Әуел бастан-ақ әлем экономикасында инвестициялық климат ұғымы маңызды басымдыққа ие болатын. Ал соңғы жылдардағы қаржы дағдарысы ішкі экономикаға салынатын сыртқы қаражаттың қадірін еселеп арттырып жіберді. Әрине, кез келген елдің дамуын сыртқы инвестицияның араласуынсыз елестету қиын. Және дүние жүзіндегі қалталы қаржы ұйымдары да кездейсоқ мемлекетке инвестиция сала бермейтіні анық. Бұл үрдіс ұзақ таңдау мен тиянақты талғамның нәтижесінде жүзеге асады.
Сүйінерлігі, Қазақстан әлем назарындағы инвестициялық тартымдылық бойынша алдыңғы қатарда тұрған ел санатында. Мысалға, соңғы 11 жылда Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 243 млрд АҚШ долларынан асқан. Бұл ғаламның ауқатты компанияларының елімізге деген сенімінің бір дәлелі болса керек. Жалпы, еліміздің инвестициялық климаты, сыртқы қаржы көздерінің қызметі туралы әңгімелегенде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен арадағы байланыс туралы сөз қозғаған орынды. Осы ұйымның жоғары стандарттарына сәйкес кезең сайын еліміздің инвестициялық ахуалына шолу жасалып отырады. Бүгінге дейін ЭЫДҰ бастамасымен Қазақстанның инвестициялық саясатына екі мәрте шолу жасалып, оның нәтижелері бойынша Үкімет тарапынан инвестициялық климатты жақсарту бойынша жеке жоспар қабылданыпты. Бұл реформалар отандық бизнес-ортаның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғаны анық. Және жеміссіз емес. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «DoingBusiness» рейтингіндегі көрсеткіші 41-орыннан 35-орынға жоғарылады. Әлемнің қалталылары тарапынан көрсетілген сенімнің әсері болса керек, биылғы жылдың ақпан айында ЭЫДҰ Кеңесі елімізді дүние жүзі бойынша Инвестициялар комитетінің мүшесі ретінде қабылдауға шешім қабылдады. Бұл соңғы 5 жыл бойына инвестициялық климатты жақсарту мақсатында төгілген тердің өтеуі деуге әбден лайық. Өйткені Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы инвестициялар комитетінің мүшесі болу Қазақстан үшін үлкен мәртебемен қатар жаңа мүмкіндіктер береді. Яғни, ұйымға мүше елдердің байырғы тәжірибесі мен жеткен жетістіктерін отандық экономикаға енгізу барысында ашықтық пен зерделеу мүмкіндігіне қол жеткізу ғана емес, инвесторларға еліміздің инвестициялық климатының әлемдік талаптарға толықтай сай келетіндігін де сеніммен айтуға жол ашты.
Жалпы, кез келген қалталы инвестор үшін ең маңыздысы – мемлекет экономикасына салатын өз инвестицияларын қорғау мүмкіндігіне қол жеткізу мен атқарушы билікпен арадағы ашық диалогқа келу шарттарының ашық болуы екен. Бұл жөнінен Қазақстан инвесторлардың құқығын қорғауға лайықты көңіл бөлетін ел ретінде танымал. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі, Премьер-Министр жанындағы инвестициялық климатты жақсарту кеңесі және Инвестициялық омбудсмен институты сияқты диалог алаңдары аясында нақты жұмыстар жасалып, нәтижелі қарым-қатынас жалғасып отыр. Осы жекелеген инвестор мен мемлекеттер арасындағы байланысты зерделеп, бағасын шығарып отыратын «Миноритарлық инвесторларды қорғау» деп аталатын халықаралық ұйым бар. Бұл ұйым өзара қатынас барысын екшеп, тәуекел тудыратын факторларды анықтап отырады екен. Қуаныштысы, халықаралық ұйымның зерттеу нысанасы болған Қазақстанның инвесторларға деген саясаты оң нәтижелі болып, әлемдік рейтингте еліміз жиырма бесінші орыннан 3-орынға көтерілген. Бұл – еліміздің инвестициялық тартымдылығы ғана емес, инвесторлар алдындағы жауапкершілікті сезінуге де берілген зор баға.
Сөз арасында елімізге 243 млрд АҚШ долларынан асатын тікелей қаржы тартылғанын айттық. Бұл өте үлкен еңбектің нәтижесі дедік және. Ал экономикалық саясат тұрғысынан алғанда, жалпы шетелдік инвестиция өсімінің тұрақты оң үдерісі байқалады. Негізгі статистикалық көрсеткіштерге көз салсақ, Ұлттық банктің дерегі бойынша 2016 жылы тікелей шетелдік инвестиция ағыны 20,6 млрд АҚШ долларын құрады. Арғы 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға өскен екен.
Қайбір жылы Мемлекет басшысы инвесторларды ұзақ мерзімді табысқа негізделген инвестиция салуға үндеп, мүмкіндіктерді сарқа пайдалануға шақырған болатын. Бұл үрдіс инвестициялық саясат ұғымында реинвестиция атауына ие және әлемдегі тәуекелді қадамдардың бірі саналады. Анығында, бір рет салынған инвестицияның қайтарымын күтіп, аңысын аңдып отырудан бөлек, сол салаға үстеме қаржы құюдың жемісті болатындығына сенім білдіру шынымен тәуекелді қажет етеді. Әдетте мұндай қадам дамыған елдердің экономикасына ғана бағытталады екен. Ал Қазақстан экономикасындағы реинвестиция үрдісі артып келеді. Деректер 2016 жылы осы реинвестиция қаржысына 15 жаңа кәсіпорын ашылып, мыңға жуық жұмыс орны құрылғандығын айтады. Демек, әлем бойынша салынған 70 па-йыз реинвестицияның қомақты бөлігі ел экономикасын көтеруге қызмет етіп отыр деген сөз.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»