• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қазан, 2017

Ризашылықпен қабылдадым

372 рет
көрсетілді

Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жайындағы мәселе алғаш аталғаннан бастап, оның жақтаушысы болып келемін. 

Латын қарпінің дүние жүзінде кең қол­даныста екені баршаға аян. Әсіресе ағыл­шын тілінің, ғылыми кітаптар мен материал­дардың, ғаламтордың қолданысы деген­дей. Бұл жерде жастарымыздың бүгін­де еш қиналмай латын қаріп­тер­мен жұмыс істейтіні хақ. Үлкен­дері­міздің де біра­зы 1929-1940 жыл­дары тілімізде қолда­ныста болған латын қаріп­терімен таныс екені белгілі.  

Егер өзіме қатысты айтар бол­сам, тәуелсіздігіміздің ал­ғаш­­­қы жылдарының бірінде Ұлт­тық қауіпсіздік органдарының архивіндегі 1937 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының 65 азаматын «халық жаулары» деп жауапқа тартқан қылмыс­тық іспен танысқаным бар еді. Сонда 8 томдық істің материал­дары бойынша қолданыста төрт түрлі графикамен жолықтым: орысша, қазақша кирилл, латын және араб (төте жазу) қаріп­тері. Арабша жазудан бас­қасын оқып-білу қиындық туғыз­ба­ған еді. Одан бөлек аға буын ақын-жазушыларымыздың ерте­рек­тегі шығармаларын, Ұлы Отан соғысы майданынан елге жет­кен аталарымыздың хаттарын оқы­ғаным да бар.

Тіліміздің жалпы латын қарпіне көшуі туралы алғаш  Пар­ламентке ұсынылған нұсқаны ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төралқа отыры­сында қарап, қатысқандар негізінде қолдаған болатынбыз. Бұл нұс­қаның әлі пісіп-жетіле­тініне сенім­ді болғанбыз. 

Кейінгі ғалымдар мен маман­дар ұсынған түрлі нұсқаларымен БАҚ таралымдары арқылы жал­пы жұртшылықпен бірге өз басым мұқият танысып жүрдім. Осы мәселенің көпшілік талқысына салынғаны өте орынды болды деп есептеймін. 

Диграфпен берілетін 8 дыбыс туралы нұсқаны мен де қабылдай алмай жүр едім. Ғалымдар мен тіл мамандарынан тұратын комиссияның Елбасымызға 9 қазанда жаңа жобаны ұсынғанын, оны Нұрсұлтан Әбішұлының негізінен құптағанын риза­шы­лықпен қабылдадым. Өйткені жан-жақты пікірлердің бәрін сара­лап, туысқан бауыр­лас елдердің оң тәжірибесін, жібер­ген қателіктерін, т.б. көптеген тілдік мәсе­лелерді жан-жақты ескеріп ұсынды деп ойлаймын. Мұн­дағы 32 қаріп тіліміздің барлық қажеттілігін қамтып отыр деп білемін. Осы жаңа нұсқаны не­гізі­нен мақұлдап, қолдауға арда­гер­лер қауымын түгелдей шақы­рамын. 

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,  республикалық ардагерлер  ұйымы Орталық кеңесінің  жауапты хатшысы