Жақында ғана Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Шығыс Қазақстан облысы 140-қа жуық «жасыл» энергетика саласындағы жобаларын ұсынған болатын.
Енді осы жобалардың бірқатарын өңірде жүзеге асырып, ел игілігіне жарату көзделіп отыр. Бұл жобалар сәтімен іске асырылған жағдайда жақын жылдарда біздің өңірде өндірілетін электр энергиясын еліміздің өзге аймақтары өзіндік бағасымен сатып алуға мүмкіндік тумақ. Осындай ауқымды жобалардың бірі «Энергия белдеуі – ШҚ орталығы» деп аталады. Қазіргі уақытта аталған орталықтың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталыпты. Аймақта күн энергиясын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын «Жаңғыз Солар» жобасын іске қосу үшін испаниялық «АRESOL» компаниясымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Стансаның болжамды қуаты – шамамен 35 мегаватт. Жуық арада іс-әрекет жоспарын әзірлеу мақсатында осы компанияның өкілдері облысымызға келмек.
Жел энергиясы саласындағы қалған екі жоба да қарқынды түрде жүзеге асырылуда, олардың қуаты шамамен 62,5 мегаватты құрайды. Қос жоба энергия қуатын 200 мегаватқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Жоспар бойынша стансалар Жарма ауданына орналасады. Бастамашысы «ВЭУ-Шар» ЖШС болып табылатын бірінші жоба бойынша барлық құжаттар дайын. 33 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы сомасы – 68 миллион доллар. Екінші жел электр стансасының құны – 18 миллиард теңге. Нысандарды іске қосу келесі жылдың екінші жартысына жоспарланған.
Журналистерге арнайы сұхбат берген облыс әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқандығын жеткізді. «Энергетикадағы басым бағыттардың бірі – су энергетикасы. Облыста бұл тарапта да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Тұрғысын ГЭС-1» жобасы қарқынды іске асырылып, бөген салынуда. Бас мердігер – Қытай мемлекеттік су энергетикалық кешен компаниясы. Осы кешеннің екінші су стансасына қатысты айтар болсақ, жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Осылайша, облыста 5 үлкен жоба жүзеге асырылуда», – дейді аймақ басшысы.
Жаңа энергетикалық қондырғылар Шығыс Қазақстанға сағатына 1 миллиард киловаттық энергия тапшылығын жабуға мүмкіндік бермек.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы