Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақстандықтардың рухани жаңғыруының бірегей жолдарын ұсынды.
Бүгін әрбір қазақстандықтың алдында өздігінен білім алу және өз білімін жетілдіру мақсаты тұр және бұл тұрғыдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қойылған стратегиялық мақсаттарды орындауда маңызды рөл кітапханаларға тиесілі.
Қоғамда, соның ішінде балалар, жасөспірімдер және жастар ортасында болып жатқан үрдістер мемлекет тарапынан өскелең ұрпаққа назар аударылуын талап етеді. Барлық уақытта кез келген қоғамда жас буын әлеуетті, ресурстық күштердің маңызды, авангардтық бөлігі болып келеді. Біздің балаларымыздың болашағының жарқын болуы, бәсекеге қабілеттілігі, өз бойына адамгершілік және мәдени салт-дәстүрлерді сіңіруіне байланысты болатыны сөзсіз. Балалық шақтан бастап, отбасында және кітапханада қалыптасатын білімге деген ынтызарлықсыз нағыз тұлғаны қалыптастыру мүмкіндігі бұлыңғыр. Кітапханашылардың түпкі бағыты – қазақстандық және әлемдік әдебиеттің аса маңызды үлгілерінің көмегімен балалар мен жастардың бойында игі қасиеттерді сіңіру.
Бұл үрдістің сенімді іргетасы болып балалар, жасөспірімдер және жасөспірім-балалар кітапханалары саналатыны даусыз. Алайда олардың әлеуметтік маңыздылығы мен әлеуетіне қарамастан елде әдістемелік, талдамалық және үйлестіруші орталығының болмауына байланысты балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істейтін орындарда күрделі жағдай орын алуда.
Қазір Қазақстанда психологиялық-жастық ерекшеліктерін ескере отырып, балаларға, жасөспірімдерге және жастарға арналған жас тұтынушылардың талаптарына сәйкес келетін кітапханалық-библиографиялық қызмет көрсетуді ұйымдастырудың айрықша жүйесін, ақпараттық ресурстарды қалыптастырудағы сараланған тәсілін, интеллектуалды үзілісті ұйымдастыруы бар мамандандырылған кітапханалар жүйесін ел көлемінде қалпына келтірудің өткір қажеттілігі туындап отыр.
Осы мәселенің негізгі шешімі талдамалық, үйлестіруші, ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік орталықтың, балалар әдебиетін зерттеу орталығының функцияларын жүзеге асыратын – жасөспірім-балалар кітапханасын құруда деп білеміз. Бұл кітапхана жоғарыда аталған функцияларды жүзеге асыра отырып, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың бөлімшесі ретінде құрылуы мүмкін.
Осындай кітапхананы құру елде ақпаратқа тең және еркін қолжетімділік қағидасына негізделген балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетудің заманауи үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Балалар-жасөспірімдер кітапханасын ұйымдастыру қажеттілігі қоғамымыздың саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өмірінде, техникалық ойлаудың, ақпараттық және өзге де технологиялардың, сондай-ақ кітапханалардың алдына мемлекет және пайдаланушылардың өздері қойып отырған талаптардың дамуында болып жатқан өзгерістерге байланысты екендігі даусыз. Сонымен қатар Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме жұмысының аяқталуына байланысты, соның негізінде Астана қаласында балалар мен жасөспірімдер кітапханасының функциялары мен міндеттерін атқаратын «жасыл кітапхана» құру мүмкіндігін қарауды Үкіметке ұсындық.
Динар НӨКЕТАЕВА, сенатор