• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2010

ЗАМАНАУИ “ЗАМАНА”

2328 рет
көрсетілді

Шымкенттен шығатын жүз­деген газеттер жайында түрлі-түрлі әңгімелердің айтылатыны рас. Ондай-ондай гәптердің, яғни алуан-алуан пікірлердің себептері аз емес. Ол себептерді қалың оқырман қауым біршама біледі. Бір қуанар­лығы – қайбір жылдардағы қара­құрым “саржағал” басылымдардың қатары әлдеқайда азайған. Жұрт­шылықтың басым бөлігі газеттер мен журналдарды іріктеп қарамақ­қа, сұрыптап сіңірмекке сәл де болса бетбұрыс жасай бастағандай. Ненің не екені, кімнің кім екені бірте-бірте білініп келе жатқандай. Тіпті тәуелсіздіктің әуелгі тұс­тарында тым-тым тексіздікке таңылып, біржақтылыққа буылып, бірталай жылдар бойы мәдени-рухани әлемнің әптер-тәптерін шығарған біраз басылымдардың да бағыт-бағдарын біршама өзгертіп, маңыз-мазмұнын мәністеп, байыптылыққа беттегені байқалады. Бүгін біз сөз еткелі отырған “Замананың” жөні бөлектеу. Неге бұлай деп отырыппыз? Мұны сіздер “Замана” баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы, “Замана” серіктестігінің бас директоры, бүгінде бүкіл республика көлеміне тарайтын бірнеше басылымға және баспаға басшылық жасайтын кәсіби журналист, кәнігі кәсіпкер, қарымды қаламгер Иса Омармен жүргізілген әңгімеден аңғарасыздар. – Иса мырза, Оңтүстік Қазақ­стан облысында алғашқылардың бірі болып, бұқаралық ақпарат құрал­дары бойынша кәсіпкерлікті қолға алғаныңыз көзіқарақты қазаққа аян. Шымкенттен “Жас дәурен” де­ген тұңғыш тәуелсіз газет аштыңыз. Көп ұзамай ол “Заманаға” айналды. Данышпан Абай айтпақшы, бас­тауыңыз қалай болып еді? – Абай атамыз тәуекел туралы өзгешелеу өрнек салған ғой. Өзімді тәуекелшіл адамдар қатарында са­наймын. Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журналистика факуль­тетін бітіріп, нартәуекел деп, Тор­ғайға тартып отырдым. Арқалық қаласын­да, облыстық газетте екі жыл­дан аса еңбек етіп, шақырған соң Шым­кентке ауыстым. “Оңтүс­тік Қазақ­стан” газетінде жеті жыл­дай жұмыс істеген соң тағы да тәуе­келге бел буып, өзіңіз айтқан “Жас дәурен” – “Замананы” аш­тым. “Замана” өз оқырмандарын тауып, қаз-қаз тұра бастаған шақта әкімдік басқару жүйесі құрылып, қызықты әрі қым-қуыт өзгерістер басталды. Облысқа Марс Үркімбаев сынды ғалым әкім­дікке тағайында­лып, көп ұзамай-ақ баспасөз хат­шы­сы қызметіне шақы­рыл­дым. Бұ­рындары біздің билік пен басқару салаларында баспасөз хатшысы, баспасөз қызметі дегендер жоқ еді ғой. Марс Фазыл­ұлынан кейін Зауытбек Тұрысбеков, одан соң Халық Абдуллаев әкімдікке келді. Облыс әкімдерінің баспасөз хатшы­сы болып бес жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Ақырында баяғы “За­мананы” қайтадан қолға ал­мақ­­қа тәуекел еттім. Тақыр жерден бас­тадым. Жекешелендіруден титім­дей түйір жіп тимеді. Не үй жоқ, не күй жоқ. Қалта тесік. Міне, содан бері он жыл өтті. Өзіміздің өлшем­дермен қарасақ, аяғымыздан тік тұрдық деуге болады. Әлемдік әйдік деңгей­лермен пайымдасақ, біздікі қара­пайым ғана, жұпынылау тірлік қой... – Шымкенттен шығатын талай-талай тәуелсіз деп аталатын басы­лым­дардың басшылары да, қосшы­лары да “Заманаға” қызыға қарайды емес пе? Мінеки, Майлықожа көшесінен үш қабатты керемет ғимарат салып алдыңыздар. Жасау-жабдықтарыңыз да, жұмыс жағдай­ларыңыз да нағыз осы заманның, бүгінгі уақыттың талаптарымен үн­десіп, тәсілдерімен үйлесіп тұрыпты. Сонда да “қарапайым ғанамыз”, “жұпынылаумыз” дегендерді жиірек қайталайтыныңыз қалай? – Шымкент келешекте респуб­ликадағы үшінші қалаға айналуы тиіс деген пікірді Елбасымыз да айт­ты, жоғарылы-төменді буын­дарда осындай ой жиі қозғалады. “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүс­тік” деп аса ірі тұлғалар толғанған. Әрине, Оңтүстіктің орны бөлек, Шымкент өзгеше. Әлеуметтік-эко­но­­ми­­калық ірі-ірі реформалар жа­са­луда. Атқарылып жатқан тірлік­тер, жүзеге асқан жобалар аз емес. Оңтүстіктегі оңды істерді санама­лай бастасақ, әңгіме ұзап кетеді. Ал енді мәдени-рухани жағынан үшін­ші орынға ұмтыла аламыз ба? Таяу уақыттарда таудай-таудай талаптар­ға толық сай бола аламыз ба? Міне, мен “қарапайымбыз”, “жұпыны­лау­­­мыз” дегенде осы тұрғыдан келемін. Шынтуайтында, Шымкентке қатысты көзқарастарда қайшылық­тар басымырақ. Астанаңыз бен Алма­тыңыз, өзге де біраз өңірлер Оңтүстікті артта қалған аймақ деп санайды. Шымкент десе, “біртүрлі” болатындар әлі де көп. Мұның кейбір негіздері де жоқ емес. Руха­ни-мәдени деңгейлерде ала-құла­лықтар көзге ұрып тұрады. Мәсе­лен, Шымкентте неліктен дарын­ды, та­лант­ты тұлғалар онша тұрақ­тамайды? Талантты әншілердің, өзге де түрлі салалардағы талант­тар­дың Шым­кентте неге тұрғысы келмейді? Неге Алматыға, Астанаға көшіп кетеді? Бұл – өте үлкен сұрақ.Үшінші қала­ға айналатынына көздері жетің­кіресе, кетпес еді. Өкінішке қарай, осы аталған үдеріс тоқтаған жоқ. Бұны өзгерту үшін өзгешелеу жұмыс­­тар керек. Бірді-екілі шаралар емес, жүйелі жұмыс­тар жүргізілуі жөн. Өзгешелеу мақсаткерлікті көз­дей­тін, нақтылы бағдарларға бағыт­талған бағдарла­малар, жобалар жа­салғаны жөн. “Атмосфераны” өзгер­тетіндей ғылыми-мәдени ор­та­лық­тар, рухани орындар, тамаша концерт залдары болуы керек. Талант­тылар үшін жағдайлар жасалғаны жөн. Бұқаралық ақпарат құралдары жөнінде де “жұпыны” жақтарымыз жетіп-артылады. Шымкент үшінші қалаға айналу үшін тек экономика­лық реформалардың жемістері жет­кіліксіз. Руханият толыққандылығы қажет. Өзге жақтарды былай қой­ған­да, БАҚ бойынша биік-биік белес­терге көтерілуіміз керек. Мәде­ни-рухани деңгейдің ахуалы ақ­парат құралдары арқылы да ай­қын­далады. Мәдениеті аса жоғары, өркениетті елдерде мықты-мықты басылымдар тек астаналарда ғана, тек орталықтарда ғана шықпайды. Өзге де өңірлерде, алыстағы қала­лар­да да шығады. Кейбір көркейген мемлекеттердің шалғайдағы шаһар­ларында ірі-ірі газеттер мен журнал­дар, телеарналар аз емес. Ал біздің Шымкент бұл мәселелерден әзірше әлсіз. Мемлекеттік бола ма, жеке­мен­шік бола ма, жартылай мемле­кет­тік, жартылай жекеменшік бола ма, осы Шымкенттен де бірер ірі-ірі жобалар жасалса, ірі-ірі БАҚ-тар ұйымдастырылса дейміз. “Республи­калық” деген атты жамылған басы­лымдар бізде де баршылық. Бірақ... – Бұл айтқандарыңыз ерекше ескерер жәйттер екен. “Замана” газеті және “Замана” баспа үйінен шығатын бірталай басылымдар да “республикалық” делінеді. Олардың беталысы, тыныс-тіршілігі, таралым тағдыры нешік? – “Замана” баспа үйі оншақты газет шығарады. Әрине, негізгі га­зе­ті­міз – “Замана”. Бұл басты ба­сылы­мымыз – айрықша ақпарат­тарға арналған апталық делінеді. Әр апта сайын бір сәт те босаңсымай, оқырманды да босаңсытпай, ақпа­ратпен сусындатып отырмыз. Жиыр­ма мың таралыммен. Тұрақ­ты түрде. Біздегі бейресми газеттер­дің ішінде мұндай таралым жоқ. Белгілі бір “мақсаттарды” көздей­тін, жеке бір алпауыттардың жеке мүдделеріне ғана қызмет ететін, сойылдарын соғатын басылымдарға ұқсағымыз келмейді. “Замана” газеті қарапайым адамдарға анық та ақиқат ақпарат жеткізеді. Біздің газетіміз – рынок қабылдаған ба­сылым. Бір бөлігі жазылым арқы­лы, бір бөлігі бөлшек сауда арқылы таралады. Саудада ойдағыдай өтеді. Бейресми газет­тердің көпшілігі бұл жағынан ақсай­ды. “Замананың” оқырман­­дары әр нөмірден үлкенді-кішілі елу түрлі ақпарат алады. “Замана” бәрін жаза бермейді. Не болса соны жариялай бермейді. Керек-ау, аса қажет-ау деген дү­ние­­лердің маңызын, шыры­нын сы­ғып алып, саралап ұсынады.   Бү­гінгі таңда біздің оқырман­дары­мыз нені керексінеді? Міне, осыны ойдан шығармаймыз. Бізде бақай есеп жоқ. Біреулердің қолшоқпары болудан бойды аулақ ұстаймыз. “Егемен Қазақстанның” тоқсан жылдығына орай, бас басылымның жаңа ғимаратында арнайы сұхбат бергенде Елбасымыз БАҚ-тардың қарапайым жұртшылық үйренетін­дей үрдістерді үлгі етіп жазуы, көрсетуі керектігіне ерекше назар аударды ғой. Міне, біздің “За­манамыз” көбінесе осыған көңіл бөледі. Бұрыннан-ақ басты мақса­тымыз солайтұғын. Түрлі тәсілдер арқылы өнеге болар іс-әрекеттерді, тағылым алар тірліктерді, шағын және орта бизнесті жандан­дыру жол­дарын жазамыз. Адамға, қоғам­ға кері әсер ететін нәрселерді жариялау әдетімізде жоқ. Саламат­ты өмір салтын ұстанатындар, өз күндерін өздері көріп жатқандар, өз бизнестерін ашып, өрісті жолға түскендер, далада да, қалада да жоқ­тан бар жасап, өз шаруашы­лық­тарын жолға қойып алғандар туралы әр нөмір сайын беріледі. Әрине, кемшіліктерді де ашып көрсетеміз. Ал енді “Замананың” қосымша­лары іспетті оншақты басылым бар дедік қой. Олардың негізгілері – денсаулық мәселелерін мәністейтін “Ауырмаңыз”, имандылықты арқау еткен “Кәлима”, халықтың құқық­тық сауатын арттыруға арналған “Заңнама”, халықаралық жаңалық­тарға қанықтыратын “Шартарап”. “Замана” газетінен бастап, ба­сылымдарымыздың бәрі де рес­пуб­ликалық каталогқа енген. Жоға­рыда әңгімеледік қой, республика­лық деген атқа толық лайық болу үшін биік деңгейлерге көтерілу керек. Кім-кімге де. Қай басылым­ға да. Біз ондай асуларға әлі шыға қойған жоқпыз. Дегенмен, кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне өзіміз жетпесек те, сөзіміз жетіп жатқанына ризамыз. “Замана”, “Ауырмаңыз”, “Кәлима” газеттері Астананы, Алматыны, Қара­ған­ды­ны, Тараз бен Қызылор­да­ны айтпа­ғанда, Ақтөбе мен Ақтауға, Атырау мен Оралға, Қостанай мен Павлодарға, Семей мен Өскеменге, Көкшетау мен Жезқазғанға тарап жатыр. Тек қана “Ауырмаңыз” атты газетімізден мысал келтірейік. Ақтөбе облысының Шұбарқұды­ғында – 10, Шалқарында – 16, Ыр­ғызында – 17, Атыраудың Қорғал­жынында – 56, Сағызында – 60, Ганюшкиносында 191 адам жазылыпты. Шығыс Қазақ­станның Күршімінде – 142, Зай­санында – 82, Батыс Қазақстанның Жанқа­ласында – 21, Шыңғыр­лауында – 16, Қызылорданың Жаңа-қаза­лы­сында – 82, Маңғыстаудың Жаңаөзенінде 49 адам жаздырып алады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тағы да қайта­лайын, мұның бәрі де жоғары өлшемдер деңгейінен қарағанда жұпынылау көрсеткіштер. “Замана” баспа үйі бұл басы­лымдарды шығарумен қатар “За­мана” бейнестудиясын, “Замана” бас­па­ханасын, “Замана” баспасөз клубын, “Замана” баспасын ашқан. Бейнестудия заманауи техника түр­лері­мен жабдықталған. Білікті маман­дарға кенде емес. Деректі фильм­дерге, мерейтойлық баян­дарға, жарнамалық роликтерге, ән-клип­тер­ге тапсырыс бере аласыз. Баспа­хана – газеттер мен басқа да баспа өнімдерін шығарады. Баспа – түрлі жанрларда кітап әзірлейтін редак­ция­лық құрылым. Ал баспасөз клубында түрлі жиындар, басқосу­лар, баспасөз мәслихаттарын өткі­зу­ге болады. Елу адамға лайықтал­ған мәжілісханасы бар. Біздің баспамыз дайындап шығаратын шағын кітап­тар тәп-тәуір сұра­нысқа ие. Соңғы кездері “Айна­лайын тілің­нен!”, “Ға­лам толы ғажайып”, “Әдеп­тілік әліп­песі”, “Жас келін­дерге кеңес”, “Ер­те­гі оқып беріңізші, көке”, “Кел, ай­тайық тақпақ”, “Бата бере білесіз бе?” сияқты кітапшалар шығарыл­ды. Алдағы уақытта оқырмандар сұ­раныстарын жан-жақты, тереңі­рек зерттей түссек, басылымдардың да, кітапшалардың да сапасын арттыра түссек дейміз. – Шымкенттен шығатын газет­тер әлі де көп. Басқа басылым­дар да аз емес. Бірталайының атына өкпе-реніш айтылады. Осы саладағы әмбебап кәсіпкер, айтулы қаламгер ретінде бұл жөнінде қандай ойдасыз? – Бұл сала – менің өз салам. Қазақтың мемлекеттік университе­тін, оның журналистика факульте­тін тәмамдағанымды, Темірбек Қожа­кеев­тің “шекпенінен” шық­қанымды, өзім бүге-шігесін білетін салада бизнеспен айналысып жүр­генімді мақтан етемін. Қызғаныш, іштар­лық, күншілдік дегендер мен үшін өте жеккөрінішті. Өзгелердің жоғары жетістіктерге жеткеніне шын пейіл­мен қуанамын. Алайда, ауруды жасыр­­майық. Қай-қай салаларда да көп нәрсені “көлденең көк аттылар” бүлдіріп, былықты­рып жүр. Мәсе­лен, біздің “Қызық газетіміз” о баста тың, жаңа, қы­зық­ты жоба еді. Өкі­ніш­тісі сол, осы жобамыздың фор­ма­сын, дизайнын көшіріп алып, мақ­сатын басқаша­лап ұрлап алып, ұят-аятсыз пайда­ла­нушылар көбейді. Жүздеген “варианттар” пайда болды. “Қызық газетте” бейәдеп ештеңе жоқ. Ал әл­гіндей “варианттарда” анайы, тұр­пайы, жиіркенішті нәрселер жа­зы­лып, біздің атымызды былғады. Ақырында жап-жақсы жобамыз құлап тынды. Әрине, кәсіп үйрен­ген, жаңа нәрсе­лерді игеруге тырыс­қан жақсы. Бірақ, білетін кәсіппен, түсініп-түйсінетін тірлік­пен, меңгер­ген мамандықпен айна­лыс­қанға не жетсін?! Басқасы басқа, БАҚ пен білім салаларын­дағы денде­ген дерт аса қауіпті. Осы екі сала­дағы “көл­де­нең көк аттылардың” кесапаттары туралы қаттырақ ойлан­баса болмайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Мархабат БАЙҒҰТ.