Жексенбі, 23 қазан күні Түркияның шығысында қуатты жер сілкінісі болды. Зілзаланың эпицентрі Ван қаласының шығысынан 19 шақырымдай жерде деген болжамдар айтылуда. Алғашында зілзала салдарынан 500-ден астам адам құрбан болды деген ақпарат таратылған еді. Кеше бұл ақпаратты Түркияның ішкі істер министрі Идрис Наим теріске шығарып, жер сілкінісінен 217 адамның опат болғанын мәлімдеді. 1090 адам жарақат алған. Опат болғандардың 100-і Ван қаласының, 117-сі Ван провинциясына қарасты Эрджиш ауданының тұрғындары.
Құрбан болғандар қатары өсе түсуі мүмкін. Өйткені, құлаған үйлердің астында да адамдар қалып отыр. Түркиядағы Қызыл крест бөлімшесінің мәлімдеуінше, зілзала кезінде аталған аумақтарда арасында тұрғын үйлер мен жатақханалар бар 90-ға жуық ғимарат қираған. Ал зілзаланың күші 7 баллдан асқан көрінеді.
Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жер сілкінісінен Ван провинциясындағы түрме ғимараты да ішінара бүлінгенін, түрмеден 150-ге жуық бас бостандығынан айырылған адам қашып кеткендігін, бірнеше сағаттан соң олардың 50-і түрмеге қайта оралғандығын жазады.
Бұл зілзала Түркияда соңғы жылдары көрініс берген аса қуатты жер сілкінісі ретінде тіркеліп отыр. Өйткені, оның жерасты дүмпуі Иран мен Әзербайжан аумақтарында, сондай-ақ Грузияның Түркиямен шектесетін аудандарында да кәдімгідей сезілген. Жексенбіде түнге қарай Түркияның оңтүстік-шығысында тағы да жер сілкінді. «Рейтер» агенттігінің ақпараттары бойынша, оның күші 6,1 балл болған.
Адам өліміне соқтырған зілзала зардаптарын жоюға байланысты АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Израиль, тағы басқа елдер сол күні-ақ ресми Анкараға өздерінің көмектесуге әзір екендіктерін білдірген болатын. Анкара Израильдің көмегінен бас тартатынын бірден мәлімдеді.