Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында мұсылман қыз-келіншектерге арналған, ұлттық айшықтағы заманауи киім үлгілерінің республикалық «Әсем киім – әйел көркі – 2011» байқауы қорытындыланды.
Алматыға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары білікті имамдарды, исламтанушылар мен дінтанушыларды, араб тілі мен әдебиетінің аудармашыларын даярлайтын Нұр-Мүбәрак Египет Ислам университетінде болып, діни тәлім алып жатқан түлектермен кездескенінде қазақ ұлтының мұсылман халық екендігін, бізге мұсылмандығымызды, қазақтығымызды сақтап қалу үшін ешқашан да ұлттық құндылықтарымыздан, әдет-ғұрпымыздан көз жазбауымыз керектігін, жас мамандардың күні ертең үлкен дін қайраткері боп қалыптасып, мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосатындықтарын баса айтқан еді. Сол кездесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі осыдан екі ай бұрын Діни басқарманың бастамасымен еліміздегі қыз-келіншектерге арналған ұлттық нақыштағы мұсылман киім үлгісіне байқау жарияланғанын, байқау нәтижесі жуырда қорытындыланатындығын жеткізген. Міне, сол межеге жетіп, қала төріндегі кең сарайда дүбірлі жиын болып өтті.
Айтулы шараны еліміздің Бас мүфтиі, хазірет Әбсаттар қажы Дербісәлі ашып, байқаудың мән-маңызы жайлы қысқаша айтып өтті.
– Ұлттық айшықтағы заманауи киім үлгілерін тіктіру арқылы тек мұсылманшылыққа бет бұрған қыздардың мәселелері шешіліп қана қоймайды, сонымен бірге қазақылығымызды насихаттауға, нығайтуға үлкен мүмкіндік болады. Бұл арқылы ең әуелі біз қыздарымызды қазір жаһанды жайлап жатқан жалаңаштану саясатынан сақтап қаламыз. Ұлттығымызды сақтап қалудың бір жолы – ұлттық киімдерімізді кеңінен насихаттау. Тек насихаттау емес, оны күнделікті өмірде киіп жүру. Діни басқарманың қолға алып отырған ісі кешегі жоғалтқан құндылықтарды қайта жандандырудың, мұсылмандық парызымызды орындаудың әрекеті. Осы шара арқылы иманын ойлаған аяулы қаракөздердің киім жайлы мәселелерін шешуге үлес қосқан болсақ, мақсатымыздың орындалғаны, – деді Бас мүфти сөйлеген сөзінде.
Әурет жерлерді қымтап ұстау, шариғатқа сай киіну белгілі бір ағымның белгісі емес. Адамға намаз оқу, ораза ұстау қандай бұйрық болса, Құранның талабына сай киіну де дәл сондай бұйрық етілген. Ендеше, Діни басқарма бастап, еліміздің бетке ұстар ірі компаниялары қолдап, айтулы азаматтарымыз қазылық еткен бұл байқаудың қазаққа берері көп. Олай болса, бұл байқауға екі жүзге тарта киім үлгісі қатысып, соның алпысы іріктеліп алынғанын да айта кетсек дейміз. Ең ғажабы, жаңа үлгіде жинақы етіп тігілген, ұлттық нақышқа бай киім үлгілерін киген қыздар легі сахна төріне көтерілгенде жиылған көпшілік бір жағы қуаныштан, бір жағы ұлттық мақтаныштан болар, толассыз қол соғумен болды.
Қазылардың талабынан сүрінбей өтіп, көрерменнің ілтипатына бөленген үздік киім үлгісі ретінде бас бәйгені «Ерке Нұр» сән театры ұсынған «Қаракөз» сәнді киім үлгілері топтамасы жеңіп алса, бірінші орын Гүлжан Рысбековаға, екінші орын Ғалия Қайдауылқызы мен Зүлфия Ақатаеваға бұйырды. Ал үшінші орынға Тоғжан Рымбаева, Майра Ахметова, Назгүл Семғалиевалар ие болды. Бес ынталандыру жүлдесі мен демеушілердің арнаулы сыйлықтары жас дизайнерлер Айша Кеңесбай, Динара Парманова, Индира Біртубаева, Гүлқайша, Досжан, Фатима Бизақовалардың еншісіне бұйырды.
Киім киюдің де өнер екендігін, әр ұлттың бет-бейнесі мен мәдениетінің келбеті екенін танытқан бұл байқаудан түйгеніміз, жаһанның түкпір-түкпірінде әр түрлі ұлттар мұсылман дінін ұстанып, шариғи талаптарға сай киінгенімен, әр ұлт өзінің ұлттық реңін жоғалтпаған кезде ғана еліктеп-солықтаудан азат, шынайы мұсылман екендігін паш ететіндігіне жұрттың көзі жетіп, көңілі сенді деуге болады. Иә, қара түсті матадан тігіліп, тек көзді ғана ашық қалдыратын киім үлгілері қасиетті Құранда парыз етілмегеніне бұл шара баршаның көңілін оятып, көзін ашты деуге болады.
Байқаудың қорытынды кешінде қазақ эстрадасының жұлдыздары Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, «Серілер», «Жігіттер» тобы және басқа да өнерпаздар жырдан шашу шашты. Балуан Шолақ спорт сарайына жиылған көпшілік бұл шара келер жылы да өз жалғасын табады деген сеніммен тарқасты.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.
Суреттерді түсірген Азамат ҚҰСАЙЫНОВ.