• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2011

Ұмтылыс

486 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің баянды болуына қызмет ететін, сырттан келіп жатқан ақпарат тасқынына төтеп беретін қазақ тіліндегі әрбір жаңа басылымға қолдау көрсету абзал. Қоғамның түзелуі адам тәр­биесінен, адам тәрбиесі отбасынан басталатынын ескеріп, өткен жылы күзде «Шаңырақ серігі» деген атпен ақпарат айдынына шыққан жаңа журналға бір жыл толды. Алғашқы қиындықтарға қарамас­тан, бұл журнал да өзінің бет-бағдарын айқындап алуға ұм­тыл­ғаны байқалады. Қазақ тілінде ай сайын шы­ғатын «Шаңырақ серігінде» бір жыл уақыт ішінде жарияланған материалдарға аз ғана тоқталып өтсек, «Дәстүр» айдарымен Ақселеу Сейдімбектің «Ту­ыс­қандық атаулар жүйесі» деген еңбегі, «Өнер – мәңгілік» айдарымен Бетховен, Огинский, Сеговия, Брамс, т.б. әлемдік өнер тар­ландары туралы мақа­лалар жарық көрді. «Шаңы­рақ серігінің» анықта­ма­лығы «Мұзтау» деп аталған айдар «Бір саланы толық біл, әр саланы шолып біл» дегенді ұран етіп, нөмір сайын белгілі бір сала жөнінде әр отбасына қажетті әрі қызықты мағлұмат беріп отырады. Мысалы, осыған дейін оқырмандарға «Сән (мода)», «Интернет», «Ақша», «Грек мифологиясы», «Футбол» тақырыптары ұсынылды. Бұл айдардың мате­риалдары қиып алып сақтап қоюға ыңғайлы етіп жасалған. Жур­­нал­дың тағы бір ұтымды бастамасы – «Үй кітап­ха­насы» айдары. Мұнда «ХХ ғасыр: қазақтың жүз кітабы» деген атпен қазақ кітаптарын әрбір шаңы­раққа насихаттау көзделген. «Ақиқат пен аңыз» кітабы туралы жазушы Ә.Нұршайықовтың көзі тірісінде алынған сұхбат, Т.Айбергеновтің «Құм­­дағы мұнаралар», М.Мақатаевтың «Өмір­дас­тан», С.Мұратбековтің «Жабайы алма», М.Мағау­ин­нің «Аласапыран», Қ.Аманжоловтың «Дауыл» кі­тап­­тары туралы мақалалар осы айдар аясында жа­рық көрді. Тағы бір тартымды жоба – «Сол жылы... сол күні...» деп аталатын айдар. Мұнда тарихтағы ерекше оқиғалардың қалай болғаны жан-жақты дерек көздері арқылы және куәгерлер сөзімен баян­да­лады. «Қатар жанған жұлдыздар» айдары бір ша­ңырақ астында өмір сүрген ерлі-зайыпты, тарихта із қалдырған тұлғалар жайында әңгіме қозғайды. «Алаң» айдарымен қоғамдағы көңіл алаңдатар мә­селелер сөз етілсе, «Тіл және отбасы» айдары әр шаңырақтағы тіл тазалығына үлес қосуды көздейді. Әмина ҚҰЛЖАБАЕВА.