«...Басқан аяқ кері кеткен заманда,
Жасымай алашына қызмет еткен.
Болса да қалың тұман қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен...».
Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Тарих қойнауына енген 2009 жыл – Қазақ елінің жадында қандай оқиғаларымен қалды... Қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін әлемдік экономикалық дағдарыстың салқыны шарпып өтті. Соның салдарынан азық-түлік пен тұтыну заттары қымбаттап, инфляция өсімі байқалды. Сондай-ақ, жанар-жағар майдың бағасы шарықтады, ипотекалық пәтерлер құрылысы баяулады.
Осылайша «мың өліп, мың тірілген» қазақтың шымбайына батқан келеңсіз құбылыстар қылаң берді. Десе де, рухы биік қазақ қол қусырып отырған жоқ, әлемдік дағдарыстың дауылымен күресті. Біраз тынысы тарылғанмен, уақытша дегбірсіздену ахуалынан арыла бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ дамудың эволюциялық жолын таңдаған Қазақ елі дағдарыс арқылы жаңаруға нық қадам басты. Руханият белгілері – ізгілік пен тектілік бастаулары қайта жаңғырды.
Осы жылы еңселі елорда – Астана қаласында жалғасын тапқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезінде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) «Мен ізгіліктің тектілігін жетілдіру үшін ғана жіберілгенмін» деген тұжырымын тілге тиек еткен Елбасы осынау маңызды құралсыз қоғамның дағдарыстан дамудың әлдеқайда жоғары траекториясына шығуы мүмкін еместігін алға тартқан еді.
І. ДАҒДАРЫСТАН – ЖАҢАРУҒА
Қоғам дамуының заңдылығына сәйкес 2009 жылы елдің жетістіктерімен бірге қиыншылықтары қатар жүрді. Соның бірі – әлемдік экономикалық дағдарыстың әсері. Мамандардың пайымдауынша, нарықтағы тауарлар мен қызметтің сұранысы және тапсырысы арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуынан экономикалық дағдарыс туындайды.
Адамзат өркениеті даму тарихында дағдарысты кезеңнен өтіп отырған. Ерте дәуірде азық-түліктің жетіспеушілігінен, «өнеркәсіп төңкерісі» кезінде халықтың төлемақы қабілетінің нашарлауынан сұраныс төмендеп кетеді. Тауар өндірісі мен сұраныстың арасындағы тепе-теңдіктің сақталмауы дағдарысқа әкеліп соқтырады.
Соңғы екі ғасырда Америка және Еуропа елдерін қамтыған экономикалық дағдарыстар саны 20-ға жеткен. Тарихи мәліметтер бойынша ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жиілеген қаржылық дағдарыстар араға 10-12 жыл салып қайталанып отырған. ХХ ғасырдағы күйзелісті дағдарыс АҚШ, Англия, Франция, Германия және Ресей сияқты мемлекеттерді қамтыды. Дағдарыс өндірісті күйретті, жұмыссыздықты өсірді, қоғамдық қатынастарды шиеленістірді. АҚШ тарихында 1929-1933 жж. «Ұлы дағдарыс» атауымен қалды. Осы жылдары Нью-Йоркте акцияның бағасы күрт төмендеді, қоры бар «нарық ауруы» басталды. Елдегі іскерлік белсенділік құлдырап кетті, бұл дағдарыстың зардаптары қырқыншы жылдардың басына дейін сезілді.
Сол кездегі ресми мәліметтерге сүйенсек, АҚШ-та жұмыссыздық 14 миллион адамды құраған, барлығы 32 елді қамтыған бұл дағдарыстан 30 миллиондай адам зардап шеккен. Өнеркәсіп өндірісі 24 пайыздан 46 пайызға қысқарған.
Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін Англия, Канада, Бельгия, АҚШ, Нидерланды елдерін шарпыған экономикалық дағдарыс кезінде 10 миллион адам жұмыссыз қалған. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдары мұнай өндіру көлемінің төмендеуінен «энергетикалық дағдарыс» көрініс берді. Осы кезде мұнай өндірушілер нарықтағы мұнайдың бағасын ұлғайтуға тырысты, баррель бағасы 3 доллардан 12 долларға өсті.
Тоқсаныншы жылдардағы Азия дағдарысы аймақтағы валюта девальвациясы мен төлемақы балансының жетіспеушілігінен туындаса, Ресейдегі дағдарыс айналымдағы рубль бағамының күрт төмендеуінен байқалды. Осы кезде коммерциялық өндіріс тоқырап, халық кедейленді.
Мұндай көріністер үшінші мыңжылдыққа да жетті. 2007 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс жылжымайтын мүлік операциялары, құрылыс, банк секторларын қамтыды. Сондай-ақ, сауда мен құрылыс материалдарын өндіруге кері әсерін тигізіп, шағын бизнес зардап шекті.
Әлемдік дағдарыс салдарынан 2007-2008 жж. Қазақстан экономикасының қаржы және құрылыс салаларында құлдырау байқалды. Шикізат тауарларына сұраныс кеміді, халықты еңбекпен қамту және баға түсіп кетті. Жалпы, елдің экономикалық өсу қарқыны төмендеді. 2007 жылы ішкі жалпы өнім 8,5 пайызға өссе, 2008 жылы 3,1 пайызға төмендеген, 2009-2010 жж. көрсеткіштер де мәз емес. Дағдарыстың алғашқы жылдары инфляция орта есеппен 17 пайызды құраған. Осы кездері бір бөлке нанның бағасы 70 теңгеге өсіп кетті.
Халық банкі мәліметтерінде несиелендіру жүйесіне халықтың 42 пайызы (3455 мың адам) тартылған, соның ішінде фирмалар 10 пайызды құраған. Қаржылық дағдарыс халықтың несиені қайта рәсімдеу кезінде байқалды, басқаша айтқанда, банктен алған алғашқы несиесін жабу үшін алынған екінші несиені өтеу қиынға соқты. Осылайша ел-жұртымыз қарызға батты. 20-22 пайыз үстемемен несие алған адамдар, жұмыстың қысқарып, жалақының азаюы салдарынан қайтару мүмкіндігінен айырылды. Тіпті, осы кезде небір сорақы әрекеттерге бел буғандар да табылып жатты. Қазақтың белбауын босатпау үшін осындай сынақ керек те шығар...
Еліміздегі білім және ғылым саласындағы несиелендіру жүйесі – студенттердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталды. ҚР БжҒ «Қаржы орталығы» арқылы студенттер несиеге кез келген жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндіктер алды. Дегенмен, 2008-2009 оқу жылы студенттерге ауыр тиді. Елдегі жұмыс орындарының қысқаруынан ақылы негізде оқитындардың жүйкесі жұқарды, 200 мыңнан астам студентке оқудан шығу қаупі төнді. Бұл мәселе депутаттық сауалдама арқылы Үкімет мінберіне дейін көтерілді. «Нұр Отан» ХДП-ның назарына ілігіп, нәтижесінде ақылы негізде оқитын 3 курстың озат студенттері үшін қосымша мемлекеттік гранттар бөлінді. Материалдық қолдауға аса зәру студенттерге ұзақ мерзімге жеңілдетілген несиелер берілді. Олардың жалпы саны 40 мыңға жетті.
Дегенмен, Елбасының бастамасымен 2009 жылдан бастап, әлеуметтік міндетті төлемдер мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті. Қазақстан Үкіметі, Ұлттық банк және Қаржы қадағалау агенттігінің 2009-2011 жж. арналған бірлескен жоспарына сәйкес, Ұлттық қордан 20 млрд. доллар көлемінде қаржы бөлініп, инвестиция ретінде экономика саласына құйылды.
Елбасы 2009 жылғы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауында «Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей еді. Ел болып ол қиындықтарды да еңсеріп өттік», дей келе, «дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады», деп қадап айтқан болатын.
2009 жылғы оң өзгерістер қатарында Астана қаласында ашылған Тұңғыш Президенттің бірінші интеллектуалдық мектебінің іске қосылуын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойын, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдығын атап өтуді, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ съезінің шақырылуын, Мұстафа Кемаль Ататүрік ескерткішін, «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа ғимаратын, «Керуен», «Азия-Парк» сауда-ойын-сауық, «Astana Financial Tower» іскерлік орталығын, т.б. құрылыс нысандарының пайдалануға берілуін атауға болады. Сондай-ақ, осы жылы Конституция күнін мерекелеуге арналған тұңғыш әскери шеру ұйымдастырылды. 2009 жылы тарихқа енген «Дағдарыстан – жаңаруға» ұғымының нақты көрінісі, міне, осылар.
ІІ. «ҚАРАӨТКЕЛ – АЛАШТЫҢ ОРТАСЫ»
«Қазақты автономия қылсақ,
Қараөткел – Алаштың ортасы,
сонда университет салып,
қазақтың ұл-қызын оқытсақ
«Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған,
Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты
тапқан қазақтың кім екенін
Еуропа сонда білер еді-ау».
Ә.Бөкейхан. «Г.Н.Потанин».
Қазақтың болмысы ертеден қорған мен қамал салғаннан гөрі сайын далада жылқы мініп, таза ауада еркін тіршілік етуге бейімделген. «Адам жүзге келмей өлмейтін, малы екі төлдейтін» жерді аңсаған Асан Қайғыдан Есілдің бойын көргенде «алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» деген сөз қалыпты. Алайда, қазақтың көшпелілік пен отырықшылықты қатар ұстағаны – ортағасырлық қалалар тарихынан белгілі. Қала әлемі – инновациялық технология әлемі, мұнда еуропалық өлшеммен индивидуализм мен кәсібилік басым түседі. Қай кезеңде болса да қала әлемі адамдарды ру-тайпалық санадан арылтып, ұлттық санасын қалыптастыруға жол ашқан. Осыған сәйкес елордасы – Астанада іскер адамдардың ерекше тобы қалыптасып келеді.
Кезінде академик Рымғали Нұрғали «Ақмола» энциклопедиясын шығару мәселесін көтергенде, Елбасы (ол кезде Премьер-Министр) «Меніңше Қазақстан үшін Ақмоланың орны ерекше. Анау картаға қарашы, далиған көл-көсір, ұлан-байтақ қазағымның кең даласы. Етек-жеңі мол пішілген ата-бабамның шапаны секілді ғой. Біреу сыйлады дейсің бе, бәрі де білектің күшімен, найзаның ұшымен алынған. Анау бір тұста, Орынбор тарапынан ішке қарай сұғына кіріп кеткені болмаса, жеріміз Алтайдан Атырауға, Отырардан Омбыға дейін керіліп-ақ жатыр емес пе. Жер жәннаты Жетісудағы жұмақ іспетті Алматы әттең бір бүйірде, тығырықта жатыр. Маған салса, шіркін астана болар жер – Қазақстанның кіндік орталығы, батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де, оңтүстікке де қашықтығы бірдей, жетпіс жеті жолдың торабында тұрған Ақмола емес пе. Сонда жаңа ұйытқы пайда болып, халық орталыққа қарай ойысар еді-ау, жеріңе, суыңа, байлығыңа ешкімнің аузының суы құрымас еді. Қазанның қақпағы жабылса, сұғанаққа жол жоқ», деген еді.
Иә, сол жылдары БАҚ-та астананы ауыстыру туралы әртүрлі қоғамдық пікірлер жарияланды. Солардың қатарында Алматы қаласының геосаяси жағдайы – Қытаймен шекара мәселесінің күрделілігі, қаланың сейсмикалық қаупі, сондай-ақ Ақмола облысын қазақтандыру мәселелері болды. Бұл турасында Елбасының «Менің ойымша, бізді қате шешім қабылдады деп жас ұрпақтың кінәлауына ешқандай негіз жоқ. Алматы бұрынғысынша еліміздің ең ірі қаласы болып қалады. Ал күшті екі орталықтың болуы республиканың экономикалық қуатын тек арттыра түседі. Әлемде екі астананың өмір сүруіне қатысты мысалдар өте көп. Олар – Анкара мен Ыстамбұл, Мәскеу мен Санкт-Петербург... Вашингтон мен Нью-Йорк. Бұл қатарда, менің ойымша, біз алдыңғысы да, артқысы да бола қоймаспыз», дегені дәл келді.
Иә, бұрын Қараөткел, Ақмола, Целиноград аталған Астана қаласының тарихы да қызық. Сарыарқа қазақтары Есіл өзенінің қазіргі Астана қаласында орналасқан, көшпелі ел-жұрт аттылы-жаяу өте беретін таяздау тұсын Қараөткел деп атаған екен. Ақмола атауы ХІІІ-ХІV ғғ.-да тұрғызылған ақ күмбезді бейітке байланысты пайда болса керек, 1830 жылы негізі қаланған. Алғашында Ақмола әскери бекінісі атанған елді мекенге 1862 жылы қала мәртебесі берілген.
Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге Ақмола қаласы да өзгерістерге ұшырады. 1954 жылдың көктемінде Ақмолаға тың игерушілер тиелген алғашқы эшелон келіп тоқтады. Деректер Ақмола облысына 270 мың адам келгенін айғақтайды.
Ақмола 1960 жылдың аяғында құрылған Тың өлкесінің орталығына айналды. 1961 жылдың наурызында қала атауы Целиноград болып өзгертілді. Осыған жауап ретінде Шәмші Қалдаяқовтың марш сарынында шырқалған «Менің Қазақстаным» (қазіргі гимн) әні дүниеге келген еді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, астана таңдаудың астарында ұлттық идеялар жатады. Мағжан жырларындағы: «Батырлар сайран салған Сарыарқаға» астананы көшіру қалың қазақтың жүрегіне жақын болғанмен, кеңестік «Целинаны» аңсаушылар «Сарыарқа – Ресейдің жалғасы» деуден жалықпай-ақ қойды. Бұл санадан Астананы көтеру арқылы арылдық-ау, әйтеуір. Сөйтіп, тәуелсіздік жылдары (1994 жылы) қалаға Ақмола атауы қайтарылды. Ал, Елбасының «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы (1997 жылғы 20 қазан) негізінде 1998 жылы 6 мамырда Отанымыздың астанасы Астана қаласы болып аталды. Бастапқыда Алматы, Сарыарқа аудандарынан тұрған кішігірім Астана қаласының аумағы қазір құлашын кеңге жайған.
Астана құрылысы мемлекеттік қаржыландыру есебінен қысқа мерзімде аяқталғаны белгілі. Сәулет өнерінің еуразиялық үлгісімен түзілген ғимараттар – ежелгі Грекиядағы қала мемлекеттер сияқты Астананың мәртебесін көкке көтеріп тұр. Қаланың мазмұндық стилі тастарда қашалып, мәңгі идеялар көрініс береді. Осылайша, қала ғимараттары мен ескерткіштері жас ұрпақтың тарихи және ұлттық санасын қалыптастыруға септігін тигізеді.
2009 жылғы Халық санағының мәліметтері бойынша Астана қаласында 639 311 адам тіркелген. Оның ішінде 405 385-і қазақтар, 160 952-і орыстар, 4080-і өзбектер, 19 522-сі украиндар, 574-і ұйғырлар, 11 279-ы татарлар, 2009-ы немістер, 4244-і корейлер, 1874-і әзербайжандар, 5549-ы белорустар, 455-і түріктер, 15 529-ы өзге этнос өкілдерін құрайды.
Осылайша, астаналықтар саны жылдан-жылға ұлғайып, Астана қаласы өмір сүру мен қызмет етуге қолайлы Еуразия құрлығындағы мегаполиске айналып отыр. Бұл мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың заңды нәтижесі. Әлем назарына іліккен Астана – әрбір Қазақстан азаматының арманына айналған қала-мемлекет деуге негіз бар.
ІІІ. «ЕУРОПАҒА ЖОЛ» – ӨРКЕНИЕТ ЖОЛЫ
2009-2011 жж. арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы Елбасының 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауы негізінде әзірленгені мәлім.
Бұл бағдарлама Еуропаның жетекші елдерімен стратегиялық серіктестік орнату деңгейін көтеруге бағытталды. Басқаша айтқанда, Еуропа елдерімен тауар айналымын арттыру, көліктік қатынастарды дамыту, жаңа технологияны еуропалық стандарттарға сәйкестендіру, отандық және еуропалық нормаларды жетілдіру, халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, ұлттық және мемлекеттік ой-сананы әлемдік деңгейге көтеру мақсатын көздейді.
Бірінші міндеті – еліміздегі өмір сүру жағдайын еуропалық стандарттарға жақындату. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, су қорларын қорғау, климаттың ерекшелігін ескеру, биоәртүрлілікті сақтау және т.б. мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жоспарланады. Сондай-ақ, медициналық кызметтің сапасын көтеруге басымдық беріледі. Дертті анықтау сапасын жақсарту мақсатында медициналық-ақпараттық технологияларды енгізу, ауруды емдеу және алдын алу, дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен сапасы, тамақтану стандарттарын енгізу, кадрлар қоры жүйесін дамыту есебінен еуропалық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар, білім, әлеуметтік қолдау, еңбекпен қамту және көші-қон саласын дамыту қарастырылады.
Екінші міндет – мемлекеттік кұрылымның қазақстандық үлгісін еуропалық тәжірибе негізінде әрі қарай дамытуға, мемлекеттік қызмет пен кадрлар қорын басқарудың тиімді жүйесін енгізуге, елдің саяси өмірін ырықтандыруға бағытталады. Бұл, әсіресе, сайлау, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат кұралдары, мемлекеттік кызметті реформалау, сот жүйесі және т.б. салалар бойынша заңдарды жетілдіру негізінде жүзеге асырылады.
Үшінші міндет – 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне дайындық жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Бағдарламада анықталған бірқатар басымдықтар: демократиялық институттардың дамуына жасалған жағдайларды жақсарту; ЕҚЫҰ мемлекеттерінің транзиттік-көліктік және Еуразияның трансқұрлықтық мүмкіншілігін дамыту; экологиялық мәселелер; бейбітшілік және ядролық қарусыздану, аймақтық қауіпсіздікті нығайту; терроризм, экстремизм, есірткі бизнесі, ұйымдасқан қылмыспен күресте қауіпсіздіктің бейбіт аспектілерін дамыту; Ауғанстан ахуалы.
«Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асыру – экономиканың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсарту мен елдің тұрақты дамуын камтамасыз етуге мүмкіндіктер ашты. Ресми деректер бойынша, 2009 жылы Қазақстанға құйылған шетелдік инвестицияның жалпы сомасы 25 миллиард доллар шамасын құраған.
Жаһандық дағдарыстың ықпалына қарамастан, Қазақстан-Германия сауда айналымының көлемі 2,9 миллиард доллардан асты. Қазақстанда германдық капиталдың қатысуымен 800-ден астам бірлескен кәсіпорын тіркелген. Тәуелсіздік жылдарында ГФР-дың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы сомасы 3 миллиард долларға жуық қаражатты құрады. Ал Қазақстан ГФР-дың экономикасына 4 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Сондай-ақ, Қазақстан ГФР-да «Болашақ» еуропалық орталығының өкілдігін ашты. Алматыда «Қазақ-Неміс» университетін одан әрі дамыту, Назарбаев Университеті халықаралық жоғары оқу орнымен ынтымақтасу көзделді. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда Қазақстан – Германия серіктестігі оң нәтижелерін берді. 2009 жылы өткен «Қазақстанның Германиядағы жылы» мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болды.
«Еуропаға жол» – мемлекеттің даму стратегиясымен астасып жатқан болашақтың кешенді бағдарламасы. Еуропамен әріптестік қатынас орнату – қазақ қоғамының даму жолын таңдауынан басталды. Сондықтан өркениет жолын таңдаған Қазақ елі әлемдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өзгерістердің пайдалы жақтарын елдің мүддесіне икемдесе, нұр үстіне нұр болар еді.
ІV. ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – АДАМЗАТ ИГІЛІГІНЕ
Осы қазан айында дүниеге келген әлемнің 7 миллиардыншы тұрғыны туралы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «Әлемнің 7 миллиардыншы тұрғыны қарама-қайшылықты қоғамда дүниеге келеді. Өйткені, бізде азық-түлік болғанмен, миллиондаған адам аштықта отыр. Біздің байлығымыз артқанмен, миллиондаған адам кедейленуде. Ілгерілеушіліктің зор мүмкіндіктері болғанмен, кедергілері көп. Солардың ішінде теңсіздік; келіспеушілік, адам құқының бұзылуы, демократияның жетіспеушілігі, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, ана өлімі, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануын» атап көрсеткен еді.
Аталған жаһандық проблемалар 2009 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезіне арқау болған-ды. Осылайша, Батыс пен Шығыстың түйіскен жерінде орналасқан Астана қаласында әртүрлі ұлттар мен діндер тоғысып, дүниетанымы үйлескен жандардың өзара үнқатысуы жалғасын тапты.
«Астана – бұл конфессияаралық келісімнің қаласы. Бейбітшілік және келісім сарайы, мешіттердің мұнаралары, христиандық храмдар мен синагогалардың күмбездері, басқа дін өкілдерінің ғибадат үйлері қала архитектуралық ансамблінің және оның рухани өмірінің ажырағысыз бөлігіне айналып келеді. Астана – бұл өзінің бүкіл тарихында аса ұлы өркениеттердің тарихи және мәдени мұраларының тоғысу орталығы болған елдің ордасы», деген еді Елбасы. 2006 жылы осындай форумға 29 делегация қатысса, 2009 жылы әлемнің 35 елінен 77 делегация жиналды.
Қазақстанда 3200-ге жуық ғибадатхана бар екен. Соңғы жылдары салынған Бейбітшілік және келісім сарайы еліміздің рухани орталығына айналып үлгерді. Бұл ғимаратта әртүрлі конференциялар мен форумдар өткізіліп тұрады, мұнда Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы құрылған. Қазақстан халқы «толеранттылық, діни төзімділік және жаңа атаулыны қабылдауға деген ашықтық секілді қасиеттерімен» ерекшеленеді.
2001 жылы 11 қыркүйектегі жағдай әлемдік «өркениеттер қақтығысын» тудырды. Осы қақтығыс бұлтын сейілту мақсатында көтерілген бастамалар Қазақстанда іске асырылды. 2003 жылғы алғашқы форумда қабылданған Декларацияда «конфессияаралық үнқатысу – халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімге қолдау білдірудің аса маңызды құралы» делінді. Екінші форумда діни соғыстар Жаратушының «бірін бірі өлтірмеу», «қан төкпеу» өсиетін аяқасты етті. Соның салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғындардың қырғынға ұшырауы тілге тиек етілді. 2009 жылғы діни форумда лаңкестік әрекеттер, есірткі проблемасы, ядролық қауіпсіздік мәселелері көтерілді. Осы ретте халықаралық ядролық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі сөз болды. Мұның бәрі – адамзат дамуының тұрақтылығын тежейтін «көп басты айдаһарларды» елестетеді.
Дінаралық келісім аясында қарастырылған келесі мәселе – әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы. Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша, «әлемнің 50-ге жуық мемлекеті экономикалық шыңыраудың шегіне жетті. Әлемнің бүкіл өнеркәсіптік дамыған экономикасы – АҚШ, Жапония, Еуроодақ және Ресей рецессия жағдайында. Соңғы ондаған жылда алғаш рет Қытай экономикасының өсуі баяулады». Бұл дағдарыс жоғарыда аталған жаһандық проблемаларды одан әрі шиеленістіріп жіберді.
Әлемдік дағдарыспен күрес жүріп жатыр. Бұған жұмсалған іс-шаралар көлемі 10 триллион доллардан асып түскен. Валюта резервтері кеміп, мемлекеттік қарыздар өсіп кеткен. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлемнің экономикалық дамуы, ғылым мен техника жаңалықтары, көбіне «үшінші әлем» елдеріне тән аштық, кедейшілік проблемаларын шешіп бере алмай отыр.
Форумда жердің асты-үсті байлығын иемденетін адамдардың қатыгездігі, кедейлер мен байлар алшақтығы, аштықтың салдарынан жұқпалы аурулардың таралуы, қарапайым адамдардың емделуге қолжетімсіздігі сияқты жалпыадамзаттық проблемалар талқыланды. Әлемде миллиардтан астам адам күніне 1 долларға жетпейтін қаржыға күн көреді екен. Осы ретте ғылымның әлсіздігі де алға тартылды.
Дінаралық келісімге келудің түйіні – адамзатты құтқарудың бірден-бір құралы ізгілік бастауларына қайта оралу болды. Форумда жаңа әлем құрылысының негіздері: «әділ экономикалық модель», «мемлекетаралық қатынастардың әділ саяси моделі» және «жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарас» аталды.
Кез келген дағдарысты еңсеру үшін адамгершілік қағидалары мен моральдық өлшемдер ұстанымы алдыңғы қатарға шығуы керек. Сонда ғана қазіргі мейірімсіз адамдар санасын өзгертуге болады. Бірақ, әйгілі физик Альберт Эйнштейн айтпақшы, «адам санасын қайта қалпына келтіруден гөрі, атомды бөлшектеп, қайта қалпына келтірген оңайырақ». Басқаша айтқанда, сананы өзгерту – өте күрделі мәселе. Бүгінде әлемді жайлаған рухани жұтаңдық адамдардың қырылып-жойылуына жол ашты. Сондықтан, әрқайсымыз адамзатты сақтау идеяларына қызмет етуге ұмтылайық, ағайын.
Ірілі-ұсақты осындай оқиғаларымен 2009 жыл Тәуелсіз Қазақстан тарихынан ерекше орын алды. Көш басындағылар Қазақ елінде әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп бере алатын күштің бар екендігін дәлелдеді. Елімізде экономикалық және саяси тұрақтылық сақталды, Еуропа кеңістігіндегі белсенділігі артты. Қазақтың шаңырағы дінаралық және ұлтаралық келісімге толы болды. Астана – мемлекетаралық рухани келісім орталығына айналды. Екі онжылдық бойы халықаралық аренада Қазақ елінің мәртебесі өсті.
Бүркітбай АЯҒАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор.