• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қазан, 2017

Бауыржан Момышұлын Кубада көрген қазақ

515 рет
көрсетілді

Жақында Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында болғанбыз. Кітапханада кездескен бір оқырманымыз «Осы Чапаев ауылында әйгілі Бауыржан Момышұлымен Кубада кездескен қазақ тұрады» деген дерек айтты. Батыр Баукеңді айтқан соң елең етіп, сол кісімен жолығуға асықтық. 

 

Жасы 80-ге таяп қалған Бірлес Айтқұлов ағамыз өмір бойы ұстаздық қызмет атқарыпты. Әке­сі Хайруш қан майданнан орал­­маған. Орта мектепті Орал қала­­сындағы пансионнан бітірген аға­мыз 1956-1961 жылдар арасында Орал пединститутының фи­ло­логия факультетінде білім алған.

– 1961 жылы диплом алдым. Бізді комсо­молдық жолдамамен тың игеруге – Көкшетау облысының Ру­заев ауданына жіберді. Ол жер­де мектепте қазақ және орыс тілдерінен сабақ беріп жүрдім. Сөйтіп жүргенде келесі жылы мені әскер қатарына алып кетті, – деп еске алады Бірлес ағамыз.

Бірлес Айтқұлов алғашқыда Украин КСР-інің Ивано Франковск облысында әскери борышын өтепті. Бұл дүниежүзін діріл­деткен «Кариб дағдарысы» кезі болатын. КСРО мен АҚШ бас­таған екі әлем қатты текетіресіп, ядролық соғыс бұлты адамзаттың басына анық үйірілген кез еді. АҚШ-тың Түркияға баллис­тика­лық зымырандарын орнатуына қарсылық ретінде КСРО Кубаға зымыран орнатып, бүкіл Америка құрылығы дүрлігіп кеткен. «Бостандық аралына» Совет әскері мен қару-жарағы ағылып жатты. 1963 жылы 10 қазанда Ленинград айлағынан шыққан кеме бортында қатардағы жауынгер Айтқұлов Бірлес те бар еді. 

– 17 күн жол жүріп, 27 қазанда таңғы сағат 5-те Гаванаға жеттік. Астанадан 11 шақырым жерде тоғайдың ішіндегі құпия әскери бөлімге орналастырды. Әуе шабуылынан қорғанатын «СНР 75Н» деп аталатын қондырғыда оператор болдым. Міндетіміз әуе­ден ұшып келе жатқан ұшақты тауып, нысанаға алу еді, – деп еске алады Бірлес аға.

Бір қызығы – совет әскерінің Куба жерінде болғаны аса құпия сақ­талған. Солдаттар да әскери форма емес, жәй киіммен жүріпті. Құжатта да кейбірі «құ­рылысшы», кейбірі «турист» болып тіркелген. Елге хат жазғанда мекенжайы «Мәс­кеу, 400» деп қана жазылған екен.

– 1963 жылы Бауыржанды біздің бөлімге Рауль Кастро алып келді. Мемлекет басшысы Фи­дель Кастроның бауыры Рауль Қорғаныс министрі болатын. Әттең, сол кездесуде суретке тү­се ал­мадық. Сол кездесуде емес, Кубадағы бір жыл ішінде бізге су­­ретке түсуге мүлдем тиым са­­лын­ған болатын, – дейді Бір­лес аға.

«Дегенмен ретін тауып, «са­моволкаға» шығып тұра­тын­быз» деген кейіпкеріміз қытай Мануэль, мулат Капо атты куба­лық достары туралы сүйсіне әңгі­меледі. Қазақ, орыс тілдеріне жетік Бірлес аға аз уақыт ішінде испан тілін де үйреніп алыпты. «Испан тілі оңай екен, өзім тіл маманы болған соң ба, тез үйреніп алдым», дейді Бірлес аға. Арада 50 жылдан аса уақыт өтсе де испанша әннің бірнешеуін шырқап берген ағамызға мықты денсаулық тілеп, қош айтыстық.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы