Сенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласындағы бірқатар нысандарда болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы дендросаябақта болды. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Президентке қалада саябақ аймағын дамыту жоспары туралы баяндады.
Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінде болды. Университет жоғары білікті имамдарды, исламтанушыларды, дінтанушыларды, араб тілі мен әдебиетінің аудармашыларын даярлауды жүзеге асырады. Қазақстанның Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі мен университет ректоры Махмұд Фахми Хиджази Мемлекет басшысына жаңа оқу-әкімшілік корпусын таныстырды. Президент мәжіліс залын, аудиторияны, компьютер және лингафон кабинеттерін қарап шығып, оқушылармен және оқытушылармен әңгімелесті.
– Университетті құрудағы мақсат – қазақстандық мешіттерде жұмыс істейтін өз мамандарымызды даярлау болып табылады. Сіздер исламды оқумен қатар, біздің халқымыздың ежелгі тарихы мен бай дәстүрлерін де ұмытпауларыңыз керек. Тарихты, мәдениетті, әдебиетті, философияны білулеріңіз керек. Оқуды бітіргеннен кейін Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мешіттерде жұмыс істейтін боласыздар. Сіздер біздің қоғамдағы бірлік, бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты маңызды екенін адамдарға түсіндірулеріңіз қажет, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.