Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Бразилия, Германия және АҚШ елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.
Сенім грамотасын бірінші кезекте тапсырған Бразилия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Освалдо Биато Жуниор Қазақстанда үстіміздегі жылдың 7 қыркүйегінен бастап жұмысқа кіріскен екен. Ол бұған дейін бірқатар елдерде, соның ішінде Қытай мен Ресейде дипломатиялық қызмет атқарыпты. Осы саладағы жұмыс тәжірибесіне 30 жылдан астам уақыт болған.
Мұнан кейін Елбасы елімізде 12 тамыздан бері қызмет атқарып жатқан Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Герцтен сенім грамотасын қабылдады. 60 жастағы Гидо Герц те бұған дейін аталған елдің Еуропа Одағындағы өкілдігінде, Тунисте, Ресейде, Танзанияда өкілетті қызметтер атқарған бай тәжірибелі дипломат болып табылады.
Қазақстан басшысына үшінші болып сенім грамотасын тапсырған АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфакс 1959 жылдың 11 наурызында Кентукки штатының Луисвилл қаласында дүниеге келіпті. Ол да Оманда, Оңтүстік Кореяда, Ресейде, Канадада, Украинада, Польшада, Вьетнамда, Иракта дипломатиялық қызметтер атқарып, әбден ысылған. Қазақстанға қыркүйек айының соңында келген екен.
Аталған елшілерден сенім грамоталарын қабылдағаннан кейін Елбасы қысқаша сөз сөйлеп, елшілерді қызметтерімен құттықтады. Олардың қызметке кірісуі Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық дүбірлі мерекесінің қарсаңына сәйкес келгендігін атап өтіп, мемлекет тарапынан олардың жұмысының жемісті болуына, ел мен елдің арасын жақындастыруына, ынтымақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуларына барлық мүмкіндіктер жасайтындығын атап көрсетті.
Мұнан кейін Президент Қазақстанның Бразилиямен, Германиямен, Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынастарына жеке-жеке тоқталып өтті.
Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасында стратегиялық әріптестіктің орныққандығын, ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша алға басудың айқын сезіліп отырғандығын, екі ел арасында 2012 жылға дейінгі мерзімді қамтитын бағдарлама түзілгендігін, оны орындауға үлес қосу елшіге абыройлы міндет жүктейтіндігін жеткізді.
Ал Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы жетекші әріптестерінің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымының жылдық көрсеткіші 3,5 млрд. долларға жетіп отыр. Былтыр Германияның Қазақстандағы жылы табыспен өтті. Енді қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселесіне тоқтала келе, Қазақстан басшысы Германия Федеративтік Республикасының бірлігі күні болып саналатын 3 қазандағы мерекелерімен құттықтап өтті.
Қазақстан мен Бразилия арасындағы қарым-қатынастар да даму үстінде. Бразилия – Қазақстанның Латын Америкасындағы сенімді әріптестерінің бірі. Екі ел арасында парламентаралық ынтымақтастық жақсы үдеріс алып келеді. Ауыл шаруашылығы, туризм, спорт салалары бойынша қарым-қатынастардың нығая түскендігі сезіледі. Дегенмен, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамыта түсу қажет.
Елшілер Елбасына сенім грамоталарын тапсырып, қысқаша пікір алмасқаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шықты.
Бразилия елшісі Освалдо Биато Жуниор Қазақстанға келіп қызмет істеу, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсыру өзіне үлкен құрмет екендігін айтты. Ядролық қаруларды таратпау жөніндегі Қазақстанның бастамашылығын жоғары бағалайтындығын жеткізді.
Америка Құрама Штаттарының елшісі Кеннет Фэйрфакс өзінің Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында осы қызметке кірісуін бақыт деп бағалайтындығын, екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды түрде даму үстінде екендігін, бұл қарым-қатынас қауіпсіздік жөніндегі ынтымақтастықтан бастау алып, қазіргі күні адамдар арасына дейін жеткендігін атап көрсетті. Таяуда Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесін атап өтпек. Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орныққанына да осыншама уақыт болмақ. Міне, осы мәселелерге тоқтала келген елші өзінің жаңа қызметінде екі ел арасындағы қалыптасқан орнықты байланысты одан әрі нығайтуға қызмет ететіндігін жеткізді.
Германия Федеративтік Республикасының елшісі Гидо Герц дүбірлі оқиғаға толы Қазақстанның жаңа тарихында осы аптаның да маңызды оқиғалармен ерекшеленгендігін, Семей полигонының жабылғанының 20 жылдығы атап өтілгендігін айтты. Қазақстан былтыр ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаса, биыл Ислам Ынтымақтастық Ұйымына жетекшілік етуде. Мұның өзі 20 жыл ішінде елдің үлкен беделге ие болғандығын білдіреді. Осы мәселелерге тоқталып өткен елші Қазақстан мен ГФР арасында шикізат, өнеркәсіп салаларындағы қарым-қатынасты нығайту туралы жаңа келіссөздердің сәтті аяқталғандығын атап көрсете келе, бұл жағдайдың екі жақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретіндігін жеткізді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.