• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2011

Балдырғандар «Балдәуренге» барады

318 рет
көрсетілді

Жуырда Арқалық аумағына қарасты Фурманов ауылында «Балдәурен» балабақ­шасы ашылды. «Балапан» бағдарламасы аясында жаңадан тұрғызылған екі қабатты ғимаратта бұйыртса, 60-қа жуық бүлдіршін тәрбие алмақ. Бір-екі жыл бұрын аталған ауылда заман талабына сай келетін орта мектеп, отбасы­лық дәрігерлік амбулатория, сырты мен іші әсем безендірілген мешіт бой көтерген еді. Сонымен қатар, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп ауыл жастарын бір қуантып тастаған. Қазіргі таңда Фурманов ауылы – инфрақұрылымы дамыған елді мекен. Жаңа балабақша да аталған жетістіктер қатарында жыл сайын көркейіп келе жатқан ауылдың тұрғындарын зор қуанышқа бөлеп отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген «Балдәуреннің» ашылу салтанатына халықтың иін тіресе келуі осының айқын дәлелі іспеттес. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дегендей, мектепке дейінгі тәрбие берудің маңы­зы зор екені сөзсіз. Бүгінгі заманда жан-жақты әрі заманауи жабдықталған балабақ­ша болуы игілікті іс. Бұл мақсатты қала басшылығы үнемі назарда ұстауда екенін айтқан абзал. Осы орайда бүлдіршіндердің бастапқы тәрбие алуларына өздерінің үлесін қосып жатқан шағын орталықтарға тоқтал­ған орынды болар. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық инсти­ту­тының қарамағында осындай бүлдіршін­дерге арналған орталық игі іске ұйытқы болуда. Шағын орталықтарда балабақшадағы орын тапшылығы мәселесінің шешілуімен қатар, болашақ педагогтарға балалармен жұ­мыс жасауға машықтануына, мол тәжі­рибе алуына зор мүмкіндік қарастырылған. Бұрын мұндай шағын орталық Фурманов ауылында да болғанын ескерсек, жыл санап демографиялық өсімі ұлғайып келе жатқан ауылда қала басшылығы толық балабақша тұрғызуды жөн санапты. Екі қабатты ғимаратты балабақшаға лайықтап, күрделі жөндеуден өткізу үшін қалалық бюд­жеттен 10 миллион теңге бөлініп, қала қаражаты есебінен жаңа жылу жүйесі тартылған. Балабақша штатын құру мен оның жалақысын төлеу шығындарын өтеу мақсатында республикалық бюджеттен 5 миллион теңге қаржы аударылған. Қызғалдақ БАЗАРБЕК. Қостанай облысы.