Дәстүрлі өнерді дамытуға бағытталған Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылғанына бір жыл толды.
Ата-бабаның мұрасын арқалап жүрген дәстүрлі әншілердің өнерін насихаттайтын театрдың жаңа басшысы болып жуырда ғана тағайындалған белгілі жыршы, фольклортанушы-ғалым Берік Жүсіп еліміздің әр аймағынан келген жиырмаға жуық әншімен кездесу өткізіп, бірлескен меморандумға қол қойды. Бұл құжат бойынша дәстүрлі өнер театры әр өлкеде туып, өзінше қанат жайып, өз жолымен өркендеп келе жатқан аймақтағы ән мен жырдың заманауи мәселелерімен айналысуды қызметінің басты қыры етіп алмақ. Қазақ жерінде қалыптасқан әншілік, күйшілік, жыршылық мектепті әрі қарай дамытып, насихаттау ісі де театрдың жүйелі айналысатын жоспардағы шаруасы болып қала береді. «Бұл меморандум облыстағы әншілердің жеке концертін ұйымдастыруға мүмкіндік берсе, ең бастысы, өңірлерде танылмай жүрген жас таланттардың тұсауын кесіп, үлкен сахнада жарқырай көрінуіне жол ашады» дейді театрдың директоры Берік Жүсіп. Жаңа басшының бастамасымен таяу арада қазақтың ән өнері бойынша курстар ұйымдастыру мәселесі де сөз болды.
Дәстүрлі өнердің тынысын ашып, қолтығынан демеп, дәріптеу үшін құрылған «Алатау» театрының бір жылдығына орай концерт ұйымдастырылып, жырдан шашу шашып, құлақ құрышын қандыра ән әуелеткен күміс көмей, жез таңдай әншілер көпшілікке нағыз өнер жәрмеңкесін ұсынды. Әртүрлі ән мектебінің үлгісінде шеберлігін шыңдап жүрген музыка майталмандары қазақ өнерінің әрқырлы екенін, дамытқан сайын даралығы айқындала түсетін биік қасиетін бедерледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев айтқандай, «тыңдармандар осы кеште алғаш рет күй орындау шеберлігінің жеті, әншілердің бес мектебі мен екі бірдей жыршы-жыраудың үлгісін көрсеткен мықты орындаушыларды бірінші рет бір мезгілде, бір сахнада көрді». Тұс-тұстан қошамет білдіріп, қиқу қосқан көрерменнің көтермелегеніне арқаланып алған әншілердің өзі де: осыған дейін дәстүрлі өнер иелерінің басы бір жерде дәл осылай тоғыспаған еді десті.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ