Қарағандыда осымен 4-ші рет ұйымдастырылған «Жан шуағы» аталатын бұл байқауға қатысушылар аз болмады. Тумасынан аяқ-қолы кем, көзі зағип жаратылып, тағдырдың ауыр күйіне ұшыраса да талаптары таудай жеткіншектер адам қабілеті қандай да қиындықта шектелмек еместігін паш етті. Олар өрнектеген қол өнері туындылары, кестелеген табиғат көріністері, әр түрлі сазды аспаптарда ойнау машықтары, әуелеткен әсем әндері соны айғақтады.
Байқау қорытындысында 12 жасар Александр Брюхов, тұрғыластары Гәкку Әлімханова, Наталья Сорокина өнерлері лайықты бағасын алды. Таланттары танылған басқа да балалар аталған шараны қолдаушылар мен демеушілер тартқан сый-сияпат қуанышына бөленді.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.