Тарихтан белгілі, латын әрпі Рим империясынан бұрын Италия – Грекия жерлерінде мекендеген этрус өркениетінен бастау алады.
Содан бері қаншама ғасыр өтіп, аталған әріп бұл күнде тек Роман тобындағы тілдерді қолданатын елдердің ғана меншігі емес, бүкіл әлем қолданатын таңба болып, қазіргі таңда ең озық, ең бай тілдерді түрлендірген жаһандық құндылыққа айналды. Бүгінгі заманда дамудың озық даңғылына түскен мемлекеттер осы латын әрпін қолдануда. Олай болса, біз де латын әрпіне көшу мәселесін қолға алғанымыз өте орынды.
Латын әрпіне көшу қажеттігі – бүгінде дау туғызбайтын ақиқат. Мамандар ғана емес, басқа салалардың өкілдері де, бүкіл қоғам да бұл аксиоманы түсініп те, қолдап та отыр.
Жалпы, мемлекеттің күш, тірегі – халық болса, халықтың тірегі – тіл. Тіл дұрыс әріптеліп, дұрыс емленетін болса, мемлекеттің де бүкіл тіршілігі дұрыс жүреді. Тіл табиғатын сақтап, дұрыс қолданылса ғана адамдар да, мемлекеттер де бір-бірімен дұрыс қатынас жасай алады. Тіл қателікке ұрынса, қоғамның да, халықтың да, мемлекеттің де ішкі, сыртқы тіршілігі оңға баспайды. Сондықтан қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіру – мемлекетіміз бен халқымыздың өте маңызды әрі тарихи шешімі болып табылады.
Ендігі алда тұрған үлкен мәселе – сол латын әрпін қазақ тіліне дұрыс әрі ұтымды бейімдеу. Тарихтан белгілі: кезінде кириллицаға көшкенде кейбір елдерде дыбыстар дұрыс әріптелмегеннің салдарынан ол тілдер кейбір төл дыбыстарын жоғалтып алған болатын. Нәтижесінде ол тілдердің табиғаты бұзылып, дыбыстар өзгеше айтылып, оқылып жүрді. Әділін айту керек, қазақтың кириллицалық жазуы басқа тілдерге қарағанда біршама дұрыс болды. Соның өзінде де қазақ жазуына аракідік реформа жасалып тұрды. Айталық, 1953 жылы «Ұлы» деген сөздегі «ұ» (апокриф) алынып тасталды да, ол әріп «ұ» болып осы күнгі формада жазылды. Сондай-ақ 1957 жылы тілдің «үнемдік заңына» байланысты мәселен, «құмырысқа» деген сөз «құмырсқа» боп қысқартылды, ал жеке сөздегі «ый» деген екі таңба «и» деген бір таңбамен ауыстырылып, «жыйырма» сөзі «жиырма» боп жазылды. Қазақ тіліне жат аббревиатура енді, орыс, еуропа тілдерінен енген сөздер еш өзгеріссіз қолданылды. Міне, осы тектес кемшіліктер латын әрпіне көшкенде ескерілгені абзал.
Осыған қоса, мына бір жағдайды да есте ұстау керек сияқты. Қанша дегенмен, ХХ ғасырда қазақ тілі көп жағынан толығып, баий түскені белгілі. Соның нәтижесінде біздің артикуляциямыз кеңейіп, саналуандық қасиетке ие болды. Қазір қазақ тілінің артикуляциясы кез келген тілдің сөзін дәл береді: ағылшынның да, арабтың да, қытайдың да, испанның да, француздың да, т.б. Демек, латын әрпін енгізгенде, тиісті емле-ереже түзгенде артикуляциямыздың осы мүмкіндігін жоғалтып алмауды да ойластырған жөн.
Әрине, бірден мінсіз жаңа алфавит жасау оңай емес. Әзірше ұсынылып отырған нұсқаны тағы жетілдіре түйіп, бекіткен жөн сияқты. Өмір бір орында тұрмайды, әлі тағы да қажетті реформалар жасалар. «Көш жүре түзелер», –деген сөз осындайда айтылған шығар.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, ҚР ҰҒА академигі
АСТАНА