Қазақ киносына қан жүгіртіп, дем беруге келген жас прозашылар «Қазақфильмді» шырқатып жібермегенмен, біздерді жетекке алып қамқор болған Әбішке сөз келтіре қоймадық. Өзгемізден бұрын Дулат икемділік танытты: алғашқы қарқынмен екі-үш сценарий жазып тастап, «Гауһартасы» өндіріске қабылданып түсіріле бастады. Менің Маңғыстау мұнайшылары өмірінен жазылған «Жұлдызды жон» повесімнің желісімен «Жас дәурен» телефильмі түсіріліп, одақтық көрсетілімдер қатарына енді. Ал есесіне «Атаман Анненковтің ақыры» атты үш сериялы сценарийімнің маңдайы тасқа соғылып, жолы болмады.
Біздің бой салып қатарға енген тұсымызда «достасып жүрген қатар құрбыңа лауазымды қызмет бер, оның кім екенін сонда танисың» деген сөз жиі айтылып жүрді. Әбіш жас кезінен-ақ жауапты мемлекеттік қызметтердің тұтқасын ұстады. Мәдениет министрінің орынбасары болуы, табандаған он жыл КП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болуы – республиканың идеология саласына елеулі ықпал еткенінің айғағы. Адам қызметке үйренеді, қызметпен келетін абыройға үйренеді, қайда барса аяғын жерге тигізбеген ілтипат, жұмсақ кресло, жайлы машина, үй іші тұрмысы да түзеліп сала береді. Қызметтен кеткен күні осының бәрі бір сәтте тыйылады. Кешегі демімен үй жыққандай болған азамат желі кеткен доптай бір уыс болып, жүнжіп қалады.
Әбіш дегені болып дәуірлеп тұрған кезде қызметтен екі рет кетті, дәлірегі екі рет төмендеді. Бірі – Жазушылар одағының екінші хатшылығынан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына кетуі, екіншісі – Республика Жоғарғы Кеңесі төрағалығынан босап қалуы.
Жазушылар одағынан Әбішті кетіріп артық қылам дегендер тыртық қылды. Әбіштің орнына келген басшылар әдебиеттің есігін кім көрінгенге ашып, қоқсық-қобырды қаптатып, жазушылар санын екі есеге көбейтті. Біз жазушылыққа қатысы жоқ біреулердің одаққа мүшелікке қабылданғанына наразы болып, талағымыз тарс айырылып жүріп, дер кезінде бұл шаралардың әргі астарын терең аңдамаппыз. Бақсақ, әдебиетте авторитет жоқ, Жазушылар одағының мүшесі бәрі бірдей деген теңгермешілік жүргізіле бастапты. Жазушылар одағының жаңа басшыларының мінберде тұрып қазақ әдебиеті ақсақалдарын сақалдан алуы, ақсақалдарға кезек тигенде, одақ мүшелігіне жаңадан қабылданған қоқсық-қобырдың еден тепкілеп сөйлетпеуі – бір-біріне жалғасты істердің тізбегі екен.
Әбіш жоғары лауазымды Қазақстан парламентінің төрағалығынан кеткенде, мен «Жазушы» баспасында кішігірім басшы болып жүргем. Директорымыз Марал Сқақбаев. Әбішпен бірге оқыған, ұзақ жылдар ЦК-да бірге істеген, араларынан қыл өтпеген адал дос Марал Әбіштің басында орын алған жағдайға қатты күйзелді. Орнында отырып байыз таппай, бума-бума қолжазбаға көміліп отырған менің бөлмеме қайта-қайта бас сұғады. Бір келісінде ол Әбіштің публицистика мен әдеби сын мақалаларын дайындап жүргенін, сонысының басы жинақталса, кітап қып шығарып жіберейік деген ұсыныс жасады. Басына іс түскен тұста жалғыздық сезінбесін, біздің қарлығаш қанатымен су сепкендей достық қолдауымыз болсын деген ниеті көмейінен көрініп тұрды.
Ақыры Әбішпен жолығуға менің баруыма тура келді. Қолжазбаны алып келіп, тездете оқып, кітапқа «Замана» деп ат қойып, жинақты тездетіп өндіріске жібердім. Үкіметтің кітап басу ісін жылы жауып қойған кезі. Баспаның қысылшаң жағдайынан хабардар Әбіш Маңғыстаудағы таныстарына құлаққағыс қылса керек, аяқ астынан демеушілер де табыла кетті.
Әбіштің әртүрлі басылымдарда жарияланған әдеби сын, көсемсөз жанрындағы мақалаларын оқып жүргенмен, оның шығармашылығының бұл саласына пікірім толық қалыптаспаған кез еді. Осы жолы оның аяқ алысын анық таныдым: Әбіш көсем де, шешен де, кемеңгер екен. Ол маған ағысы мол, арнасы кең, түбі терең, жайылған жерін суландырып, нуландырып, ырыс-несібеге кенелдіріп жіберетін, таусылмай сарқырар алып дария сияқты көрінді. Салғаннан байқағаным, алып дарияның алтын діңгегі – көл дария білім екені. Әбіш алты шарды шарлап, алты ілімді игеріп барып әдебиетке келіпті. Зор дайындықпен келіпті.
Осынау қазынаны арнайы дайындық орындарда оқып үйренбей, өз бетінше оқып үйреніпті. Білім мен ілімнің тұнып тұрған қайнар көзі – кітаптың қадірін өзгелерден ерте ұғыпты.
Бақсақ, қаламгердің көсемсөз, әдеби сын мақалалары қоғамдық ортада Әбіштің тез танылуына тікелей септескен екен. Бұл саладағы ізденістерін әдеби сыннан бастаған қаламгер көсемсөзге егемендік бастауындағы серпіліс жылдарында келді. Ұлт алдында одақтан ажырасып енші алу, жеке шаңырақ құрған егемендікке қол жеткізу, отаршылықтың ауыр зардаптарынан арылу, мемлекеттің саяси бағытын таңдау, алыс-жақын көршілермен қарым-қатынас, тұралап қалған экономикаға дем беріп, тоқтап қалған өндіріс орындарын ілгері бастырып, үкіметке қарап ауыз ашып, қол жайған бұқараны күнделікті тірлік минимумымен қамтамасыз етіп, дастарқанын жүдетпеу сынды аса маңызды мәселелер Әбіштің «Тәуелсіздік толғауының» басты арқауы. Сырттай бақылаушы болмай, жүзде бір нұсқасы жоқ әлжуаз мемлекеттің аяғына тәй-тәй тұрған кезін көзімен көріп, ел иығына түскен ауыр жүктің бір басын көтерісе жүрген Әбіш сол бір жарғақ құлақ жастыққа тимеген қиын кездерде Елбасы мен ел ағаларының жолсыздан өткел салып, жол тапқандарын қаз-қалпында суреттеп, «Өтпелі кезеңнің» шынайы суретін қалыптайды. Егемендік бастауының тірі куәгері Әбіш жазбалары талай ұрпаққа азық болары сөзсіз.
Өз басым Әбіштің көсемсөз саласындағы еңбектерінің екеуіне алабөтен ден қойдым: бірі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президент болып тағайындалып, ант берген салтанатындағы сөйлеген сөзі де, екіншісі – Рим Папасы мен қазақ интеллигенциясының кездесуіндегі сөзі. Әбіш ғұламалығының шыңы – осы екі трактат болса керек. Мұндай кең қамтылып, терең таратылып, өзінің де, туған халқының да кемеңгерлігін аспандата көтерген кемел толғауды естіген де, көрген де емеспін. Аспан теңселіп, бас айналғандай бір кемеңгерлік еді ғой. Тұңғыш Президентті марапаттау, Рим Папасы сияқты мәртебелі қонақтың ізгілікті сапарына тілек білдіру – біздің тірлігімізде бұрын орын алмаған тың құбылыс болғандықтан да, бәлкім, әсіре әсерге беріліп, артық бағалап отырған да шығармын. Алайда өзімнің ұзын-қысқа ғұмырымда аузымен құс тістеген талай жүйріктерді көргенмен, осы толғаулардағы Әбіш кемеңгерлігіндей ғұламалықты көрген емеспін.
Қаламгердің шығармаларына сарапшы көзімен шола қарап отырсаң – біздің әдебиетке патша, хан, билеуші тақырыбын дендеп енгізген Әбіш екен. Әлбетте «Хан Кенені» жазған Үлкен Мұхтар, «Аласапыранды» жазған Кіші Мұхтар есептен қалмайды ғой. Ал Әбіш шығармашылығының басты өзегі осы тақырып десек те болғандай: «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң», «Абылай хан», «Ханша дария хикаясы». Әбішті Әбіш еткен басты шығармалары осы емес пе? «Абылай ханды» неше қаламгер жарыса жазды, бірақ Әбішке жеткен бірі жоқ. Әбіштің «Абылайханы» ұрпақтан-ұрпаққа кететін өнегелі өре болып қалды.
Автордың «Абылай ханына» шаң жұқпады, мақтауы жетерлік болды. Есесіне «Үркері» дөрекі сындардың тоқпағына ұшырады. «Үркердің» бас кейіпкері Әбілқайыр естімегенді естіді, көрінде жатып күңіренгендей жағдайға келді. Әбілқайырды жамандап, сол арқылы Әбішті іліп-шатып кеткендерді түгендемей-ақ қоялық. Бірде көшеде кездесіп қалғанымызда: «Әбілқайырды дамылсыз ғайбаттап жатыр. Әбілқайыр арқылы сізге күл шашушылар жоқ емес. Ал сіз болсаңыз жұмған аузыңызды ашпайсыз. Әбілқайырды неге қорғамайсыз?» деген аужай айттым. Әбіш маған бір қарап алып, көзін көшенің ұзына бойына қыдыртып: « Мен Әбілқайырды жазып бердім. Ендігі төрешісі – халық пен уақыт!» деді. «Ойбай-ау, халық пен уақытыңның ауыз қисайысын көрмейсіз бе?», деп шыр-пыр болып едім, «Бұлардан кейін де халық бар, бұдан кейін де уақыт бар!» деп бұрылып жүре берді.
Алайда Әбілқайыр трагедиясы бір сәтке есімнен шыққан емес. Іздене оқып жүріп, қайсыбір шала тарихшылар мен одан шала қаламгерлердің Әбілқайыр туралы айтқандары түгел қате екеніне көзім жетті. Мәселен, ол Кіші жүздің ханы болғанымен, қазақтың бас ханы болған жоқ, оның бас хан болуға нәсілдік дәрежесі жетпеді, ол қазақ хандарының «кіші бұтағынан» еді дегендер мүлде келеге келмейтін шалағай пікірлер. Жәнібек ханның кенже екі ұлы – Үсек пен Жәдік, Үсек – үлкені, Жәдік – кішісі. Қазақтың дәстүр-жоралары бо-йынша: ата ошағы кіші балада қалады. Бірақ ол Жәнібектің басқа балаларына хан болуына кедергі болмағанда, Үсек ұрпағына қалай кедергі болады. Үсек ұрпағы қалайша «кіші бұтақ» атанады. Ақылға сыймайтын сандырақ.
Қазақ қауымы ортасында орын алған осындай әрі-сәрі түсінікке Абылай көзі тірісінде нақты жауап берген. Ол 1767 жылы 14 желтоқсанда Омбы әкімшілігіне жолдаған хатында: «Менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан кейін енді мен Абылай ханмын» деген. Абылай жоғарыда аты аталған тұлғалардың қазақтың Бас хандары болғандарын жариялай отырып, өзінің солармен қандас туыстығын да паш еткен. Ендеше, біз орыс шенеуніктерінің әр қолдан, әр ауыздан естіп жазған ақпарларына сенеміз бе, жоқ, Абылайдың өз қолынан шыққан хатқа сенеміз бе? Талас, таңдауға орын жоқ, Абылайдың сөзі – сөз. Осыған тоқтағанымыз жөн.
Ал Әбілқайыр Қайып ханмен тіл табыспай шатақтасу салдарын Аягөз шайқасында қазақ қолы жеңіліс тапты деу – сәтсіздіктің себебін іздеуден пайда болған бос әңгіме. Кезінде бұл шайқасқа Тобыл әкімдері айрықша мән беріп, куәгерлердің аузынан оның шындығын жақсы жинақтап алған. Хаттамалар Аягөз соғысын бастан-аяқ түгел баяндайды. Бірақ ол мәтіндердің бірде-бірінде Қайып хан мен Әбілқайыр арасындағы келіспеушілік туралы ләм-мим сөз жоқ. Бұл соғыс Қайып ханның басшылығымен жүргізілді, оның жеңісіне де, жеңілісіне де сол жауапты. Және солай болды да. Кешікпей Қайып хан қарсыластары тарапынан мерт болды.
Ал бас хандыққа сайланбаған Әбілқайыр Аңырақай майданын тастап кетті деген де құр далбаса. Жолбарыс хан, Сәмеке хан, Әбілқайыр хан Қалдан Серенмен шарттасып, келісімге қол қойған соң хандар өз иеліктеріне қайтқан. Ұзақ жол үзеңгі қағысып қатар жүрген Жолбарыс хан, Сәмеке хан, Әбілқайыр хандардың ел тағдырына қатысты жағдайларды сөйлеп, бұдан былайғы ұстанатын бағыттарын ақылдасқаны даусыз.
Әбілқайыр орысқа бодан болу мәселесін бірінші болып қозғады, ол ісінің абырой-атағы да, қарғыс-ғайбаты да соның бір өзінің мойнында. Алайда көреген саясаткерлікпен қазаққа қолайсыз бағытта дамыған орыс сыртқы саясатының бетін бұрды. Мәселенің түпқазық мәйегі осында. Басы арылмас дауға да қалды. Бірақ ол өз қолымен істегенінен жалтармай, бар жауапкершілікті мойнына алды. «Ешкіммен ақылдаспай, өз бетімше істедім» дегеннен танбады. Оның бір сыры кейін бодандықтан бас тартқандай күн туса, бұл ханның қалауы, халық қалауы емес дегенге саңылау қалдыру амалы еді.
Тевкелев жазбаларында старшиналар мәжілісінде «Хан деген атым ғана бар, қарамағымдағылар менің бұйрығымды құлаққа ілмейді» деген Әбілқайыр Тевкелевтің «Не себептен еліңді бодандыққа әкеліп отырсың?» деген оңаша сауалына Ресейдің қолдауымен шынайы билікке жетуді көздейтінін айтады. Осыны желеулеткен біздің тарихшылар Әбілқайыр өз қара басының қамы үшін халық мүддесін сатты деп дабыраласады. Әбілқайыр бодандыққа мойынсұнудың себебін алғашқыда Тевкелевтен жасырып, шындықты көлегейлеп бақты. Шындық – жоңғардан қазақтың күйрей жеңіліп, астанасы мен елдің мәйегі болған Сыр бойы қалаларынан түгел айырылып, Ұлы жүздің жау қолында қалғаны, Орта жүздің жарым-жартылай Самарқандқа ауып кетуі еді. Бұл шындықты білсе, орыс елшісі тізені қаттырақ батырып, тақымдауды күшейте түсері белгілі еді. Міне, осыны болдырмау үшін Әбілқайыр қара бастың қамын көлденең тартып, өзін де, өзінің атақ-абыройын да құрбандыққа шалды. Осынау дипломатиялық «ойындардың» астарын ұқпаған қазақ қаламгерлері Әбілқайыр қара басының қамын ел қамынан жоғары қойды, Ресейдің қолдауымен өзге хандардан дәреже арттырып, билікке жетуді ғана көздеді деп шуласады. Шынына келгенде, біздің қатардағы оқырмандар мен қаламгерлерге және осы тақырыпты зерттеген талапты ғалымдарымызға Тевкелев жазбаларындағы орыс дипломатиясы мен оған қарсы қойылған қазақ дипломатиясының ара жіктерін айыра білген жөн еді.
Әбілқайыр Ресей бодандығын қабылдаған кезде қазақтың ел тізгінін ұстаған элитасының бірде-бірі қарсы шықпаған. Керісінше Әбілқайырдың әрекетіне қолдау білдірген. Мәселен, Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет батыр, Құдайназар мырзалар 27 адам болып, Ресей бодандығына 1731 жылдың 10 қазанында ант берсе, Әбілқайырға қарсы топтың басшысы 13 мың Шекті елінің сұлтаны Батыр сұлтан 3 желтоқсанда, Орта жүз ханы Сәмеке 19 желтоқсанда ант беріп, Әбілқайыр ұстанымына қолдау білдірді. Ал 1733 жылы Ресей бодандығын қабылдауды өтінген Төле би, Қодар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр қол қойған хатты Қонай би Орынбор жолынан адасып кетіп, Самара қаласы әкімшілігіне тапсырғаны белгілі. 1734 жылдың 10 маусымында Ұлы жүздің Ресей қарамағына қабылданғаны туралы Анна Иоанновна жарлық шығарды. Ал 1735 жылдың 20 желтоқсанында Күшік хан, Барақ сұлтан өздерінің қарамағындағы он бес шақты би, сұлтанның атын атап, олардың арасында Қабанбай батыр да бар, араларына келген Орынбор елшісі М.Бекчуринге хат табыстап, Орынбор әкімдігіне өз тараптарынан Ырысмұхамед, Қонақбай, Байназар, Жансарыларды елші ғып жібергендері тарихшы Әбілсейіт Мұқтардың зерттеулері бойынша анықталып отыр. Ол хатта «Әбілқайыр хан қалай бағынса, біз де солай бағынамыз. Білместігіміз болса, кешірім сұраймыз» деген жолдар бар. Ең ақыр соңында Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да 1740 жылдың 28 тамызында Орск қаласына өз аяқтарымен келіп, Ресей бодандығына ант етті. Сөйтіп аталмыш саяси актіге қосылмаған ешкім қалмады.
Міне, шынайы шындықтың ажары осындай: Әбілқайыр ұстанған бағыт Кіші жүз шеңберінде қалмай, қазақтың үш жүзінің ой-санасын түгел меңдеп, олардың ел тұтқан игі жақсылары Әбілқайырдың тосындау саяси қадамына қолдау білдірген. Олар ел басына төнген мынау нәубеттен түгелдей құрып кетпей, амалдап жан сүйретіп шығудың жолын іздегенде, батыс көршіден басқа жансауға таппады. Қазір біз өзімізден үш жүз жыл бұрын болған оқиғаға жылы кабинеттердің жұмсақ креслосында шалқайып отырып төрелік айтамыз, ал сол өң мен ғайыптың арасындай болған қасіреті ауыр заманның зілзаласын иықтарымен көтерген тұлғаларымыздың ауыз ләмдері мен іс-әрекеттері басқаға меңзейді. Әлбетте Ресейдің отаршыл езгісінен енді құтылып, ес жиғандай болып жатқанда, кеудеміздегі ыза-кегіміз басылмай, жанымыз бен тәніміздің тыртықтары жазылмай тұрғанда, оны түсіну де, мо-йындау да оңай емес. Алқынған ашу, алабұртқан сезім сабасына түскенде ғана пайымдай аламыз. Әбілқайыр орысқа, Абылай үш бірдей елге – орыс, жоңғар, қытайға бодан болғанда, еріккеннен болған жоқ, соңына ерген ызғындай жұртын соқталаңнан аман алып шығудың қамымен болды. Кейінгі ұрпақ оны дұрыс түсінгені абзал.
Әбілқайырдың зар ғып айтқандары айна-қатесіз келді. Қытайлармен келісімшартқа отырысымен, Қалдан Серен отыз мың әскермен 1739 жылы Орта жүз қоныстарына тап берді. Арқаны жойқын шабуылмен оңнан солға, солдан оңға сүзгендіктен, жоңғардың бұл жорығы ел аузында « Сүзекі» аталды. «Сүзекі» шабуылына кірісерде жоңғар елшілері Сібір генерал-губернаторы Батурлинде болып, Ресейдің бодандығында жоқ ру-тайпалардың тізімін алып, алдымен шабуылдың нысанасын соларға бағыттады. Нәтижесінде Әбілмәмбет хан Кіші жүздегі Елек өзеніне қашып, Абылай жоңғарға тұтқын болды. Орта жүз қатты кеміп қалды.
Әбіш туралы жазбаларымның соңын Әбілқайыр тағдырына әкеп тіреуімде заңдылық болмаса, оғаштық жоқ деп ойлаймын. Әбілқайыр Әбіштің басты кітаптарының бас қаһарманы, Әбішті айтсаң Әбілқайырға, Әбілқайырды айтсаң, Әбішке соқпай тұра алмайсың. Қазіргі қазақ прозасында екі өлшем ғана бар деп түсінем. Бірі – Әуезов өлшемі, екіншісі – Кекілбаев өлшемі. Көркем туындылардың әдеби құндылығын таразылағанда осы екі өлшеммен өлшесек, ешқашан жаңылыспаймыз, барар бағытымыз, шығар шыңымыз да анық болмақ. Әбіш халқына рухани азық болатын өлмес, өшпес мұра қалдырды. Оның байыбына барып, бағасына жету – Әбіштің ұстанған шығармашылық бағдары, көркемдік тұғырлары, әлеуметтік-саяси ауқымдары мен терең философиялық пайымдарын түсініп, оның әдебиетіміздегі көркемдік-эстетикалық құбылыс екенін мойындап, қаламгер салған өнегелі жолды баянды етуге қарлығаш қанатымен су септі септігімізді тигізу көзі тірілердің міндеті деп білемін.
Әнес САРАЙ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты