Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген көкейкесті мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу.
Естеріңізде болса, бұл жөнінде 2012 жылы Елбасының халыққа Жолдауында да қозғалған болатын. Ендігі кезекте Президентіміз латын әліпбиіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқылануы қажет екенін алға тартты. Сондықтан, күн тақырыбында өткір тұрған, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ой қозғауды жөн көрдім.
Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың 30-40 жылдары латын әліпбиі елімізде қаріп ретінде қолданыста болды. Сол жылдары ғылым-білім туындылары, жалпы іс-қағаздар латын әліпбиі негізінде жүргізілді. Менің әкем – Ұлы Отан соғысының ардагері. Әкемнің майдан даласынан туған-туыс, бауырларына латын қарпімен жазған хаттары әлі күнге дейін сақтаулы. Міне, осының өзі сол бір жылдары латын қарпінің кеңінен қолданғанын аңғартса керек.
Жуырда ауылдық округ әкімі аппаратында аға буын және жастардың қатысуымен өткен жиында осы мәселе қызу талқыланып, ой-пікірлерімізді ортаға салдық. Басқосуда ойы бір жерден шыққан жастардың «жаңару жазудан басталады» деген сөзіне разы болдым. Иә, латын әліпбиіне көшу – бір күнде шешілетін мәселе емес. Уақыт өте келе бәрі рет-ретімен өз жүйесін тауып, қолданысқа енетініне сенімдімін. Себебі, латын қарпі тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, отандық ғылым-білім саласының дамуына орасан ықпал ететіні анық.
Қорыта айтқанда, елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын игі бастаманы қазақ елі бірауыздан қолдайтынына кәміл сенемін.
Алпысбай ЖҰМАХАНОВ, Жамбыл аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы, «Пионер» өндірістік кооперативінің басшысы
Жамбыл облысы