Астанадағы автобустардың қызмет көрсету сапасы жайлы мақала шыққаннан кейін («Қоғамдық көлік және жолаушы мәдениеті», «Егемен Қазақстан», 7 қыркүйек, 2017 жыл) бірнеше оқырман хабарласып, «Таксист болып бір-екі күн жұмыс істеп көріңізші, біраз мәселеге қанығар едіңіз» деп ой тастады.
«Менің ондай қызмет түрімен айналысуыма рұқсатым да, құқым да жоқ» деп едім, «Астананың көшелерінде ызғытып жүрген таксистердің қаншасында рұқсат қағаз бар екен?» деп өзіме қарсы сұрақ қойды. Сөйтіп, оқырмандардың өтінішін аяқасты еткім келмей, сенбі-жексенбі күндері төрт-бес сағат «таксист» болуыма тура келді.
Көлігімнің белдеуінде, не үстінде «такси» екенін айғақтайтын белгі жоқ болғаннан шығар, әйтеуір, бірінші күні Абай көшесі бойындағы көлік тұрағында бір жарым сағат уақытым босқа кетті. Ешкім жақындамайды. Шыдамым таусылған соң Абай көшесінің бойымен төмен қарай қозғалғаным сол еді, Уәлиханов көшесінің қиылысына жетер-жетпес тұста жап-жас қыздың қол көтеріп тұрғанын байқадым. Екі аралықта бес-алты метрдей бар еді, кенет қайдан келе қалғанын байқамай қалдым, дәл алдыма «Жигули» автокөлігі жарығын жарқ-жұрқ еткізіп тоқтай қалды. Мен қапелімде сасқалақтап, тежегішті басып үлгердім. Жол тәртібін бұзған жүргізушінің қылығына наразылығымды білдіріп, қос қолымды көтерген едім, байқамағандай болды. Санаулы секундтардан соң жарығы жарқылдаған «Жигули» жолаушы қызды отырғызып алып, алға қарай жылжи берді. «Таксист» болып жұмысымды бастаған бірінші күнгі алғашқы жолаушымды осылайша көз алдымда «қағып алып кетті». Сол күні көзім жетті, Астанада таксистер жолаушыларды күтіп бір орнында тапжылмастан телміріп тұрмайтын болып шықты. Көше бойлап жүріп отырып, қол көтеріп тұрған жолаушыны байқаса, соған тезірек жетуге ұмтылады. Кейде жол-көлік апатының болып жататыны да осыдан. Тіпті кей жағдайда бір жолаушы үшін екі-үш таксидің «кезекке» тұратынын байқадым. Жолаушылар да әккі болып алған ба деймін, кезекте тұрған таксистерді байқаған соң жолақысын да азайтуға тырысады екен. Екі-үш таксидің біреуі оның айтқан бағасына, амал жоқ, келісетінін біледі. Олар келіспеген күннің өзінде араға бір-екі минут салып басқа таксилер жетіп келеді. Осыны біліп алған жолаушылардың «қып-қызыл саудаға» баратынын көрдім. «Келіспесеңіз, басқа таксиге мінемін» деп қасқайып тұрады. Жолақы демекші, маған кездескен жолаушылардың, қаланың қай бұрышы болсын, айтқан бағасы біркелкі – 500 теңге.
– «Азия-парк» – 500 ... – «Думан» – 500 теңге... – Темір жол вокзалына 500 теңгеге апарасыз ба?
Кейде осы ақшаға төрт жолаушы салонды толтырып, мініп алады. Айтқан жеріне апарып тастайсың. Бақсам, көп таксистер 500 теңге үшін үш-төрт жолаушыны мінгізе бермейтін болып шықты. Жолаушылар да қуланып алған-ау шамасы. Өйткені автобусқа отырса төрт адамға 360 теңге кетеді, одан да 500 теңгеге таксимен барғанды қалайды екен.
Жарайды, мұның бәрі күнкөрістің, нәпақа табудың қам-қарекеті дейік. Қазақстанның бас қаласы – Астананың ана тұсында, мына бұрышында қол көтеріп тұрған жолаушылардың тұрысы, сіздерге қайдам, мен үшін өте ерсі көрінді. Тіпті, кейбіреулер теріс қарап қол көтеріп тұрады ғой. Заман алға озды. Байланыс түрлері көп.Таксиді тез арада шақырудың да түрлі жолдары бар. Керек десеңіз, қазір үлкеннің де, кішінің де қолында – смартфон. Такси шақыруға қолайлы интернет жүйесі бар. Басқа жақты айтпағанның өзінде, Павлодар, Қостанай, тағы басқа қалаларда такси шақырған заматта, лезде келе қалады. Әлде мұндай қызметтің құны көшеде қол көтеріп тоқтатқан таксимен салыстырғанда қымбат па? Онда тиісті мекемелер бұл мәселені шешудің жолын қарастырғаны жөн.
Астана қалалық ішкі істер департаменті такси жүргізушілердің қызметін тәртіпке келтіру мақсатында 12 қыркүйектен бастап заңсыз жолаушылар тасымалдайтын такси жүргізушілеріне ескерту беру үшін айлық жариялап отыр. Бұл – көлік жүргізушілерімен бірге жолаушыларға да құлаққағыс. Себебі елордада жолаушы тасымалдаумен айналысып жүрген жүргізушілердің көбінің көлігі ескі. Техникалық талаптарға сай емес. Оның үстіне көлік иелері күн сайын медициналық тексеруден өтпейді. Осының бәрі адам өмірі үшін өте қауіпті. Сондықтан айлық барысында әкімшілік полиция, көліктік бақылау инспекциясы мен мемлекеттік кірістер департаменті және басқа да мекемелер келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында жұмыла жұмыс істеуге кірісіп отыр. Басты мақсат – жолаушы тасымалдаумен айналысатындардың жұмысы заң аясында болуы тиіс. Енді көшенің кез келген тұсында тоқтай қалып, жол қозғалысына кедергі келтіруге, жолаушы тасымалдаумен заңсыз айналысуға, автобустарға арналған жолақ бойымен жүйіткуге шектеу қойылмақ. Тәртіп бұзған жүргізушілер айыппұл төлейтін болады. Ал – такси қызметінің құнына байланысты Астана қаласы жүргізушілер қауымдастығы тарифтерді қайта қарастырмақ.
Яғни жолаушы тасымалдап, нәпақа тапқыңыз келсе, енді заң мен тәртіпке бағынуыңызға тура келеді.
Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»