Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында бірыңғай ақпараттық портал өз жұмысын бастады. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов және «Қазконтент» АҚ басқармасының төрағасы Евгений Кочетовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
«Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетовтің мәліметінше, жаңа портал ruh.kz доменімен тіркелген. Сайт «Туған жер», «Киелі мекен жағырапиясы», «Заманауи Қазақстан мәдениеті», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа тұлға», «Латынша» деген алты бөлімнен тұрады. Басты бетте Елбасының мақаласынан үзінді және «Руxани жаңғыру» бағдарламасына қатысты барлық жаңалық көрсетілген», деді Е.Кочетов.
Жиын барысында «100 жаңа есім» жобасына 2 мыңға жуық өтініш келіп түскені, 16 қыркүйектен бастап қабылдау тоқтатылғаны айтылды. Жобаның екінші кезеңінде арнайы құрылған сарапшылар тобы лайықты тұлғаларды анықтайтын болады.
Порталдағы «Туған жер» бөліміне Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, «Киелі мекен жағырапиясы» мен «Заманауи Қазақстан мәдениеті» бөліміне Мәдениет және спорт министрлігі, «100 жаңа оқулық» бөліміне Білім және ғылым министрлігінің тарапынан маңызды мағлұматтар мен керекті деректер орналастырылады.
«Біздің министрлік аталған порталдың «Туған жер» бөліміне өзінің жобаларын қояды. Соның бірі – Әлеуметтік бастамалар картасы. Осы карта арқылы өңірлерде атқарылып жатқан түрлі әлеуметтік маңызы бар жобалардың тізбегімен таныса аласыздар. Қазіргі таңда картаға 83 әлеуметтік жоба енгізілді. Бұл жобалар меценаттар мен қайырымды жандар арқылы жүзеге асып жатыр. Әлеуметтік бастамалар картасы жобасының негізгі мақсаты – әрбір қазақстандық азаматтың бойына өзінің туған жеріне деген жауапкершілік сезімін арттыру және оның дамуына үлесін қосуға мүмкіндік беру» деді Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»