Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың бұл жолғы жұмыс сапары ауылдық округтерден басталып, алдымен Мамлют ауданы Дубровное елді мекеніне ат басын тіреді. Мұнда орталықтың көркейтілуімен, фельдшерлік-акушерлік қосынның дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуімен танысты.
– Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ел дамуының басым бағыттары ішінде аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойды. Бұл қағидаттың сіздерге тікелей қатысы бар. Жергілікті жерлердегі өзгерістерді көп жағдайда ауылдық округ әкімдерінің белсенді әрекеттері мен ұйымдастырушылық қарым-қабілеттері айқындайды, – деді ұжыммен кездесуде Құмар Іргебайұлы.
Актив жиынында ауылдық округтің әкімі Галина Швецованың есебі тыңдалды. Округте 4 елді мекен, 540 үй, 1653 тұрғын бар. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 46 адам қатысқан. 984 адам еңбекке жарамды болса, 538-і ғана жалдамалы жұмысшылар санатында. Баяндамашы тұрғындардың өмір сапасын көтеру, кедейшілік деңгейін төмендету мәселелерін қозғаудың орнына тек жеткен жетістіктерді санамалаумен ғана шектелді. Жайылымдар мен мал азығы жетіспеушілігінен қосалқы шаруашылықтарда ірі қара малының азайғаны байқалады. Адамдардың егіншіліктен алатын пайлары мардымсыз. Бірде-бір кәсіпорын өңдеу ісімен айналыспайды. Бір шаруашылық қана ақтылы қой өргізеді. 446 адам қол қусырып, жұмыссыз отыр. Ақпаратты тыңдаған өңір басшысы атқарушы органның жұмысын сынға алды. Мен кездесуде алдағы жоспарлар, тұрғындардың кірісі қандай резерв көздері есебінен қаншаға ұлғаятыны, кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс істеу жайлы келелі әңгіме күткен едім. Сөз алған шаруашылықтың екі басшысы тарапынан ауылдастарының тұрмыс-тіршілігін жақсарту, жерді тиімді пайдалану, астық өндірісін әртараптандыру жайлы ұсыныстар айтылмады. Нақты істерге терең бойлаудан гөрі жалпылама цифрлар, құрғақ баяндаулар басым, қолға алынған әр істің нәтижесі болу керек, дей келіп, Қ.Ақсақалов жұмыспен қамту, табысты ұлғайту, жалақыны арттыру шараларына барлық әлеуеттік күшті жұмылдыру міндетін жүктеді.
Аймақ басшысы интернатқа соғып, осында жатып оқитын тәрбиеленушілердің хал-жағдайын сұрастырды. Олардың компьютерлер мен жиһаздарға мұқтаж екенін біліп, шешіп беруге уәде етті.
Ленин ауылдық оругінде де шетін проблемалар жетіп артылады. Үш елді мекеннің біреуі тарап, екіншісі құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Былтыр бұл округтен 180 адам көшіп кетіпті. Күнгей жақтардан 15 отбасы қоныс аударғанмен, оларға жер телімдерін берудің жан-жақты мүмкіндіктері тудырылмаған. Кәсіпкерлікті дамыту жобасына 8 адам ғана тартылған. Қ.Ақсақалов аудан әкіміне сең соққан балықша сендетіліп жүрген жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ықпал жасау, бұған аграршыларды жұмылдыру қажеттігін ескертіп, бау-бақшалықпен айналысуға кеңес берді.
Ал 2,5 мың адам тұратын Новомихайлов ауылдық округінде көрініс бөлек, жағдай басқаша. Еңбеккерлердің орташа жалақысы 93 мың теңгені құрайды. Бес агроқұрылым мен жеті жеке кәсіпкер егіншілікпен де, мал өсірумен де шұғылданады. Биыл мал және өсімдік шаруашылықтарына 100 миллион теңге субсидия беріліпті. 400 адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен. Күзгі егін орағы аяқталуға жақын. Майлы дақылдардың үлесі біршама артқан. «Новомихайловское» ЖШС директоры Геннадий Щеголев орақ науқанының барысы туралы баяндады. Шаруа қожалықтарының бірігуі есебінен егістік алқабы 14 мың гектарға жеткен.
Десек те, ауылшаруашылық өнімдерін ұқсату күрделі күйінде қалып отыр. Тұрғындар әлеуметтік дәріханада қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығын жеткізді. Аурухана салу мәселесін көтерді. Құнарлы жерлер жеткілікті болғанмен, өнім көрсеткіші әлі де төмен. Оның басты себебі озық технологиялардың тиімді қолданылмауында. Басты назарды бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға аударған жөн. Сүт жинайтын орталықтарды көптеп ашу керек, деді жиынды қорытындылаған Құмар Іргебайұлы.
Әлеуметтік қолдау бәсеңдемейді
Аймақ басшысы Ғ. Мүсірепов ауданында «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында тұрғызылған 50 пәтерлі тұрғын үйдің пайдалануға берілу рәсіміне қатысты. Нысанның құрылысына елуден астам адам тартылып, жергілікті материалдар пайдаланылған. Үш бөлмелі жайлы пәтерлердің біріне Амангелді Дәріпхан қоныстанды. Ол отбасымен Алматы облысынан көшіп келіп, Новоишим кентінде жұмысқа орналасқан. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Б.Амрина оңтүстік облыстардан 7 отбасының қоныс аударғанын, барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
– Халықты жайлы баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл мәселе – басты назарымызда. Бұған дейін үш-төрт жылда бір мың пәтер салып келсек, енді айналасы бір жылдың ішінде тұрғызатын болдық, – деді Қ.Ақсақалов.
Бұдан кейін ол Нежинка ауылдық округіне аялдап, әлеуметтік нысандарды аралады. Осындағы орта мектепте 168 бала оқиды. Алайда ғимарат ескі, күрделі жөндеуді қажет етеді деген өтініштер ескеріліп, тиісті орындарға жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу тапсырылды. Жұртшылық «Нежинка-Ерке» ЖШС басшылығы тарапынан атқарылып жатқан әлеуметтік көмектерге дән риза. Ірі қара мал саны көбейген. Астық шығымдылығы жоғары. Ең бастысы, бірде-бір отбасы көшіп кетпеген. Керісінше, келуге тілек білдірушілердің қатары қалың. Қызметкерлерге арналған 2 қабатты ескі тұрғын үй қалпына келтірілген. Жылу, су жүйелері тартылып, жергілікті «Капатурин» фирмасы шығаратын жиһаздар қойылған. Бес ауылда 3 мыңнан астам адам тұрады. Басым бөлігі жұмыспен қамтылса, 10 адам ғана жұмыссыздар санатында. Облыс әкімі егіншілік мәдениетін нығайтуға көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті.
Дружба ауылдық округі аумағында сапар «Iluka Exploration Kazahstan» тау-кен қазу кәсіпорнының жұмысымен танысудан басталды. Аустриялық «IlukaResources Limited» трансұлттық компаниясы цирконий және титан өндіруде әлемде жетекші рөлге ие. Қазақстан нарығында да табысты жұмыс істеп келеді. Аудан аумағында жерасты қазба байлықтарын барлаумен айналысуда. Кәсіпорынның атқарушы директоры Энтони Торнтон мырзаның айтуынша былтыр аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізіліпті. Енді сирек кездесетін металдар қоры анықталмақ. Оның қорытындысы қыста белгілі болады. Минералды құмдардың мол жиынтығы табылса, цирконий, титан, қалайы өңдейтін зауыт салу ойластырылған.
Бүгінде Целинное ауылында орталық жылу жүйесі сабанмен жылытылады. Жобаның құны – 30 миллион теңге. Компьютерлік режіммен басқарылады. Оған өндірістік учаскелер, тұрғын үй секторы, бюджеттік мекемелер қосылған. Дәстүрлі отынның орнына биомассаны қолданудың арқасында қаражат үнемделіп, ауаның ластануы барынша азайған. Серік Ыбыраев жетекшілік ететін «Целиннное-2004» шаруашылығында үлгі алатын мұндай тәжірибелер аз емес. Тұрғындар мен мектеп оқушылары үшін 10 гектар жерге картоп, қырыққабат, сәбіз өсіріп, мол өнім алыпты. «Береке-Агро» серіктестігі етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырларын жарты мыңға жеткізіпті. Мал бордақылаумен де айналысады.
Қаржының қайтарымы болу керек
Өңірде шағын жинақты мектептердің үлесі көп. Солардың бірқатары Тимирязев ауданында орналасқан. Мәселен, 200 орынға лайықталған Дмитриев білім үйінде 71 бала ғана оқиды. Биыл бірінші сыныпқа сегіз бүлдіршіннің барғаны, шағын орталықтың ашылғаны көңілге медеу. Осында ауыл тұрғындары жиналып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Ең маңыздысы – атқарушы билік пен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің күш-жігері ауылдықтардың өмір сүру сапасын нығайтуға бағытталуы тиіс. Бәрімізді алда қандай істер атқарылатыны толғандыруы керек, дей келіп, Құмар Іргебайұлы алдымен Тимирязев ауданының әкімі Ербол Сағдиевтың есебін тыңдады. Округте орналасқан 3 серіктестік пен 42 фермерлік қожалық астық өндірісімен қатар мал шаруашылығын дамытуға да ден қойған. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық алғышарттар жасалған. Өкінішке қарай, осындай мүмкіндікті мүлт жіберіп жатқандар жоқ емес. Аудан бойынша астықтың орташа шығымы 17 центнер болса, бұл округте 5 центнерге кем. «ҚазАстық өнімдері» ЖШС-де былтырғыға қарағанда, жалақы 2 мың теңгеге өскен. Бақшалық пен балық шаруашылығының экологиялық таза өнімдері үлкен сұранысқа ие көрінеді.
Москворецкий ауылдық округінде осы аттас серіктестік толайым табыстарға жетіп келеді. Оның жетекшісі Болат Дүйсембаев 19 мың гектарға бітік астық өсіріп, гектар берекелігін 18-20 центнерден айналдыруда. 591 тұрғыны бар ауылдың дені осы агроқұрылымда жұмыс істейді. Орташа еңбекақы 85 мың теңгені құрайды. Дәмхананың құрылысы аяқталып, баспана салу ісі жалғасын таппақ. Мектепте еңбек ететін 22 мұғалімнің 8-і жоғары санатты. 4 мультимедиялық кабинет жабдықталған. Алайда 220 орынды білім үйінде 67 баланың ғана оқитыны ойландырады.
– Көл-көсір пайда әкелетін дақылдарды көптеп егу арқылы астық саласын әртараптандыру басты талаптардың бірі екенін тағы да еске саламын. Бір тонна бидай – 43 мың, ал рапс – 120 мың, күнбағыс – 90 мың, жасымық 200 мың тонна тұратынын ескерсек, рентабельділікті көтеруге әбден болады. Сонда лайықты жалақы да төленеді, қаржының қайтарымы да болады, әлеуметтік қамқорлықтар да жасалады, – деді жиын қорытындысында Қ.Ақсақалов.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы