Жуырда редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Ахтановадан хат келді. 1979 жылдан бері аталған ауылдың Абай атындағы орта мектебінде қызмет етіп келе жатқан педагог алдымен өзінің еңбек жолы жөнінде баяндапты.
16 жыл мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 7 жыл оқу ісі жөніндегі орынбасары және 7 жыл мектеп директоры қызметін атқарған Гүлнәр Уатханқызы аудандық, облыстық және республикалық деңгейде түрлі марапаттарға ие болған екен. Білім саласында бағындырған биіктерін растайтын марапат қағаздарының түпнұсқасын бірге жолдапты. Ал 2014 жылдың 17 қарашасында «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталады. Алайда дәл осы мерейлі күннің ертеңінде, 18 қараша күні мектептің бас есепшісі М.Көкенова, аспаз Б.Оразалина және мұғалім Г.Мамидолданованың жазған арызы негізінде оны облыстық тәртіптік кеңес директорлық қызметтен босату туралы ұсыныс жасайды. Осы ұсыныс негізінде аудандық білім бөлімі 2015 жылдың 25 ақпанында Г.Ахтанованы директор қызметінен алған. Не үшін деген заңды сауал туады. Хат иесі жолдаған тәртіптік кеңес шешімінің көшірмесіне үңілген едік. Онда 2008 жылдың 30 қыркүйегінен бері Абай атындағы орта мектеп директоры қызметін атқарып келе жатқан Г.У.Ахтанованың үстінен тәртіптік іс қозғалғаны, яғни мектептің 3 қызметкерінің директордың заңсыз әрекеті жөніндегі арызына сәйкес бюджет қаржысын мақсатты пайдалану және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды сақтау бойынша тексеру жүргізілгені, нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталғаны жазылған. Бұл қандай заң бұзушылықтар? Тәртіптік кеңес шешімінде көрсетілгендей, 2012 жылы шілде айында «Элхон строй» ЖШС директоры У.Шакаев мектеп директоры Г.Ахтановамен мектеп автобусын (тіркеу номері F 809 DK) қыркүйек айына дейін жалдау жөнінде келісім жасайды. Жалдау ақысына алынған 360 мың теңге мектептің есеп айырысу шотына енгізілмеген. 2012 жылдан бастап мектеп асханасында 216 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. 2012 жылдан бастап тексеру болған күнге дейін мектеп асханасында 216 оқушыдан басқа 10-15 оқушыға күнделікті тамақ сатып алынып отырған. Сондай-ақ әр сенбі сайын асханада орта есеппен 200-ге жуық самса пісіріліп, оқушыларға 35 теңгеден сатылған. Түскен ақшаны Б.Оразалина мектеп директоры мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Л.Әубәкіроваға және психолог А.Дүйсенбекқызына беріп отырған. Бұдан өзге 2013 жылдың қыркүйек айында Г.Ахтанова мектептің 10 техникалық қызметкерін жеке кәсіпкер М.Камалбекованың картобын жинауға үш күнге жіберген. Бұл көмек үшін мектепке 20 қап картоп берілген. Аталған картоп та мектеп асханасы арқылы игеріліп, қаржысы қалтаға түсіп отырған. Сондай-ақ 2014 жылдың 15-30 шілде аралығында зертханашы А.Махранованың орнына келісім бойынша қосымша (қызмет уақытынан тыс) А.Кекбаеваның жұмыс істегені, оған 10 мың теңге төленгені, бұл қаржының жартысын Г.Ахтановаға бергені айтылады.
Міне, мектеп директорының құқық бұзушылық әрекеттері тәртіптік кеңес шығарған шешімде осылай көрсетіліпті.
Ал мектептің бұрынғы директоры Г.Ахтанова бұл айыптаулармен келіспейді. Яғни мектепке асханадан түскен барлық қаржы арнаулы есепшотқа түсіп отырған. Мұны растайтын банк түбіртектері сақталған. Ал самса пісіру жоспары аудандық білім бөлімімен бекітіліп, қазынашылықтан өткендігі туралы құжаттары бар. Және 2004 жылдан 2014 жылға дейін мектептің өз өнімін өткізуі заңды болып танылып келген. Түскен қаржыны кірістеу, мектепке керекті заттарға жұмсау тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен қамқорлық кеңесінің мүшелері арқылы жүргізілген. Бюджеттен бөлінетін қаржы мектепті күтіп ұстауға, мәдени шаралар ұйымдастыруға жетпейтіндіктен, білім бөлімі қойған талаптарды орындау үшін қосалқы шаруашылық пен демеушіліктен түскен қаржы арнайы есепшот арқылы мектептің мұқтажына пайдаланылған.
Ауданның басқа мектептері сияқты біздің ұжым да 2003 жылдан бастап қосалқы шаруашылықпен айналысып, мектеп оқушыларына күнделікті тегін тамаққа бөлінген 70 теңгенің орнына 100-120 теңгенің тегін тамағын беріп келді. 2012-2013 оқу жылында тегін тамақтанатын 177 балаға қосымша өз есебімізден 23 оқушыны тамақтандырып, тегін тамақтанатын оқушы санын 200-ге жеткіздік. Қосалқы шаруашылық есебінен бюджеттің тегін тамаққа бөлінген қаржысынан 2010 жылы – 150 мың теңге, 2011 жылы – 398 мың, 2012 жылы 100 мың теңге қаржы үнемделіп, мемлекетке қайтарылды. Барлық қаржының жұмсалуы туралы түбіртектері мен актілері, аспаздың есебі кассациялық сотқа берілген. Сондықтан мені кәсіпкерлікпен айналысты деген тәртіптік кеңестің желеуі заңсыз, деп жазған екен хат иесі.
Оның үстіне мектептің 2,7 гектарды құрайтын бақшасы бар. Оған мектептің қамту қызметкерлері көкөніс егеді әрі шаруа қожалықтары да бақша өнімдерін ақысыз беріп отырады. Аудан бюджетінен бөлінетін қаржының аздығына байланысты бұл көкөністер оқушылардың тағамына қосылып беріліп отырады. Г.Ахтанова алынған өнімнің кестесі мен құжаттарының барлығын хатқа тіркеп, бірге жолдапты.
Редакциямыздан араша сұрап, әділдік іздеген Гүлнәр Уатханқызымен Зайсан ауданындағы жұмыс сапарымыздың аясында кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдаған едік. Айтуынша, 2012 жылы да үстінен арыз жазылып, тексеру болыпты. Ал 2014 жылы министрліктің төсбелгісімен марапатталған күннің ертеңінде-ақ екі жыл бұрынғы іспеттес арыздың құзырлы органдарға қайта түсуі ішке шынашақ айналмайтын қызғаныштың көрінісі дейді ол. Өзі аудандық мәслихаттың депутаты болғандықтан, төсбелгіні мәслихат хатшысы мен білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағасы арнайы келіп, ұжым алдында табыс еткенін айтады. Бұл кезде мектептің әдістемелік кеңесі өтіп жатқан болатын. Жиында арызға қол қоюшының бірі, бұрын оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істеген Г.Мамидолданова да отырды. 2012 жылы жазылған арыздың иесі де Мамидолданованың туысы екен.
– Мен кейін сот материалдарымен танысуға мүмкіндік алып, арыз жазушының берген түсінігін көрдім. Онда Г.Мамидолданова асханадан алған 32 мың теңгені директорға апарып бергенін жазады. Түбіртекке қарасақ, бұл қаржының банкке қайырымдылық қорының есепшотына салынғанын көруге болады, – дейді Г.Ахтанова.
«Білім беру туралы» заңға сәйкес, мектеп ұжымдары қосалқы шаруашылықпен айналысуға құқылы. Өнімнен тапқан пайда мектептің қажетіне жұмсалады. Оған мектеп ұжымы, қамқоршылар кеңесінің мүшелері қол қояды. Бұл ретте мектепте ақылы қызметтің жоспары жасалып, оны аудандық білім бөлімі бекіткен. Г.Ахтанова аталған ақылы қызмет жоспарын мектептің бас есепшісі әдейі жасырып қойғанын, тексеру кезінде бұл құжатты таппай қалғанын айтады.
2006-2011 жылдар аралығында мектептің оқушыларды тасуға арналған жеке автобусының қажеттілігі үшін бюджеттен ешқандай қаржы қарастырылмаған. Тіпті мектеп меншігіне алу кезінде аудан әкімі орынбасарының берген анықтамасында автобустың шинасы жоқ, двигатель блогінің сызатты екендігі жазылған. 1991 жылғы ескі көлік екеніне қарамастан, «Элхон строй» ЖШС автобусты жөндеп, уақытша пайдалануға және белгілі жалдау ақысын төлеуге келіседі.
– Фирманың екі айға жалдау ақысына төлеген 360 мың теңгесін мен және тәрбие ісінің меңгерушісі, есепші, хатшы және психолог бар, бәріміз санап алдық. Кейіннен бұл қаражатты есепшінің арнайы шотқа әдейі түсірмегені анықталды. Яғни қайта-қайта қоңырау шалса да есепшотты дұрыс айтпаған. Сондықтан фирма жетекшісі Өскеменнен арнайы келіп, қаржыны өз қолымен беріп кетті. Бұл қаржы да мектептің қажеттілігіне жұмсалды, дейді Г.Ахтанова.
Сондай-ақ зертханашының жұмыс істеуіне мүмкіндік бергенімен, еңбекақының 5 мың теңгені құрайтын жарты бөлігін алғаны тәртіптік кеңес барысында дәлелін таппады. Дегенмен, тәртіптік кеңес шешімі бойынша тағылған айып өзгеріссіз қалды. Сол сияқты Қамалбекованың картобы да қосалқы шаруашылық өнімі ретінде оқушылардың тегін тамағына жұмсалған.
Міне, арызда көрсетілген жайттар дұрыс дәлелденбегеннен кейін Гүлнәр Уатқанқызы тәртіптік кеңестің шешімімен келіспей, аудандық сотқа жүгінеді. Зайсан ауданының соты Г.Ахтанованың қызметін қайта қалпына келтіргенімен, аудан прокуроры істі апелляциялық сотқа береді. Оған осы сот отырысында арызға қол қойған мектеп есепшісінің «Сонда 5 жыл ішінде түскен 710 мың теңгенің қайда жұмсалғаны белгісіз болып қалды» деген сөзі негіз болады. Апелляциялық сот прокурордың наразылығын қанағаттандырды. Бұл шешіммен келіспеген Г.Ахтанова кассациялық сотқа жүгінеді. Алайда кассациялық сот апелляциялық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, құқық қорғау органдарының арасында қақпақыл болып, салы суға кеткенде «Нұр Отан» партиясы қызметкерлері Г.Ахтановаға Қ.Қожамжаровтың қабылдауына онлайн арқылы қатысуға кеңес береді. 2015 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаровтың онлайн-қабылдауында болғаннан кейін, Азаматтық-процессуалдық кодекстің 404-бабына сүйене отырып, заңды күшіне енген сот шешімін апелляциялық сотта қайта қарауға беруіне толық құқылы екендігі туралы жауап алады. Бірақ Астанадан келген жауапта тексеру қорытындысы нақты, толық жазылмаған дейді Г.Ахтанова. Бұдан кейін де әділдік іздеп, сарсылған шағымданушы әр есікті күтумен табалдырық та тоздырғанын, уақыт та оздырғанын жеткізді. Айталық, агенттік берген жауапты негізге алып, апелляциялық сотқа қайта шағымданғанымен, аудандық білім бөлімінің мекен-жайы көрсетілмегені үшін шағым кері қайтарылады. Және жаңа жылда заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілгеннен соң кассациялық сотқа беруге болатындығы туралы кеңес беріледі. Ал 2016 жылы кассациялық сотқа жүгінген оған апелляциялық сот шешімінсіз кассациялық сот болмайтындығы айтылады. Осылайша, апелляциялық сотқа қайта оралғанымен, ондағылар өтініш хат жазбағанын айтып, тағы кері қайтарады. Өтініш хатты аудандық соттың мақұлдауымен қайта өткізгенінде, апелляциялық сот қабылдап алғанын растайтын бұрыштама соққанымен, кейіннен шағымданушыға тағы да өтініш хаттың болмағанын алға тартады. Яғни шағымданушының бір барған жеріне сан баруына тура келді. Былтыр 1 тамызда өткен апелляциялық сот әуре-сарсаңға салған істі аудандық сот шешімінің кемшілігі деп ұйғарады.
Сот шешімінің шалағайлығы үшін мен неге жапа шегуім керек? Менің сандалысым аяқтала ма, аяқталмай ма? Кімнен араша күтемін? Кім мені қорғайды, деді ашынған педагог. Бұдан кейін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы мен прокуратураға шағымданғанымен, бұл істің нүктесі әлі қойылған жоқ. Өйткені тәртіптік кеңестің отырысынан кейін мектептің кәсіподақ ұйымның жиыны өтіп, ұжым мүшелері бас есепшінің қызметін тексеру жөнінде ортақ ұйғарым шығарған екен. Осы арқылы ревизиялық тексеру кезінде есепшінің мектеп директорының сыртынан қол қойып, қаншама қаржыны жеке пайдасына асырғаны, ұжым мүшелерінің зейнетақы қорына тиісті қаржыны аудармағаны, әріптестерінің іссапар шығындарын бермеуі сияқты келеңсіздіктері белгілі болды (11.01.2017 ж. облыстық сот-сараптама институтының №94 қорытындысы бойынша қойылған қолдардың Г.Ахтанованікі емес екені анықталды).
Мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына байқау жарияланған сәтте жеке мүддесін өткізуді көздегені де есепшіге еш зиян тигізбеді. Үш мәрте ревизиялық тексеріс кезінде қаржылық шалағайлықтар анықталғанымен, есепші өз қызметін әлі жалғастырып келеді, дейді ол.
Бізге жолдаған құжаттардың арасындағы республиканың Бас прокурорына жолдаған хатқа назар аудардық. 2014-2015 оқу жылында мектептің толық күрделі жөндеуден өткені, екі жылға жоспарланған жөндеу жұмыстарының екінші жылға қалдырылмай жаңа оқу жылында мектепте сабақ басталғаны, осы кезден бері мектеп директорына жала жабылып, біржақты тексерулер жүргізілгені айтылған екен. Көреалмаушылықтан туындаған, қиыннан қиыстырып жала жабушылардың іс-әрекетіне нүкте қойып, ақ-қарасын әділ шешіп беруді сұраған мектептің кәсіподақ комитеті мен педагогикалық және қамту құрамының мүшелері, барлығы 60-тан астам адам қол қойған. Осы іспетті хатты Жоғарғы сот Төрағасы мен Бас прокурорға аудандық мәслихат аппараты да жолдаған. 2017 жылдың 17 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ШҚО бойынша департаментінің басшысы С.Потанин Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Б.Камаловқа Г.Ахтановаға қатысты Тәртіптік кеңес шешімін қайта қарау туралы ұсыныс жасағанымен, шешімнен кейін сот отырысы болғанына байланысты сот шешімін өзгерте алмайтындығын алға тартқан.
Біз осы орайда екінші тарапқа да хабарласып, олардың уәжін тыңдауға құлықты екенімізді жеткізіп, электронды мекен-жайымызды да бердік. Бірақ ол тараптан ешқандай түсініктеме берілген жоқ. Сондықтан бүгінге дейін құқық қорғау органдарының ортасында әрі-сәрі күй кешіп, әділдік таппай келе жатқан Г.Ахтанованың жайын жеткізгенді жөн көрдік.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»