Англияда елдің Еуропа Одағынан шығуына қатысты бүкілхалықтық референдум өткізу мәселесі көтеріліп отыр. Бірқатар ел тұрғындарының пікірінше, Англияға Еуроодақтан келіп отырған пайда шамалы. Елде оқшауланып өмір сүруге қарсылар қарасы да қалың.
Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің мәйіті жер қойнына берілді. Ол өзі аманат еткендей туған қаласында емес, құм арасына жерленді. Жанында қаза болған ортаншы ұлы да тыныш тапты. Үлкен ұлы әкесін өлтіргендерден кек алатынын мәлімдеп отыр.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов өз елінің батыры атағын алды. Бұл атақты тиісті қаулы қабылдау арқылы парламент берді. Депутаттардың шешімін бүкіл өңір өкілдері кіретін кеңесуші орган – ақсақалдар кеңесі қолдады. Олардың пікірінше, Бердымұхамедов ел тәуелсіздігін нығайтуға баға жеткісіз үлес қосыпты.
Түркиядағы зілзала салдарынан опат болғандар саны уақыт өткен сайын көбейе түсіп келеді. Соңғы деректерге қарағанда, қаза тапқандар 370 мың адамға жеткен. Бір қуаныштысы, қирандылардың астынан тірі адамдар да құтқарып алынып жатыр.
АҚШ-тың Техас штатындағы «Пантекс» кәсіпорнында «қырғи-қабақ соғыс» уақытынан қалған ең соңғы В53 сыныпты аса алып атом бомбасын залалсыздандыру жұмыстары аяқталды. Бұл үдеріс белгіленген кестеден бір жылға жуық уақыт бұрын тәмамдалып отыр.
Сириядағы бүлікшілер арнайы қызметтің антитеррорлық бөлімшесі колоннасына шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан кем дегенде жеті адам опат болды. «Рейтер» агенттігінің хабарлауына қарағанда, бүлікшілер сондай-ақ үкіметтік танкті қиратқан. Елде текетірес басталғалы екі жақтан мыңдаған адам көз жұмды.
Берлин полициясы жүзден астам мәшинені өртеп жіберді деп күдікке алынған адамды ұстады. 27 жастағы неміс астанасының тұрғыны бұл әрекетке ақша жетпегендіктен депрессияға ұшырап барғандығын мойындаған. Ол мамандығы бойынша кәсіби сылақшы екен.
Эстонияның мемлекеттік прокуратурасы осы елдің азаматы Михаил Горшковқа қатысты тергеу жұмыстарын тоқтатты. Оған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 3 мың еврейді өлтіруге қатысы бар деген айып тағылған болатын. Қылмыстық істің жабылу себебі, ықтимал қылмыскердің нақты кім екені анықталмаған.
Ресей Федерациясына қарасты Карелия автономиясында екі полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оларға Суоярви қаласындағы шіркеудің күзетшісін соққыға жықты деген айып тағылған. Мас тәртіп сақшылары күзетшіні аяқтарымен де, қолдарымен де аямай төмпештесе керек.
Ақпарат агенттіктері материалдары негізінде әзірленді.