Қостанайға қайтып оралдыңыз. Неге?
– Министр орынтағында отырып, астық алқабына, далаға көңілім ауа берді. Менің тегім шаруа адамы ғой. Жоғары лауазымды қызметтерде істегенмен де, мүмкін саясаткер бола алмас едім. Ақырында биік лауазымды егіс алқабына ауыстырдым, Қостанайға қайтып оралдым да, ғылыммен айналыстым, жаңа технологияны аяғына дейін жеткіздім. Елбасы бір мәжілісте «Лауазым орынтағын тастап, егіс даласына оралған жалғыз министр Двуреченский», деп айтыпты.
– Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз?
– Маған журналистер «тарихи отаныңызға кетпейсіз бе?» деген сұрақ та қойып жатады. Ол заңды шығар. Егер шынымды айтсам, 90-шы жылдары мені курстас досым Егор Строев Ресейдің Орел облысына жоғары лауазымды қызметке шақырды. Кейінге сілтей бердім, өйткені, екі ойлы болып жүрдім. Бір күні Меңдіғара ауданына бардым. Жайқалған егін, табиғат тамылжып тұр екен. Көргендердің барлығы алдымнан құрақ ұшып амандасады, жағдай ауыр кез ғой, жастар ақыл сұрайды. «Мына жерді, адамдарды қалай қиып кетемін» деген ой, оймен бірге көзіме жас келді. Имандай шыным. Келдім де Мәскеуге телефон шалып, бармайтынымды айттым. Қылшылдап тұрған кезімде кетпеген мен енді қайда барамын? Зайыбым Тамара Алексеевнамен Қостанайда кездестік, балаларым, немерелерім Қостанайда туды. Менің туған жерім Ресей болғанымен, 25 жасымнан қазақтардың арасында келемін. Қазақтың тамаша адамдарымен сыйлас, дос-жармын. Олар маған орыссың деп, бөтен пиғылдағы сөз айтып жатқан жоқ. Қазақтар мені қазақтан бетер сыйлайды. Жалпы, қазір ұлтқа бөлудің қажеті жоқ, елдің заңдарын орындап, мемлекеттік тілді үйреніп, Конституцияны басшылыққа алу керек. Мен – бос сөйлемейтін жанмын. Мысалы, немерем Катя қазақ тілін еркін меңгеруге тырысып жүр. Болашақ осы немерелерімдікі, сондықтан Қазақстанның бай ел болғанын тілеймін, солай боларын жүрегім сезеді әрі сенеді.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай облысы.