БАСТАМА ҚАЛАЙ ТУДЫ?
Кең-байтақ қазақ елі тәуелсіздік алған небәрі 20 жыл ішінде адам нанғысыз жетістіктерге қол жеткізді. Мысал керек пе, олар жеткілікті. Нарықтың өтпелі кезеңінен сүрінбей өтіп, ел экономикасын біртіндеп түзей бастадық. Ірі зауыттар мен өндіріс ошақтарының «екінші тынысын» ашу оңайға соқпағаны белгілі. Тар жол, тайғақ кешуден әупірімдеп өтіп, алға қарай жылжи бастадық. Елбасы Н.Назарбаевтың кемел басшылығы нәтижесінде Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Күні кеше Астанада өткен Саммит, ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасау, Қысқы Азия ойындарын ел есінде қалатындай мәнді өткізу еліміздің абыройын асқақтатты, қазір бүкіл әлем жұртшылығы бізді таныды, мойындады. Тәуелсіздіктің 20 жылында, қысқа мерзім болса да биік белестерге жеттік. Жан басына шаққандағы табыс ТМД елдері бойынша алда тұр. Адамдардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Биыл мерекелі де берекелі жыл. Астықтан бұрын болмаған нәтижеге қол жетті. Ендеше, ел тәуелсіздігін есте қалатындай, кейінгі ұрпаққа сабақ боларлықтай атап өтсек, абырой емес пе! Осыдан бір жарым ай бұрын Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері өткен болатын. Кендіалтайлықтар жергілікті жерде өндірілген көкөніс, ет, сүт өнімдерін саудалап қана қоймай, Алтайдың табиғаты, қазба байлықтары, балы, басқа да жетістіктері көрмесін өткізіп, ән мен жырдан шашу шашқан еді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастап барған делегация білім ордаларында болып, еліміздің бас қаласында білім алып жатқан жастармен жолығып, мектептерде кездесулер өткізді. Астанадағы Шығыс Қазақстан облысының күндері мәнді де сәнді өтті. Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Дархан Мыңбай «Егемен Қазақстан» республиқалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановпен пікір алмасқан кезде өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы еліміздің жүрегі Астана қаласының күндерін Шығыс Қазақстан облысында өткізсек, еліміздің қол жеткен табыстарын насихаттаумен бірге кейінгі ұрпаққа тамаша үлгі-өнеге болар еді деген ойын білдірген. Мемлекеттік хатшы мен Астана қаласының әкімі бұл ұсынысты қызу қолдаған еді.АСТАНАНЫҢ ӨРКЕНДЕУІ – ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАМУЫ
Сонымен, Астана қалалық мәслихатының хатшысы Е.Оспанов, қала әкімінің орынбасары Қ.Сұлтанбеков бастап келген қонақтарды облыс әкімі Б. Сапарбаев әуежайдан қарсы алды. Қонақтардың ішінде өнер және мәдениет қайраткерлері, халық қалаулылары, еңбек озаттары бар. Олар өздеріне құрмет көрсетіп, шақырғандары үшін өңір басшысына алғысын білдіріп, Өскемен мен Астана қаласының бұл ынтымақтағы байланыстары жемісін береді деген ойларын жеткізді. Бұдан кейін қонақтар Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің технопаркіндегі «Астананың өркендеуі – өңірлердің дамуы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына қатысты. Оны Гумилев атындағы Еуразия университетінің проректоры Д. Қамзабекұлы жүргізіп, сөзді облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына берді. – Астана – біздің жүрегіміз, Қазақстанның имиджі. Адамдарды достық пен татулыққа, бірлікке шақыратын Астана қаласы күндерінің Өскеменде өтіп жатқаны тарихи оқиға. Біздің шақыруымызды қабыл алған қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке алғысымыз шексіз. Мына бір жағдайға ерекше тоқталғым келеді. Астана қаласының күндері тұңғыш рет жақында ғана Қытайдың Бейжің қаласында өткен. Ал өңірлер арасында астаналықтар қала күндерін алғаш рет көне түріктердің Отаны – өр Алтайдың төрінен бастап отыр. Ендеше, сіздерге, Елбасына, бүкіл астаналықтарға, қазақстандықтарға мықты денсаулық, амандық тілеймін, – деді өңір басшысы жиынды ашып тұрып. Л.Гумилев атындағы ұлттық университеттің тележурналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор Ғадылбек Шалахметовтың «Алтай — Еуразия цивилизациясының алтын бесігі» атты баяндамасын жиналғандар ынта қоя тыңдады. Қарымды қаламгердің Алтай туралы түсінігі терең болуының бір сыры – ол өзінің жастық шағында осы мекенде болып, талай зерттеулер жасаған екен. «Алтай – көк түріктерінің Отаны. Ал бүгін астаналықтар өздерінің ата-бабалары мекендеген қасиетті де киелі Алтай топырағына аяқ басып тұр. Ендеше, сіздерге табыс, сәттілік тілеймін», деп ойын аяқтады белгілі тележурналист. Парламент Мәжілісінің депутаты болған, Семей өңірінің проблемаларын шешуде талай батылдық танытқан, қазір Еуразия университетінің профессоры Нәубет Қалиевтың баяндамасы да тартымды болды. Ол Кенді Алтайдың кешегі қиындықтарды жеңу кезіндегі батыл іс-қадамдары, қазіргі қол жеткен табыстары жайлы айта келіп, Астана қаласының экономикасы жайлы да тың ойлар білдірді. «Астана қаласы күндерінің көне түріктердің алтын бесігі Алтайдан басталуында үлкен мән-мағына, астарлы ой бар. Елбасының кемеңгерлік басшылығы нәтижесінде еліміз алға батыл қадам жасауда. Қазір бүкіл әлем жұртшылығы Елбасын, Астананы жақсы біледі. Күні кеше 56 мемлекеттің басшылары Астана Саммитіне қатысқан кезде Қазақстанның қол жеткен табыстарына куә болып, ару Астананы өз көздерімен көріп, таңғалды. Қысқа мерзім ішінде бой көтерген ғаламат кешендер мен ғимараттарды салу шын мәнінде ерлік, өрлік», деді ғалым. Профессор Марал Хабдуллина, экономика ғылымдарының кандидаты Мерхат Айдарханов, Президент жанындағы архитектуралық кеңестің мүшесі, профессор Аманжол Чиканаев XXI ғасырдың туындысы әсем Астананың бой көтеруінде Елбасының табандылығы мен біліктілігі жатқанына баса тоқталып, алдағы уақытта еліміздің бас қаласында бой көтеретін көрікті кешендер мен әсем ғимараттар жайлы айтып берді. – Құрметті шығысқазақстандықтар! Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы. Осындай мерейлі бағдарлама аясында ел бірлігін еселеуге арналған ауқымды шаралар көптеп атқарылып жатыр. Бұл ретте сіздердің Астанаға тарту еткен мазмұнды мәдени бағдарлама мен сапалы өнімдер жәрмеңкесі елорда жұртшылығының айрықша құрметіне бөленді. Шығыс аймағы ежелден өнімді өндірісі мен тындырымды тірлігі жоғары өңір болса, Астана – еліміздің жүрегіне, тәуелсіздіктің тірегіне баланатын, өңірлерге – өнеге, аймақтарға – үлгі болып саналатын айшықты қала. Бүгінде қаламыздың өнер саласы өрге жүзіп, мәдениет мазмұны дара сипатта дамып келеді. Бұл ретте, осындай игі шаралар ел өңірлерінің өзара берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын еселеп, қарымын арттыра береді деген сенімдеміз. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі құтты болсын! – деген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың құттықтауын қалалық мәслихаттың хатшысы Е. Оспанов оқып берді. Одан әрі ол Астана қаласының қол жеткен табыстары жайлы қысқаша деректер келтірді.Меморандумға қол қойылды
Ғылыми-тәжірибелік конференция аяқталған соң келген қонақтар агроөнеркәсіп және азық-түлік тауарларының жәрмеңкесін тамашалады. Алтайдың балы, омарта шаруашылығы, панты дәрілері, басқа да өнімдер жиналғандардың назарын аударды. Бұдан кейін Е.Оспанов пен өңір басшысы тауар-экономикалық, туризмді дамыту, жылына екі рет осындай мазмұнды кездесулерді өткізу жөніндегі меморандумға қол қойды. – Басты мәселе – экономиканы өрге бастыру, екі өңірдегі кәсіпкерлердің бірлескен кәсіпорындарын құру, отандық өнімдерді шығару, – деді өңір басшысы баспасөз өкілдерімен кездесуінде. – Келешекте денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен өнерді дамыту, ұстаздар мен ғалымдар, студенттер арасында қарым-қатынасты жақсы жолға қою нәтижесін бермек. Мәселен, шәкірттер бір-бірімен білім саласындағы қол жеткен жетістіктерін анықтайтын олимпиадаларды жиі өткізсе, қандай тамаша болар еді. Қариялар мен балалар табиғаты тамылжыған Алтайда демалыстарын мәнді өткізіп, денсаулықтарын түзесе оң емес пе. Ал спорт бәсекелері де елдің қарыштап алға басуына оң ықпал етері сөзсіз. Алтайдың туристік бағыттары бойынша сіздер жиі келіп, оны жетілдіруге үлес қоссаңыздар, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Медицина саласында да пайдалы істер атқарылмақ. Бүгін Астананың білікті хирургтері бірнеше күрделі операция жасап, біздің дәрігерлерге тәжірибесін үйретті. Өнер мұражайында Астана қаласының жәдігерлері мен тарихи жетістіктері көрмесі ұйымдастырылды. Өз кезегінде келген қонақтар біздің мұражайда болды. Қазақстандық автоқұрастыру өндірісінің тұңғышы—«Азия авто» зауыты қазір шетелдіктердің 17 түрлі көліктерін шығарады. Тек Астана жұртшылығы ғана емес, бүкіл өңірлер осында құрастырылған өнімдерді сатып алса, отандық өндірісті қолдау деген осы емес пе. Елбасының отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасын да назардан шығармаған жөн. – Бұл меморандумға алдын ала әзірлендік, кенді Алтайдың өндірістік потенциалын зерттедік, ол мұнда керемет қарқынмен дамып келеді. Мәселен, жаңа энергияны тұтыну жөніндегі, технологияны жетілдірудегі жетістіктер баршылық. Туристік топтар тәжірибе алмасулары тиіс, Астананы сіздердің оқушыларыңыз өз көздерімен көріп, тамашалауы да назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта мұндай тиімді де пайдалы кездесулер жылына екі рет өтіп тұрмақ, – деді Астана қалалық мәслихатының хатшысы Ермек Оспанов.ӨСКЕМЕНДЕГІ АСТАНА КӨШЕСІ
Мыңдаған жүректердің қылын тербеген, көңілді саз Өскеменнің көшелерінде қалықтады. Әне, «Елім менің» әні шарықтап тұр. Қонақтар орналасқан «Шайни ривэ» қонақүйі алдына үлкен сахна орнатылыпты. «Астана қаласының мәдени күндеріне қатысушыларға жалынды сәлем!», деген жазуы бар стенд алыстан көз тартады. Екі қаланың арасындағы достық пен татулықтың куәсіндей Солнечная көшесінің тұрғындары үшін бүгін ерекше күн. Көшеге жаңа есім – Астана деген атау берілмек. Бұдан бір ай бұрын көше тұрғындарына сауалдама жүргізгенде олардың 83 пайызы көшеге Астана деген ат лайық деп жауап берген. Демек, бұл көше тұрғындарының бәрі де бұған түсіністікпен қарады деген сөз. Артынша қалалық мәслихаттың депутаттары көшеге Астана атын берген. Астана көшесінің салтанатты жағдайда ашылуы ғибрат аларлықтай болып өтті. Мұның алдында көше бойындағы Комендантка өзенінің бойы тазаланып, күл-қоқыстан тазартылып, онда көркейту жұмыстары жүргізілген. Өзендер өрнектеген Өскеменнің өзгеше реңге малынып, көркеюіне ерекше үлес қосып, тынымсыз жұмыстар атқарып жүрген қала әкімі Ислам Әбішев көше тұрғындарымен кездесу кезінде уәдесін беріп, мұнда біраз шаруалардың тындырылатынын айтқан. Шынында да, қазір көше бойына ағаштар отырғызылып, жолдың сапасы жақсара түскен. – Астана – тәуелсіздіктің жемісі, еліміздің мақтанышы. Аз жылдар ішінде ертегідей әсем қала тұрғызған Елбасына қазақстандықтардың алғысы шексіз. Қазір Астананы бүкіл әлем біледі, небір маңызды шаралар мен халықаралық дәрежедегі кездесулер де осы қаладан бастау алады. Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, біз бұл көшені бұдан да сәнді етіп көркейтеміз. Үлбі өзенінің жағалауын қазір көркейтіп жатырмыз. Астана атауымен жаңа аллея да аталмақ, – деді Бердібек Мәшбекұлы. – Өңір басшысы айтқандай, біз жаңа көшені қамқорлыққа аламыз, жан-жақты көмек жасаймыз. Өскемендегі Астана көшесімен келе жатқан адамдар еліміздің бас қаласында жүргендей болса, тамаша емес пе. Қазір Астанада Шығыс Қазақстан облысы өрендерінің атауымен 35 көше аталады екен. Олардың қатарында Абай, Әуезов, Потанин, тағы басқалар бар. Еліміз, Елбасымыз аман болсын, тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, – деді қалалық мәслихаттың хатшысы Ермек Оспанов. Бұдан кейін келген қонақтар мен өскемендіктер ағаш көшеттерін отырғызды. Қоғам қайраткерлері, ақын, жазушылар Әнес Сарай, Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Серік Тұрғынбеков, Несіпбек Айтұлы, басқа да өнер жұлдыздары ағаш отырғызды. «Мен бұл күнді ұмытпаймын. Қасиетті Алтай жерінде отырғызылған ағаш бүр жарып, ол Астана көшесінде жайқалып өсіп тұрса, нұр үстіне нұр!», –деді Төлен ағамыз. Сол күні Өскемендегі Назарбаев атындағы интеллектуалды мектепте «Астана – Отанымның жүрегі» атты ашық сабақ өтті. №15 кәсіби лицейде «Жанұя, мектеп, қоғам: қоғамды біріктірудегі сабақтастық», № 44 орта мектепте «Білім беру саласындағы басқару менеджменті» деген тақырыпта конференция өтті. Қ.Қуанышбаев атындағы сазды драма театры «Абай» және «Антивирус» атты спектаклдерді жұртшылық назарына ұсынды. Ол аншлагпен өтті. 23 қазанда Тұрсынбек Қабатовтың қатысуымен өткен «Көңілді тапқырлар театры» шоу-бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты. Орталық мәдениет үйіндегі астаналықтардың өнерін үстем еткен концерт тұрғындардың жүрегін баурап алды. Айтқали Жайымов басқарған Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрі «Сарыарқа» күйін орындаған кезде өскемендіктер үлкен қошемет білдіріп, орындарынан тік тұрды. Н.Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы, Абай әндері шырқалған кезде көрермендер бей-жай қалмай дүркіретіп қол соқты. Концерт соңынан облыс әкімі Б.Сапарбаев сахна төріне шығып, өнерпаздарға алғысын айтты. Келесі күні қонақтар «Ғашықтар аллеясы», Қалба тауының биік шыңына орнатылған «Қазақстан» деген айшықты жазуы бар монументті тамашалады. Сондай-ақ өнер мұражайы мен тарихи ескерткіш алаңын аралап көрді. Астана қаласы мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің концерті де жұрт көңілінен шықты. Қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары қала тұрғындарымен кездесулер өткізіп, ел тәуелсіздігі, 20 жылда қол жеткен табыстар жайлы айтып берді. Иә, Астананың Шығыс Қазақстандағы мәдени күндері ел есінде ұзақ уақыт сақталмақ. Ол әрі қарай жалғаса бермек.УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ЖҮЗДЕСУ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде астаналық ақын-жазушылармен өткен жүздесу де мейлінше мағыналы болды. Олар еліміздің шығысындағы іргелі оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Ал мұнда соңғы жылдардағы өзгеріс-жаңалықтар жетіп артылады. Ол туралы университеттің ғылыми кеңесінің мәжіліс залында өткен жүздесуде аталған жоғары оқу орнының ректоры, профессор Бейбіт Мамыраев баяндап өтті. Қазірде мұндағы студенттердің 60 пайызы қазақ бөлімдерінде оқиды екен. Ал облыс орталығындағы қандастарымыздың саны 30 пайызға енді жетіпті. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы облыстағы жарқын істер туралы облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков айтып берді. Мәселен, 20 жылдыққа 20 жарқын іс аясында облыс кәсіпкерлерінің күшімен ғана жалпы құны 5 миллиард теңгенің игілікті шаруасы атқарылыпты. «Туған елге тағзым», «Туған ел – алтын бесігім» акциялары аясында өтіп жатқан рухани шаралардың құнына ештеңе жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Университеттегі жүздесу негізінен Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлының шығармашылығына арналғанмен, онда қазақ әдебиетінің қазіргі жай-күйі туралы айтылмай қалмады. Кездесуге ақын-жазушылар Әнес Сараев, Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Серік Тұрғынбековтің қатысып, өздеріне қойылған сұрақтарға тиянақты түрде жауап бере отырып, Несіпбектің шығармашылығы туралы шын көңілден өз пікірлерін білдіре кетуі кештің шырайын келтіре түсті. Ал кешке университет ұжымының тыңғылықты әзірленгені байқалып тұрды. Соған орай кездесуге келген қаламгерлер де ашылып сөйледі. «Мен өзім шығыс өңірінің тумасы болғаныммен, Өскеменде өз оқушыларыммен алғаш рет жүздесіп отырмын. Осының бәрі ел тәуелсіздігінің арқасы», деді Несіпбек. Ол бүгінгі күнге дейін 20 шақты кітап, 30 поэма , 40-50 әннің сөзін жазған екен. Ерлік пен елдікті жырлаған оның дастандарының басым бөлігі егемендікке қол жеткеннен бергі кезеңде жазылған. Сондықтан қаламгерлеріміз не тындырып жүр деген тұрғыда айтылып жататын өкпе-наз артық па дейміз. Ал олармен осындай мазмұндағы жүздесулер бұдан да жиі өтіп жатса, орынсыз күңкілге жол берілмейтіндігі айтпаса да түсінікті.СЕМЕЙЛІКТЕРГЕ РИЗА БОЛДЫ
Облыс орталығы Өскеменде екі күнге созылған мерекелік шаралардың өз мәнінде өтуіне семейліктер де өздерінің лайықты үлестерін қоса білді. Яғни, мұнда екінші күні «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Семей қаласының күні өткізілді. Республика алаңында семейліктер күшімен өнер туындыларының, ұлттық қолөнер бұйымдарының, жергілікті тауар өндірушілер өнімдерінің көрме саудасы ұйымдастырылды. Оның сыртында балалардың қолданбалы өнер, кітап, қала мұражайларының, ұлттық мәдени орталықтарының көрмелері мен ойын-сауық, байқаулары өтіп жатты. Таңертеңнен-ақ қызып берген жәрмеңкенің өз мәнінде өтуіне Семей қаласына қарасты 14 ауылдық округ пен қаладағы ет және ұн-құрама жем комбинаттары, бройлер құс фабрикасы лайықты үлестерін қосты. Сөйтіп, түс ауғанша өскемендіктерге 12 тонна ет, 60 тонна көкөніс сатылды. Оның бәрі базар бағасынан біршама төмен болғандығы өз алдына бір әңгіме. Сонымен бірге, өскемендіктер болсын, қала қонақтары болсын семейлік қолөнер шеберлеріне ризашылықтарын білдіріп жатты. «Бүгін көп тауарымыз қолға тимей өтіп кетті. Астанада өткен облыс күндерінде де солай болған еді. Сондықтан өзара барыс-келіске не жетсін», деді Архат Оразғалиев деген бауырымыз. Өзара барыс-келіс демекші, сол күні семейліктер жоғарыда аталған акция аясында Өскеменде болса, ал Глубокое ауданы керісінше, Семейге келіп, мұндағылардың ықыласына бөленіп жатты. Мұның алдында осы жаққа облыстың қалған аудандарының баршасы осындай сапармен келіп қайтқан еді. Астананың Өскемендегі күндері семейліктердің осындағы тамаша мазмұнда өткен ойын-сауығымен қорытындыланды. Металлургтердің мәдениет сарайында өткен бұл мәдени шараға халық көп жиналды. Концерт басталмас бұрын сахнаға Астана қалалық мәслихатының хатшысы Ермек Оспанов көтеріліп, алғаш рет еліміздің шығысында басталып отырған Астана күндерінің өз мәнінде өткенін айта келіп, Шығыс Қазақстан облысының Астанада өткен күндерін насихаттауда белсенділік көрсеткен бір топ әріптестерімізге қала әкімінің алғысын жеткізді. Тамаша ойын-сауықтан соң екі күнге созылған шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзімен қорытындыланды. Ол өз сөзінде шығыс жұртшылығының Астанаға қарап бой түзейтінін айта келіп, семейліктерге де ризашылығын білдірді. Айтты айтпады, осы күні Семейден Өскеменге әр саладан бір мыңдай адам келіп, күн тәртібіндегі мәселеге өз үлестерін қосқан екен. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді халқымыз. Ендеше, сол ынтымақ-берекеден айырмасын деп тілейік. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы.* * *
Оймақтай ой
Марина МЫСЯГИНА, студент: Көшенің Астана атауына ие болуы бір-бірімізді жақындастырып қана қоймай, ел бірлігінің әлеуетін айқындай түседі. Мен Астана көшесінде тұратынымды мақтан тұтамын. Асылбек СӘБЕКОВ, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы: Бұрынғы Солнечная көшесінің атауы жақсы болғанмен, нақтыланбаған әрі түсініксіздеу еді. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Өскеменде Астана көшесінің ашылуы елдік пен өрлікті дәлелдегендей. Оның үстіне бұл көше екі өзеннің түйісетін әдемі жерінде тұр, сондықтан сұлулығымен көз тарта береді деген ойдамын.* * *
Қонақтар лебізі
Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Тек биылғы жаздың өзінде мұнда әртүрлі мазмұнда үлкен іс-шаралар өткізілгенін жақсы білеміз. Өскемендіктер бұл жолғы шараға да мұқият әзірленген екен. Соның қай-қайсынан болсын, отаншылдық, ұлттық рух, мерекелік көңіл-күй сезіледі. Соған ризамыз. Әнес САРАЙ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Мың рет естігеннен бір рет көрген жақсы дейді халқымыз. Бердібек бауырымыздың тың бастамаларынан бұрын да хабардар едік. Міне, енді ол Астананың Өскемендегі күндерінің мазмұнды өтуіне мейлінше жағдай жасай білді. Осы үрдіс еліміздің басқа қалаларында да жалғасын тауып жатса дейміз. Алда осындай береке-бірліктен айырмасын! Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын: – Шығыстың шырайы кіріп-ақ қалған екен. Адамдарының жүзінен де қуаныш лебі сезіледі. Маған, әсіресе университетте өткен кездесу өте ұнады. Мағжан ақын айтпақшы, мұндай білімді, алғыр жастарға бек сенуге болады. Қазақша сайрап тұрған басқа ұлттың өкілдеріне, тіпті сүйсініп қалдық. Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын: – Өзім шығыстың тумасы болсам да, Өскеменде өз оқырмандарыммен алғаш рет кездескен екенмін. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Сондықтан тәуелсіздігіміз баянды болсын деймін.