Сауда Арабиясы Королі Салман ибн Абдул-Азиз әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат беретін Жарлыққа қой қойды. Құжат 2018 жылдың маусым айынан бастап күшіне енеді.
Корольдік әйелдері тарихта алғаш рет көлік жүргізуге рұқсат алды. Басылымның хабарлауынша, бұл ақпаратты Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі де растап отыр. Монарх бұл шешім қоғамға оң әсер етеді деп ойлайтынын айтыпты. Бірақ Жарлықта автокөлік жүргізу шариғат заңдарына сай болу керектігі айтылған.
Сондай-ақ құжат бойынша ішкі істер, қаржы, еңбек және әлеуметтік даму министрліктерінің қатысуымен жоғары деңгейлі комитет құрылып, 30 күннің ішінде куәлік беру тәртібі қарастырылатыны айтылған.
"Бұл Сауд Арабиясы әйелдері үшін үлкен жеңіс. Бұл проблемамен әйелдер бірнеше жыл емес, өмір бойы күресіп келді. Тіпті, әйелдерге көлік жүргізу керек емес деген де ойлар айтылды", дейді Сауд Арабиясы Шура кеңесінің мүшелері.
БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш бұл шешімді қолдайтынын білдірді. Ол өзінің Туиттердегі парақшасында "Сауд Арабиясының әйелдерге көлік жүргізу құқығын бергенін қолдаймын. Бұл дұрыс бағыттағы маңызды қадам", деп жазды.
Осы күнге дейін Сауд Арабиясында әйелдердің көлік жүргізуіне тікелей тыйым болмаса да, оларға жүргізуші куәлігі берілмеді.
Естеріңізге сала кетсек, Сауд Арабиясында 2011 жылдан бастап әйелдер құқығы бойынша өзгерістер енгізіле бастады. Сол кезде Абдалла атты Король әйелдерге шураға, яғни Корольдік үкіметіндегі кеңес органына сайлануға рұқсат берді. Одан кейін 2012 жылы әйелдер алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысса, 2015 жылы муниципалді сайлауға қатысу құқығын иеленген болатын.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"