• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қыркүйек, 2017

Шекара шебіндегі тірлік

538 рет
көрсетілді

Келесі жылы Марқакөлдің жағасындағы Ұранқай ауылында жаңа мектеп бой көтереді. Бұрын Марқакөл ауданының орталығы болған Теректі (қазіргі Марқакөл) елді мекеніндегі ауылдық аурухана да күрделі жөндеуден өткізіліп, емхана ішінен 10 орындық перзентхана ашылмақ. Сегіз ай қытымыр қысы бар, облыс орталығынан тым шалғайда орналасқан, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі, шекара түбіндегі ауыл тұрғындарына мұндай жағымды жаңалықты Марқакөл өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында өңір басшысы Даниал Ахметовтің өзі жеткізді. Ұранқай ауылындағы білім ордасы осыдан бірнеше жыл бұрын апатты деп танылған болатын. Тәрбие ошағының жағдайын көрген облыс басшысы Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаевқа 80 немесе 100 орындық мектептің құжаттарын әзірлеуді тапсырды.  

Он орындық перзентхана ашылады

Шекарада тұрса да жыл сайын халық саны азайып бара жатқан Мар­қа­көл өңірінде жергілікті жұрттың арқа­сына аяздай батып жүрген жолдың нашарлығы, байланыстың жоқтығы секілді толғақты мәселелер аз емес. Өңір басшысының алыстағы ауылға күнде келе бермесі де белгілі. Содан да болар Ұранқайдың тұрғындары өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді әкімге айтып қалуға тырысты. Марқакөлдің жағасындағы ауылдың 70 жастан асқан тұрғыны Валентина Сосновских «Марқакөл ауылындағы ауруханада жабылып қалған перзентхананы қайта ашса, шалғайдағы өңірдің аналарына көп көмек болар еді. Әйтпесе, 200 ша­қырымнан асатын аудан орталығы Күршім мен 500 шақырымға жуық жердегі Өскеменге жету оңайға соқ­пай тұр. Осы мәселені шешуге жәр­дем­дессеңіз», деген өтініш айтты. Қиырдағы қарияның сөзі әсер етті ме, әлде шалғайдағы елді мекендегі аурухананың жағдайына бұрыннан қанық па, Д.Ахметов Ұранқайдан кейін бірден Марқакөл ауылын бетке алып, ондағы емхана ұжымымен кездесіп, рентген, УЗИ кабинеттерімен танысып, емделушілермен сөйлесті. Бұрын жұмыс істеген перзентхана бөлімін де көрді. «Шекара шебіндегі өңір тұрғындарының жағдайы әрдайым Елбасының назарында. Бұрын аудан орталығы болған Марқакөлдегі мәселелер біртіндеп шешімін табады деп ойлаймыз. Ауылдық аурухананы күр­делі жөндеуден өткізуге 80 миллион теңге қаржы бөлеміз. Күршім аудандық ауруханасының бас дәрігеріне 10 орындық перзентхана ашуды тапсырамын», деді облыс әкімі. 

Марқакөл өңіріндегі жұрттың көп жылдан бері басын ауыртып, балтырын сыздатып жүрген үлкен мәселенің бірі – Теректіден Төсқайыңға дейінгі ой-шұңқыры көп тас жолдың жағдайы. Биыл осы жол тұңғыш рет асфальт­талып жатыр. Жуықта Күршім ауда­нына іссапармен барғанымызда жол-жөнекей жол салушылармен сөй­лестік. Олар мұндағы жұмыстардың мамыр айында басталғанын, қазіргі уақыт­та Ақжайлау ауылынан әрі қарайғы 4 шақырымға жуық аумақты асфальт­тап жатқандықтарын жеткізді. Аудандық құрылыс бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, бұған дейін асфальтталмаған бұл жолды қалпына келтіруге 240 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. «Амандық болса, келесі жылы аяқтауды жоспарлап отыр­­мыз. Мұнда 30-ға жуық адам жұ­мыс істеп жатырмыз», дейді «СК Зай­сан» ЖШС-нің қызметкері Жасұлан Әубәкіров.

Шанағаты тұрғындары заставаның жабылмағанын тілейді

Жол демекші, соңғы жылдары Марқакөлдің ауылдарын жалғайтын тас жолдардың жөнделіп жатқаны байқалады. Әсіресе Төсқайың мен Шанағаты, Балықтыбұлақ ауылдары арасындағы жолдармен жаңбырлы күндері жүру мүмкін емес болатын. Отыз шақырымға жуық жерді бір жарым-екі сағатқа жуық жүруге тура келетін. Төсқайың ауылдық округінің әкімі Алиджан Беткембаев Шанағаты мен Балықтыбұлақ ауылдарына баратын жолдардың жартысына жуық бөлігіне қиыршық тас төгілгенін, қалған аумағын тегістеу үшін облыстық бюджетке өтінім жіберілгенін айтады. Жақында Күршім ауданында іссапармен болғанымызда Марқакөлдің ең түкпіріндегі, шекараның дәл түбін­дегі, еліміздегі ең суық ауыл саналатын Шанағатының тұрғындарымен аз-кем сөйлесудің сәті түсті. Кез келген ауылды сақтайтын мектеп қой. Мұндағы білім ордасында да бала саны жылдан- жылға азайып барады екен. Мектеп директоры Назархан Шәкенов қазір тәрбие ошағында 20 оқушы бар екенін, мектепті сақтау үшін өзге ауылдардан отбасыларды шақырып, өздерінше қарекет қылып жатқандықтарын жеткізді. «Балық­тыбұлақ ауылынан бізге екі отбасы көшіп келді. Бірақ мұның өзі аздық етеді. Халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердің тұрғындарын мемлекеттік бағдарламамен өзге облыстарға көшіріп, жұмыспен қамтып жатыр ғой. Сол бағдарламамен біз секілді халық саны азайып бара жатқан шекаралық аймақтарға тұрғындарды көшіріп әкелсе жақсы болар еді», деген мектеп директоры ауыл іргесінде көп жыл жұмыс істеген заставаның жабылып, шағын бекетке айналғаны да оқушылар санының азаюына ықпал еткенін айтып қалды. Застава демекші, бір бай­қағанымыз, Шанағаты тұрғындары жабылған заставаның қайта ашылғанын қалайды. Бұған себеп те жоқ емес секілді. Біріншіден, мектепте оқушылар саны көбейеді. Екіншіден, әскердің аты әскер. Әскер жүрсе, елдің іргесі де бүтін, халықтың көңілі де алаң болмасы анық. Реті келгенде айта кеткеніміз артық болмас, Марқакөл өңірін ара­лағанда мұндағы тұрғындардың көп­шілігі Қытай тарабы өз шекарасын бекемдеп, жүйелерін толық жаңартып алғанын сөз етіп, біздің шекарадағы бағаналардың тозыңқырап тұрғанына алаңдайтындығын білдіріп, заставалар жаңғыртылса деген жанашырлық тілектерін де жеткізіп жатты. 

Азамат ҚАСЫМ,  «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы,  Күршім ауданы